|

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, республикалық аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанай жұмыс сапарымен ауданымызға келді. Назипа Ыдырысқызы аудандық әкімдіктің мәжіліс залында «Өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және қолдау көрсету» бойынша аудандық мобильдік топ мүшелерімен кездесті. Кездесуге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Отбасын қолдау орталығы» жобалық офис жетекшісі Темур Мұратов, Жамбыл облысы әкімі аппаратының қоғамдық даму бөлімінің бас инспекторы
Зәуре Тұрғынова, Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Еркін Келесов, Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали арнайы қатысты. Жиынды аудан әкімі Олжас Баққараев ашып, жүргізіп отырды. Аймақ басшысы өз сөзінде ауданда «Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және қолдау көрсетуді ұйымдастыру бойынша аудандық 9 адам және ауылдық округтер бойынша 217 адам құраммен, барлығы 226 адам мобильдік топ құрылып, бүгінгі күнге FCM Social платформасы арқылы 118 дабыл түскенін айтты.
 Бұдан әрі Нәзипа Шанай сөз алып, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың негізі - берік отбасы екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әрбір жанұяға қолдау көрсету – тек мемлекеттік құрылымдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ парызы. Сондықтан мобильдік топтардың қызметі отбасыларды тығырыққа тірейтін жағдайларды алдын ала анықтап, қажетті бағыт-бағдар беру тұрғысынан аса маңызды. Жиын барысында балалардың тәрбиесі, ата-аналардың жауапкершілігі, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға көмек көрсету тетіктері де сөз болды. Кездесуден соң Нәзипа Шанай “Отбасын қолдау орталығына” барып, орталықтың жұмысымен танысты.
Өз тілшіміз. |
|
Обновлено 26.08.2025 11:23 |