|
Конституция - заң үстемдігі берік орнап, қоғамның ілгері дамуына қызмет ететін айрықша маңызды құжат болып табылады. Тарихқа жүгінсек, Қасым ханның «Қасқа жолы» мен Есім ханның «Ескі жолы» ел болуымызға көп септігін тигізді. Ал Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бүгінгі Ата Заңымыздың алғышарты ретінде тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Дала заңдарынан кейін ең алғашқы Конституция Қазақ Автономиялы Республикасы кезінде 1926 жылы 18 ақпанда қабылданған. Одан кейін 1937, 1978 және 1993 жылдары бекітілді. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан соң тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған Негізгі Заң - 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Конституция. Бұл құжатты
талқылауға 3 миллион 345 мың адам қатысқан екен. Қазақстан Республикасының Конституциясы ең жоғары құндылық ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітті. Бұл қағида – демократиялық мемлекеттің қызметі мен оның халықаралық құқықтық міндеті. Халықтың тұтастығы, өзара сыйластық, басқа мемлекеттермен достық қарым-қатынас орната алу, экономиканың дамуы, жоғары мəдениеттілікке қол жеткізу – осының бəрі де тек қана халықтың ауызбірлігі арқылы жүзеге асырылады. Барлық заңдардың бастауы-Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 30 жыл толып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен үш жыл бұрын Конституцияға өзгерістер енгізілді. Жаңартылған басты құжат азаматтардың құқығы мен халықтың мүддесін қорғауда жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Әділетті мемлекеттің басты сипаттамасы-заң үстемдігін іс жүзінде жүзеге асырумен көрініс тауып, жаһандық және аймақтық сын-қатердің талаптарына жауап беретіндігін жақсы білеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ата Заң-мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі әрі еліміздің саяси және қоғамдық құрылысын, айнымас құндылықтары мен даму жолындағы стратегиялық бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз. Жалпыұлттық референдум арқылы жаңартылған Конституциямыз ұлтты ұйыстырудың нағыз символына айналды. Сондай-ақ негізгі заңымыз елдің саяси жүйесін демократияландыруды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін ауқымды өзгерістердің берік тұғыры саналады”,- деп бұл күннің айрықша маңызға ие екенін жеткізді. Конституция-мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің айнымас бағдары. Кемел келешегіміздің кепілі. Ата Заң мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын, ата-бабаларымыздың ар мен намыстан тұратын бірлік, тыныштық идеясын өз бойына сіңірді. Еліміздің өсіп, өркендеу жолына түсуіне қазіргі қолданыстағы Конституцияның жасаған ықпалы өте зор. Бүгінге дейінгі саяси, экономикалық және қоғамдағы жетістіктердің барлығы осы Конституцияның арқасы. Ата Заңымыз-барлық заңдардан жоғары күші бар заң. Ол мемлекеттегі әрбір адамның еркін, тең, азат, бақытты өмір сүруі үшін соны қамтамасыз ететін, іс-әрекеттерін, құқықтарын айқындайтын, мүдделерін, меншіктерін қорғайтын заң болып табылады. Әрбір қазақстандық Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді. Сондықтан Ата Заңның әрі бабын құрметтеу - әр азаматтың міндеті мен парызы.
Несіпкүл Байжанова, шаруа қожалығының төрайымы, ауданның Құрметті азаматы. Бурыл ауылы. |