|

Әр аптаның жұмасында бекітілген кесте бойынша өтіп жатқан «Ауыл кеші көңілді» атты мәдениет және өнер фестивалі Байзақ ауылында өтті. Бұл жолы Үлгілі және Қостөбе ауылдық округтерінің өнерпаздары өнер көрсетіп, жиналғандарға ұмытылмастай әсер сыйлады. Кеш басталар алдында әділқазылар алқасы қолөнер шеберлерінің туындыларын аралап, өзге ұлт өкілдерінің орындауындағы ән мен биді тамашалады. Жартылай тігілген киіз үйлерде ақжаулықты аналар халық әндерін әуелете шырқады. Үлгілі ауылдық аналар кеңесінің мүшесі, қолөнер шебері Әлимаш Жәдігерқызының
қолынан шыққан тұрмыстық бұйымдар: киіз, төсеніш, құрақ көрпешелерге сұраныс артты. Ұлттық құндылықтар дәріптеліп, күнделікті пайдаланатын құралдарға қысқаша ақпарат берілді.
 Сондай-ақ “Әулиеата” көкпар командасының капитаны, көшпенділер ойындарының жеңімпазы Есжан Құрманбай, Ереван қаласында халықаралық жасөспірімдер арасында өткен самбо күресінің жеңімпазы Асқар Тоқмағамбет, китбокстан халықаралық турнирлердің жеңімпазы Сабыр Әлибидің жетістіктері көрсетіліп, таныстырылды. Ұлттық “Тұмақ ұру” ойыны көпшілікке үлкен әсер сыйлады. Қос ауылдың өнерпаздарының орындауында “Болашағы біз елдің”, “Бақыт құсы”, “Сұлу құдаша”, “Қызбала гүл”, “Жақсы адамдарым”, “Анаңды сүйсең- менше сүй”, “Менің досым”, “Атамекен” әндері шырқалды.
«Ауыл жаңалығы» - ақпарат. |
|
Обновлено 26.08.2025 11:09 |