Онлайн газет



АРМАНҒА ҚАНАТ ҚАҚҚАНДАР

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Адамның тағдыры табиғаттың төрт мезгілі іспеттес. Өмірдің ең қымбат та қайтарылмас асыл қазынасы – жастық шақ. Ал, мектеп табалдырығынан түлеп ұшып бара жатқан жас жеткіншектер арманы - жаңа белестерге қадам басу. Өткен аптаның жұмасы күні аудан орталығында мектеп бітіруші түлектердің салтанатты  фестивалі — «Байзақтың үздік түлектері» думаны жылдағы дәстүрмен ұйымдастырылды.
Әдемі кешкі көйлек үлгілерінің түр-түрін көрсетіп, сәні мен салтанаты жарасқан думанды фестиваль жұртшылықты аудан әкімдігі алдындағы орталық алаңға жинады.  Жиылған түлектерді құттықтауға олардың ата-аналары, ұстаздары келіп, фестиваль қатысушыларына ақ жол тілеп, баталарын беруге кештің құрметті төрінен табылды.
637 түлек биыл аудан мектептерін тәмамдап, еліміздің әр түпкіріне оқуға аттанып жатыр. Туған ауылдан, балалық шағы өткен мектептен естелік қалсын деген ниетпен мектеп бітіру кешімен қатар, жыл сайын аудан орталығындағы алаңда жастар фестивалі өтеді. Биыл да осы фестиваль аясында аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынып, көпшіліктің көңілінен шықты.
Сарыкемер және Ш.Уәлиханов орта мектебінің мұғалімдері А.Миралиева мен Е.Баймамыров жүргізген фестиваль «Мектеп бітірушілер вальсі» биімен ашылды. Вальс аяқталысымен сахна төріне «Алтын белгі», «Үздік аттестат» және 100-ден жоғары бал жинаған мектеп бітірушілер шақырылып, белгіленген орындарға жайғасқан соң түлектерді аудан әкімі Мұратхан Жүнісәліұлы құттықтады.
-Қымбатты мектеп түлектері! Құрметті қонақтар, мұғалімдер, ата-аналар! Баршаңызды  оқу жылының сәтті аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Жастар – біздің еліміздің стратегиялық ресурсы, яғни жарқын болашақ бүгінгі жастардың  қолында»  деген  болатын дей келе, елдің болашағы жас ұрпақтың білімімен өлшенетіні бүгінгі таңда ақиқатқа айналып отырғанын жеткізді. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге ауданымыздағы 637 мектеп бітірушінің 486-сы қатысты. 7 түлек «Алтын белгі», 2 түлек «Үздік  аттестат»  иегері атанды. Бұл – түлектердің, олардың ата-аналары мен ұстаздарының қажырлы еңбегінің  нәтижесі. Сіздер бүгін жалпы орта мектепті бітіріп, үлкен өмір жолына жолдама алып отырсыздар. Мектеп бітіру кеші – болашаққа бастау алар ақ жол. Биікке ұмтылған әр түлек өз шыңын бағындырып, Отанымыздың дамуына ерен үлес қосатын, жастық жалын, іскерлік қарым-қабілетімен ерекшеленетін азамат болатынына сенемін. Сіздер еліміздің қай түкпірінде жүрсеңіз де, өз мектептеріңді, білім нәрімен сусындатқан ардақты ұстаздарыңызды ұмытпаңыздар, – деді құттықтауында аудан басшысы.
Мұратхан Шүкеев ҰБТ-да аудан бойынша ең жоғары көрсеткіш – 104 пен 120 балл аралығында жинаған «Алтын белгі» иегерлері – А.Тұрарова, Ғ.Тыныштықова, Қ.Ебелекбаева, Б.Көшкімбаев, А.Курбанова, І.Мұхаш, Б.Болтабаевтарға естелік сыйлық ретінде планшет пен төсбелгілерін табыс етті.Бұдан соң жастар әкіммен бірге естелік суретке түсіп, түлектер өз кезегінде алғыстарын жеткізді.
Салтанатты жиында алаң төріне үздік аттестатқа ие болған түлектер – Р.Тулегенова, Ә.Қожамқұлова, 100-ден жоғары балл алған түлектер – Ғ.Шолпанқұл, С.Рысқұлбекова, А.Орынбасарова, А.Тұрсынхан, Л.Айтқұлова, А.Әзімова, А.Қуатова, Р.Нурмуханов, М.Жақсылықова, Р.Куйшыбаева, И.Абсадикова, С.Сатанова, З.Жапарбаева, Д.Каримовалар, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың, спорттық додалар мен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары шақырылып, оларға ілтипат көрсетілді.
Сахнаға көтерілген «Алтын белгінің»  иесі Ғ.Тыныштықованың анасы Р.Тоқбаева, С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің директоры Е.Әбілдаевтар түлектерге ақ жол тілеп, ізгі ниеттерін жолдады.
«Алтын белгі» иесі, ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша ең жоғары балл жинаған Ленин атындағы орта мектептің түлегі А.Тұрарова «Білім кілтін» жаңа оқу жылының «Алтын белгіге» үміткері Н.Киікбаев орта мектебінің оқушысы  Н.Рысбаевқа табыс етті.
Өнерімен елге танылып үлгерген мектеп оқушыларының орындауындағы  «Мектеппен қоштасу», «Тек, алға!»,  «Мереке» әндері мен «Қазақ биі» жиылған қауымның мерекелік көңіл күйлерін шалқыта түсті.
Құттықтаулар легі толастай келе, алтын ұяларынан асқақ армандарына қанат қаққалы тұрған балауса бойжеткендер мен бозбалалар 11 жылғы білім сапарында бой мен ой жарыстырып, сырласып өскен сыныптастарымен шыр айнала вальс биледі. Осы сәт жанарға жас үйіріп, көңілді қимастық кернеп, түлектер аспанға газ толтырылған шарлар мен «Бақыт құсын» ұшырған соң,  «Қоштасу» вальсі орындалды.

Обновлено 26.06.2014 09:21
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1051
mod_vvisit_counterКеше2058
mod_vvisit_counterОсы аптада5144
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда1051
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2252720

Серіктестер