Онлайн газет



ТАЗАЛЫҚ АУЛАДАН БАСТАЛАДЫ

Тазалық - денсаулық кепілі. Тазалық пен жайлылық салтанат құрған жерде береке ұялап, адамдардың көңіл-күйі көтеріңкі болады. Соңғы кездері тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып,  табиғатты қорғауға, халықты қоршаған ортаны ластамауға үйрету мақсатында қолға алынған іс-шаралар жемісін беріп келеді. Мәселен, тазалықты өнеге ету мақсатында ауданымызға қарасты барлық елдімекендерде жыл бойына экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілуде.
Мемлекет басшысының пәрменімен былтырдан бері қолға алынған “Таза Қазақстан” жалпыхалықтық экологиялық акциясы аясында түймекенттік тұрғындар да ауыл тазалығына үлкен үлес қосуда. Жиналып қалған күл-қоқыстар арнайы орынға шығарылды, тал-дарақтар егілді, көпшілік демалыс орындары ретке келтірілді.
Ауыл тазалығы ауладан басталады. Тазалықты сақтау - мәдениеттің бір түрі. Үйдің кіре берісінен бастап, оның тазалығын сақтау, сонымен қатар көше тазалығын да назардан тыс қалдырмау,  ауылдың көрікті де ажарлы болуына үлес қосу - әр азаматтың белсенділігіне, жанашырлығына тікелей байланысты. Жалғыз адам қанша жерден қоршаған ортаның тазалығы үшін тер төккенімен, тазалық  орнықпайды. Сондықтан  өзіміз өмір сүріп отырған ортамыз жайлы, қауіпсіз, таза болуы үшін  табиғатты қорғауға, оның байлығын көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Әсіресе өсіп келе жатқан жас буынды қоршаған ортаны күтіп, аялай білуге үйрету - парызымыз. Егер ата-аналардың өздері қоқыстарды кез келген жерге тастайтын болса, балалары да көргенін жасайтын болады. Сол себепті үлкендер, соның ішінде ата-аналар өздерінің әрбір іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарап, перзенттеріне үлгі көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, әрқайсымыз балмұздақ, қытырлақ нанның сыртқы орамаларын тастап, сусындардың бөтелкесін лақтырып тастайтындарға ескерту жасап, тастаған жерінен көтеріп, арнайы қоқыс жәшігіне тастауды талап етуіміз керек. Сонда ғана балалар да, үлкендер де тәртіпке бағынатын болады, әрі тазалықтың сақталуына үлесін қосары анық.

Бақтыгүл  ӘбдібАйқызы.
Түймекент ауылы.

 

Халыққа жолдау

 

 

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін2220
mod_vvisit_counterКеше4321
mod_vvisit_counterОсы аптада2220
mod_vvisit_counterӨткен аптада28488
mod_vvisit_counterОсы айда57165
mod_vvisit_counterӨткен айда126502
mod_vvisit_counterБәрі3700433

Серіктестер