Онлайн газет



Міндетіне адал мемлекеттік қызметкер

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Кез-келген қызметтің өзіне тән қуанышы мен қиыншылығы, тиісті заңдылықтарына сәйкес жауаптылығы да жетерліктей. Әсіресе, солардың ішінде мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметкерге жүктелетін жұмыстың ауқымы мейлінше күрделі әрі зор жауапкершілікті қажет ететіндігі сөзсіз. Бұл тұрғыда әрбір мемлекеттік қызметкерден ең алдымен білімділік, біліктілік және мәдениеттілік қатаң сұралады. Осындай үдеден шығып келе жатқан Байзақ ауданы әкімдігінің ветеринария бөлімінің басшысы Қыдырәлі Ораловты жұрт жақсы маман, іскер басшы, міндетіне адал мемлекеттік қызметкер ретінде таниды.
Ол 1951 жылы 10 қаңтар күні Ақжар ауылында дүниеге келген. Осындағы орта мектепті бітірген соң, арман қуып Алматыдағы зоотехника-мал дәрігерлік институтына оқуға түсіп, оны 1973 жылы бітіріп шығады.  Сол кездегі қатарластары секілді мұғалім немесе есеп маманы болуды емес, мал дәрігері атануды армандаған жас жігіттің бұл саланы таңдауының да өзіндік түсінік-пайымы бар. Тай мінісіп, талай рет ешкі-қойын тауға жайып, сиыр сүтін ішіп өскен ауыл баласының бұл жолға түсуі де заңдылық еді.
Оқуды тәмәмдаған жас маман алдымен Жамбылдағы гелминталогиялық ғылыми-зерттеу лабараториясына жұмысқа орналасып, бір жылдан кейін ол кездегі Свердлов ауданы (Байзақ) Чапаев совхозына бас мал дәрігері болып келеді. Небәрі 24 жастағы жігітке  совхозға қарасты барлық малдардың денсаулығын қадағалау жүктелсе, соны ойдағыдай орындаған ол еңбек жолын 1978 жылы аудандық ветеринарлық станцияда маман ретінде жалғастырады. Ал, 1980 жылы Қ.Оралов Свердлов аудандық мал дәрігерлік лабораториясының директоры, 1984 жылы аудандық партия комитетінде нұсқаушы, одан кейін ауданаралық мамандандырылған мал бордақылау бірлестігінде бас мал дәрігері, 1997 жылы ветеринарлық станцияның бастығы қызметтерін атқарады.
2000 жылдан бастап Байзақ аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясының бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторы болып 10 жыл абыройлы еңбек еткен Қыдырәлі Дәнебайұлы бүгінге дейін Байзақ ауданы әкімдігінің ветеринария бөлімінің басшысы ретінде көпке үлгі болып келеді. Олай дейтініміз, азамат басқарып отырған бөлімінің тікелей үйлестіруімен ауданда соңғы 4-5 жылда малдар арасындағы аса қауіпті жұқпалы аурулар айтарлықтай азайған. Әрине, жеткен жетістіктердің   көзге көрінуі ең алдымен бөлім қызметкерлерімен қатар, аудандағы  ветеринарлық қызметі шаруашылық жүргізуші құқығындағы коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен ауылдық округтердегі мал дәрігерлік мамандары, бекеттердің меңгерушілерінің еселі еңбегінің арқасы - дейді, Қ.Оралов. Еселі еңбек демекші, басшылық тарапынан Көктал, Жаңатұрмыс, Қызыл жұлдыз, Түймекент, Ботамойнақ, Мырзатай ауылдарындағы бас маман мал дәрігерлері - Ж.Рысқұлова, Қ.Жақсымбетова, Н.Сабыралиев, С.Сауранбаев, Ж.Әтейовтің есімдері ерекше аталып өтілді. Ал, жалпы жұмыстың жайы жөнінде сұрағанымызда Қ.Дәнебайұлы: негізгі міндетімізге аудандағы ауылшаруашылығы малдарын жұқпалы (эпизотиялық) індеттерден сақтау, жердің жағдайына байланысты (энзотиялық) аурулардың алдын-алу (тексеру жұмыстарын жүргізу, егу) болып табылатын ветеринария саласына соңғы жылдары мемлекетіміз мейлінше көңіл бөліп келеді. Атап айтар болсақ, осы жұмыстарды ұйымдастыруға биылдың өзінде республикалық бюджеттен 83 млн. теңге бөлінсе, жуырда ғана аудандағы барлық ауылдық округтер тіркемесімен бірге жаңа НИВА автокөліктерімен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, малдарды тексеріп, емдеуге қажетті жабдықпен жабдықталған 2 УАЗ автокөлігі тұрғындарға өз қызметін көрсетіп келеді.  Бұл саланы қолдап, демеу аудан тарапынан да жақсы жолға қойылған. Жоғарыда атап өткен энзотиялық ауруларды болдырмау жолында аудандық бюджеттен биылға 1 млн. теңге бөлінсе, аудандағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды жою үшін жыл сайын қомақты қаражат қарастырылады. Және бір айта кетерлігі аудан әкімшілігінің тікелей қолдауымен 15 ауылдық округтердегі ветеринарлық бекеттерге малдарға қарсы егілетін вакцина сақталатын мұздатқыштар әперілді. Сонымен қатар, 10 миллионнан аса теңгеге Сарыкемерден шыға берісте мал соятын алаң, оның өлексесін тастайтын биотермиялық шұңқыр орнатылды. Ал, үстіміздегі жылы мұндай шаралар Бурыл, Ботамойнақ ауылдарында жүргізілмекші. Қостөбе, Сарыкемер, Жаңатұрмыс, Байзақ ауылдарында ветеринарлық пунктер жұмыс істейтін болады. Тиісінше, кезегіне қарай, өзге де елдімекендер мал дәрігерлік бекеттерімен қамтамасыз етіледі, -дейді.
Саладағы айтулы алға жылжушылықтарды айта отырып, бөлім басшысы мал дәрігерлік мамандығына жастардың әлі де болса қызығушылық танытпайтындығын өкінішпен білдірді.  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы негізінде ауылды көркейтуге атсалысатын жас мал дәрігерлері мамандарына қажетті қолдау көрсетіліп жатқанына қарамастан, бүгінге дейін ауданымызға 1 маманның келуі шындығында да қуантарлық жағдай емес. Әйтседе келешекте бұл салаға бар ғұмырын арнаған Қыдырәлі Дәнебайұлы секілді талай қыз-жігіттер тартылатындығына кәміл сенеміз.
Қош сонымен, жұмыста табысты, қызметте абыройлы азамат Қыдырәлі Оралов жанұяда да бақытқа кенелген жан. Жары Сақып Дәулетбаева екеуі қырық жылдай тату-тәтті ғұмыр кешіп, Алланың берген 1 ұл, 3 қызын тәрбиелеп -өсірді. Бүгінде әр саланың мамандары атанған оның ұрпақтары мемлекеттік қызметте табандай 26 жыл абыройлы еңбек еткен әкелерімен шын мақтанады. Осыған қарап, алда болатын мемлекеттік қызметшілер күніне орай Қыдырәлі Ораловтың мерейтойлық төсбелгіге ұсынылып жатқаны тегіннен-тегін емес-ау деген ойға қалдық.

Обновлено 26.06.2014 09:16
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін163
mod_vvisit_counterКеше2058
mod_vvisit_counterОсы аптада4256
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда163
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2251832

Серіктестер