Онлайн газет



Өнер жұлдыздары жарқыраған кеш

Қ.Шотбасов,
«Ауыл жаңалығы».

Өнерге бай Байзақ өңірі өзінің өрелі өнерпаздарымен  бар қазаққа даңқын таратқан. Бұл өңірден талайды тамсантқан әншілер де, бишілер де, күйшілер де

шыққаны белгілі. «Ат тұяғын тай басар» дегендей солардың өнердегі жолын жалғастырып жас ұрпақ өсіп келеді. Болашағы алда осы жас өнерпаздарды қанаттандырып, ұшыру бүгінгі аға буынның міндеті екені анық. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей жас талапкерлерді баулу да, бағыт беру де парызымыз. Ауданымызда жыл сайын өтіп келе жатқан «Байзақ жұлдыздары» байқауы міне осы мақсатты көздеген.  Жас талапкерлердің арасынан өнерлі өрендерді таңдап, оларды халыққа таныстыру, сенімін нығайту, қанатын қатайтуды мақсат тұтқан байқау биыл он  үшінші рет өтіп отыр. Осыған дейінгі өнер сайысынан үздік шығып,  түлеп ұшқан түлектердің талайы бүгінде облысымыздың, республиканың сахналарынан өнер көрсетіп жүрген саңлақтарға айналды. Солардың қатарында Мақпал Ақылбекова, Жұлдызай Сұлтанбекова, Назира Малдыбекова, Ясмина Мурадова, Айгерім Ниязбекова, Динара Диханбаева, Жансая Әлімқұлова сынды байқаудың бас жүлдегерлері өнерге өзіндік үлестерін қосып, ел сүйіспеншілігіне бөленуде. Осыдан-ақ жас дарындарды қанаттандыруда өнер сайысының атқарып отырған рөлін анық сезінуге болады.
Өткен жұма күні әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде он үшінші рет «Байзақ жұлдыздары» байқауы өтті. Талапкерлер баршылық болғанымен таңдаулылар ғана өнер сайысына іріктеліп жіберілген. Жас таланттарды тауып, үлкен сахнаға шығару  вокал жанрының жетістіктерін анықтап, өзіндік ерекшелігі бар орындаушыларды қолдау мақсатында өткен өнер додасының ережесі де жылдағыдан ерекше.  Оған 16 мен 29 жас аралығындағы бұрын сайысқа түспеген жаңа жас таланттар қатысты. Әр әнші екі әнмен шығып, оның бірі өткен ғасырдың 70-90 жылдарындағы қазақтың ретро әндері болса, екіншісі өзге ұлттың әндері болды.
Байзақ аудандық әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен өнер додасына 17 үміткер қатысты. Әрине, әр ауылдан бір-бір әншіден емес, кейбір ауылдық округтен 2-3 өнерпаздан қатысса, кейбіреулерінен жоқ. Қалай дегенде де барлығы да  сынға түсуге бекем бел байлап келгендер.
Байқау 17 үміткерді кезекпен сахна төріне шақырумен басталды. Оның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары М.Демесінов кіріспе сөзбен ашып, өнерпаздарға сәт сапар тіледі.
Көктал ауылынан келген Нұрқанат Тоқбаевтың «Сағым жылдар» әнін орындауымен басталған әншілер сайысы мырзатайлық Гүлнұр Нүсіпханның орындауындағы «Мұңайма» әнімен аяқталды. Сахнада жеке орындаушылармен қатар Сазтерек ауылынан келген «МХ» дуэті де өнер көрсетті. Өнерпаздардың қай-қайсысы болса да бірінен бірі асып түсіп жатты. Әсіресе, «Сыған серенадасы» әнін орындаған бурылдық Әлібек Алтынбаев, «Арыс жағасында» әнін орындаған жетібайлық Арайлым Әзімбекова, «Аққуым»  әнін орындаған  сарыкемерлік Ажар Миралиева, тағы басқалар ерекше көзге түсті. Әрине, шетел әндерін орындауда өзін еркін сезінгендер де кездесіп қалды.
Байқаудың өз ережесі, сахнаның өз талаптары бар. Бұл жағынан алғанда бірлі-жарым ережені ескермегендер де, әнді  дұрыс таңдай білмегендер де, сахналық киім киюге мән бермегендер де, ән бастауда қысылу, қиналу да кездесіп қалғаны шындық. Жалпы алғанда жас  дарындардың өнер сайысы талапқа сай ұйымдастырылып, өткені анық.
Байқау болғаннан кейін оның жеңімпазы да болары белгілі. Өңшең өрелі өнерпаздың арасынан жұлдызды анықтау әділқазылар алқасына да оңайға түскен жоқ. Бірінен бірі асып түсіп, шырқап жатқан әншілер арасынан ең үздігін таңдау қайдан жеңіл болсын. Ақыры бас жүлдені – «Байзақ жұлдызы» атағын Жалғызтөбе ауылдық округінен келген Арайлым Әзімбековаға беруге шешім қабылданды. Оған Дипломға қоса тоңазытқыш сыйға тапсырылды. Бірінші орынды сарыкемерлік Ажар Миралиева жеңіп алды. Оған теледидар сыйға тартылды. Екі екінші орынды Бурыл ауылдық округінен келген Әлібек Алтынбаев пен көкталдық Талғат Айтжанов иемденді. Үшінші орын бурылдық Айдана Айтбаева мен Темірбек ауылынан келген Лесбек Смадияровтың еншісіне тиді. Бұларға да орындарына лайықты сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, байқауға қатысқан басқа жас дарындар да елеусіз қалған жоқ. Олардың барлығына да ынталандыру сыйлықтары берілді.
Дипломдар мен сыйлықтарды тапсырған әділқазылар алқасының төрағасы, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы С.Сыздықов байқауда байқалған жетістіктер мен әттегенайларға тоқталды, жеңімпаздардың өнерде өрге жүзе беруіне тілектестігін білдірді.

 

Обновлено 10.10.2012 16:08
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін434
mod_vvisit_counterКеше1971
mod_vvisit_counterОсы аптада10693
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда27323
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2278992

Серіктестер