|

Аудан әкімдігінде өткен кезекті аппараттық кеңеске аудан әкімі Олжас Баққараев төрағалық етіп, оған аудан әкімінің орынбасарлары Б.Сағынбеков, Қ.Бүркітәлиев, аппарат басшысы А.Құрманов, ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты. Онда «Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық барысы туралы» аудандық статистика басқармасының басшысы Дамир Нұрбаев, ал «Вегетациялық кезеңнің өту барысы туралы» «ҚазСушар» РМК Жамбыл филиалының Байзақ өндірістік бөлімшесінің басшысы Қасымбек Жүзбаев баяндады. Мемлекет басшысының 2023 жылғы 26 сәуірдегі тапсырмасын орындау және Үкіметтің осы жылғы 29 желтоқсандағы №1248 қаулысына сәйкес 2025 жылдың 1 тамызынан 20 қазанына дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық ауылшаруашылық санағын өткізу туралы
шешімі қабылданған. Аудан әкімінің шешімімен ауданда ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізу жөніндегі іс-шаралардың жоспарын бекіту жөніндегі арнайы комиссия құрылды. -Ауыл шаруашылығы санағы-бұл еліміздің аграрлық секторының құрылымы, ресурстары мен жай-күйі туралы өзекті әрі сенімді деректерді алуға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық байқау. Санақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет. Ауыл шаруашылығы санағына мал, өсімдік, балық шаруашылықтары салаларында ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалар немесе фермер қожалықтары, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қатысады. Алдымен олар 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz. сайтына кіріп респонденттер жүйеге тіркеліп, ЭЦҚ, QR-код немесе СМС арқылы авторизация жасап, онлайн-сауалнамадан өтеді. Содан соң респондент электрондық поштаға санақтан өткені туралы хабарлама алады. Санақтан онлайн түрде өтуді ыңғайлы ету үшін жергілікті әкімдіктер мен аудандық статистика басқармасы ғимаратында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, жеке кәсіпкерлер және шаруа-фермер қожалықтары сияқты шаруашылықтың барлық ұйымдастырылған нысандары сауалнамадан сайтта өз бетінше өтуі тиіс, санаққа қатысуға міндетті. Аудан бойынша барлығы 4338 субъект анықталып отыр. Олардың ішінде заңды тұлға, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер бар,-деген Дамир Нұрбаев санақтың 2025 жылдың 20 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында өтетін екінші кезеңіне де тоқталып өтті. Аудан бойынша аталған шараға 9 инструктор, 35 интервьюерлер қатысатынын айтты. Бүгінде 9 инструктор жұмыстарын атқарып жатса, 35 интервьюердің тізімдері ауылдық округ әкімдері тарапынан берілмей отырғанын жеткізді.
 Бұдан әрі баяндамашы жұмыс кестеге сәйкес атқарылып жатқаны, 3 рет комиссия отырысы өткені, елдімекендерде баннерлер мен бильборттар ілінгені, тақырыпқа сай аудан орталығындағы LED-экраннан бейнеролик көрсетіліп жатқанын сөз етті. Белгіленген мерзімі өтіп кеткенімен көптеген ауылдарда үй нөмірі, көше атаулары ілінбегенін атап өтті. Екінші мәселе бойынша сөз алған Қ.Жүзбаев алдымен аудандағы каналдардың жөнделу барысы туралы айтып берді. Олардың ішінде 100 пайызға орындалған «Медеу», «Сатыбалды», «Свекловичный» каналдары бар. Ал «Өтеміс», «Белхожа», «Сеңкібай» каналдарында жұмыстар жалғасып жатса, «Р-31», «Р-39», «Р-41», «Р-45» каналдарының 3,0-5,0 шақырымдарына цемент астаулар қойылған. Жұмыстары тоқтап қалған «Байзақ», «Сәмбет» каналдарына қайта жаңғырту жүргізу үшін ЖСҚ әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ауданымыздағы шаруа қожалықтарының егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етуде көптеген кемшіліктердің беті ашылды. Отырыста Сазтерек, Көптерек, Темірбек, Суханбаев ауылдық округтерінің әкімдері Ж.Шайхиев, С.Кусемисов, А.Утебаев, А.Мадибаевтар өздеріне қарасты дихандардың судан қатты қиналып отырғандарын, су қоймаларын толтыра алмағандарын айтты. Шаруалармен келісімшартқа отырғандарымен су жеткізе алмауларын қатты сынға алды. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қ.Данебаев «Ауданымыздағы қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендіру барысы туралы» хабарлады. Онда өткен аптаның сенбісі күнгі сенбілік туралы айта келіп, ауылдық округтерде күл-қоқыстар арнайы орынға төгілмейтінін сынға алып, слайдта көрсетті. Отырысты қорытындылаған аудан басшысы Олжас Елебекұлы ауыл шаруашылығы санағының маңызына тоқтала келіп, ауылдық округ әкімдері мұны сапалы өткізуге атсалысулары керек екендігін баса айтты. Бұл жерде шаруалардың құжаттарын күні бұрын дайындауға көмектесу керекті, науқанға жауапкершілікпен қарау қажеттігі айтылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықаралық міндеттемелерді орындау үшін “Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының” қажет екендігіне ерекше басымдық берді. Ал аудандағы егін суына байланысты да көптеген кемшіліктер сөз болды. Каналдардың уақытылы жөнделмеуі, судың уақытылы берілмеуін сынға алды. Судың басында отырғанымызбен судың жетпеуі, келісімшартқа отырған соң міндетті түрде дер кезінде суды жеткізу мәселесі айтылды. Әсіресе шалғай ауылдардағы су қоймаларын толтыру, шаруаларға су беру кезегін реттеуді тапсырды. Шаруалардың жаз бойы істеген еңбектері зая кетпеуі керектігі қатаң ескертілді. Ал тазалыққа байланысты ауыл, ауылдық округ әкімдеріне бұл іске аса мән беру керектігін ескертті. Ал одан нәтиже шығармаған ауыл, ауылдық округ әкімдеріне шара қолданылатындығы айтылды. Барлық қаралған мәселелерге байланысты хаттамалық тапсырмалар беріліп, орындалуы бақылауға алынатын болды.
Сүндетулла ӘБІЛОВ.
|