|

Бүгінгі қоғамның басты тірегі – мерейлі отбасы, ұлттық болмыстың өзегі – тектілік пен тәрбиенің тоғысы. Осы ұғымдарды ұлықтап, жастардың рухани дүниесін байыту мақсатында Жастар ресурстық орталығының бастамасымен өткен тағылымды жүздесу – ел ішіндегі үлгілі отбасылардың тәрбиелік миссиясын айқындай түсті. Аталған шара «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде І-орынды иеленген Әлімбетовтер отбасымен кездесу аясында ұйымдастырылды. Ұрпақ сабақтастығын арқау еткен бұл кездесуде отбасы институтының мәні мен маңызы жан-жақты талқыланды. Әсіресе, отбасындағы жылылық пен жауапкершілік, ата-ананың рөлі, ұлттық салт-дәстүрді ұрпақ бойына
сіңіру мәселелері кеңінен сөз болды. Жүздесудің басты кейіпкері – отбасының ұйытқысы, көпке өнеге болған Жұмакүл апа. Ол өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, жастарға арналған ақыл-кеңестерімен, тұрмыстық әрі рухани тәлімге толы әңгімелерінен сыр шертті. Жұмакүл апаның әрбір сөзі – ғасырлар бойы қалыптасқан қазақы тәрбие мектебінің үлгісіндей әсер қалдырды. Оның айтуынша, отбасының берекесі – өзара сыйластық пен түсіністікте, ал ұрпақ тәрбиесі – ата-ананың өнегелі ісінде. Әлімбетовтер отбасының өзара сыйластығы мен ұлттық құндылықтарды ұстануы – олардың берекелі тіршілігінің басты негізі. Бұл жанұяның әрбір мүшесі отансүйгіштік, адамгершілік пен жауапкершілік сынды асыл қасиеттерді ту етіп келеді. Сол себепті де бұл отбасы көпке үлгі, жас ұрпаққа – бағдаршам. Кездесу барысында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, Жұмакүл апамен ашық пікір алмасты. Соның ішінде жастар тарапынан: «Үлгілі отбасы болу үшін жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?» деген сұрақ қойылды. Бұған Жұмакүл апа былай деп жауап берді: -Отбасы болу – тек үйленіп, шаңырақ көтеру емес. Ол – үлкен жауапкершілік. Үлгілі отбасы болам десеңдер, бірінші кезекте бір-бірлеріңді шынайы құрметтеп, түсіне біліңдер. Сенім мен сыйластық – мықты отбасының іргетасы. Екіншіден, ата-баба салтын ұмытпаңдар. Қарапайым амандасудан бастап, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету – қазақтың қанына сіңген қасиет. Сол қасиетті жоғалтпаңдар. Үшіншіден, еңбекқор болыңдар. Еңбектен қашқан отбасының берекесі болмайды. Әйел еріне сүйеу, ер азаматы отбасына тіреу бола білсе, ол отбасының шаңырағы биік болады. Төртіншіден, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамаңдар. Баланы тек сөзіңмен емес, ісіңмен тәрбиеле. Өзіңді қалай ұстасаң, бала да соны қайталайды, - деді. Бұл – тек кездесу емес, рухани сабақ, өмір мектебінен алынған бір күндік тәжірибе болды десек, артық айтқандық емес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Себебі, бүгінгі ұрпаққа тұлғалық тәрбие берудің бір жолы – осындай өнегелі әулеттермен жүздесу арқылы отбасылық құндылықтарды санасына сіңіру. Қорытындылай келе, Әлімбетовтер отбасы – ұлттың ұйытқысы, отбасы құндылықтарының шынайы жаршысы. Олар салып берген өнегелі жол – жастар үшін бағыт, қоғам үшін – мақтаныш.
Гүлнұр Абдирешова, “Жастар ресурстық орталығы” КММ-і мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы. |