Онлайн газет



Астана-арман қала

М.Жамишжанов,
Үлгілі ауылы.

Сарыарқа самалымен тербелген ерке Есілдің бойында ғажап қала бой түзеп келеді.Ол – біздің Астанамыз.Арманына қарай асығып, лүпіл қаққан жүректердің сан-түрлі қиялдарын жүзеге асырып, сан-қилы тағдырларды тоғыстырып жатқан керемет те, көркем қала. Тартылған сымдай бой түзеген көшелерімен  жымың қаққан шамдарының сәулелері алыс бір қиялдарға шақыратындай.Сарыарқаның төсін тілеп аққан ерке Есіл қала көркіне көрік қосып, мерейін одан сайын асқақтата түседі.Шаһар сәні мен дария сұлулығы сабақтасып, керемет бір тылсым тіл, әуезді үнмен сезім қылын шертеді.
Көгілдір тұнық аспан астында қалықтаған ән сұлу шаһардың көркіне көрік қосып, ғажайып бір сезімге бөлейді. Елордамыз «Есіл» тұрғын үй кешені», «Астана-дәуір», «Рамстор», «Парламент ғимараты», «Ғашықтар саябағы», «Бәйтерек», салтанаттты Ақорда, сәулеті келіскен сол жағалау, сырт келбеті өзгеше Бейбітшілік және келісім сарайы, «Думан» ойын-сауық орталығы, еліміздің ұлылығын ұлықтайтын асқақ та айбынды қазақ елі монументі мен атақты Керей мен Жәнібек хандарға орнатылған ескерткіштері алсытан айбынды әрі ажарлы болып көрінеді.Елбасымыз айтқандай, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жаңа Астанасы әрі жас Астанасы қайсысымыздың болса да көкірегіміздегі арайлы рухты оятады.
Тарихымен, табиғатымен, сәулетімен бүкіл тіршілігі дара, күйіміздің күмбірі, көңіліміздің жыр-гүлі жас қала Астананың күн сайын еңсесі биіктеген қалаға айналуы бәрімізді сүйсіндіріп, әлем жұртын көркімен тамсандырады.Сұлулықтың жылы лебімен тербейді, бүгінгі өмірдің талабына сай үндесе көтерілген ғимараттар көрген жанды баурап, көңіл-күйін шарықтата түседі.
Астана – көз алдымызда жыл, ай санап емес, күн санап, аңызға бергісіз шындықпен өсіп келе жатқан нұрлы қала. Шетсіз, шексіз қала құлашын кең жайып, бүкіл Сарыарқаның сауырын ала көсіліп жатыр. Ұлттық намысымызды қозғап, әдет-ғұрып, салтымызға, рухани байлығымызға деген құрмет сезіміне бөлеп, сүйіспеншілікке жетелейді.Әсіресе, жастардың бойында елдік рухты, ұлтжандылық сезімді қалыптастыруға әсері ерекше күшті.
Астана тек қана әкімшілік қала емес, халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орындары, ғылыми мекемелері, театрлары мен музейлері бар мәдениеттің қайнаған қазанына айналған ару қала.Ортақ мүдде, ауызбірлік, ұлтаралық келісім мен татулықтың кілті де Астана екені баршамызға аян.
Ел мерейін өсірер Елбасымыздың ұстанған сындарлы саясатының арқасында Астана асқақтап, еліміз қарыштап дамып, қанатын кеңге жаюда.Елордамыз жылдан-жылға көркейіп, егемен ел болғанымыздың айғағына, өркендеуіміздің көрінісіне, достыққа адал, сертке берік салты бар қазақстандықтардың ортақ  менталитетіне айналып келе жатыр.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Адам-елдің басты байлығы...Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байланысты» делінген.Осындай саясатты ұстанып отырған елмен әлемнің жетекші елдерінің көшбасшылары мен  беделді халықаралық ұйымдардың басшылары өздерін Қазақстанның досы санайды.Біз мұны мақтаныш етуге тиіспіз. Қазақстанның жоғары халықаралық беделі біздің елімізге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төраға болуға мүмкіндік берді. Бұл - біз үшін үлкен абырой.
Қазақ егемен ел болып, өзге елдермен терезесі тең болуды қанашма армандаған. Енді, міне, сол арман орындалды. Елі үшін еңіреп өткен ерлердің еңбегі еш болған жоқ. Еліміздің  кешегі тарихының сахнасында жері үшін он жыл бойы аттан түспеген қазақтың соңғы ханы Кенесары ат ойнатқан күйі ерке Есілдің арғы жағынан сол жағалаудағы жаңа қалаға маңғаздана қарап тұр. Бұл - біздің Астанамыз, жайқалған жас қаламыз, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып айтылар ардақты Астанамыз, бас қаламызбен мақтанамыз!

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін945
mod_vvisit_counterКеше1583
mod_vvisit_counterОсы аптада945
mod_vvisit_counterӨткен аптада11794
mod_vvisit_counterОсы айда7457
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2259126

Серіктестер