|

Кеше Мырзатай ауылында 120 орындық клуб ашылып, пайдалануға берілді. Көптен күткен жаңа нысанның ашылуына ауыл, аудан халқы көп жиналды. Шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевте қатысып, құттықтау сөзін арнады. Сіздерді жаңа клубтарыңыздың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мәдениет-ұлттың төлқұжаты. Мәдениет пен өнер кез келген елдің мызғымас рухани діңгегі саналады. Бұл діңгектің мықты болуы ұлттың сапасына, экономикасы мен дамуына әсер етеді. Мәдениетіміздің дамуына Мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Ауданда 40-қа жуық мәдениет ошағы болса, алдағы жылдары Ақжар, Ақшолақ, Базарбай ауылдарында
да осындай заманауи клубтар салынбақ. Бұл ауылдан облыс, республикаға танымал ақын, сазгер Қасқырбай Нарбатыр, домбырашы, сазгер Әбілсейіт Момбаев, айтыскер ақын Аида Будеева сынды қайталанбас өнер иелері шыққанын жақсы білеміз. Енді олардың қатары көбейе беретін болады. Құрметті ауыл тұрғындары! Ашылғалы тұрған жаңа мәдениет үйі ауыл балаларының шығармашылығын шыңдап, өз өнерлерін шыңдайтын мәдени ошаққа айналсын,-деді облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы. Бұдан кейін ауыл тұрғыны, үлкен өнер иесі Қасқырбай Нарбатыр өзінің игі тілегін арнап, осындай сәулетті де, сәнді ғимарат соғып беріп отырған аудан, облыс басшыларына алғысын өлең жолдарымен жеткізді. Жаңа ғимараттың ашылу лентасын облыс әкімі Е.Қарашөкеев, облыстық мәслихаттың депутаты Ф.Жүнісова, мәдениет саласының үздігі Қ.Нарбатыр қиған бетте ақжаулықты аналар шашу шашты. Облыс басшысы бастаған қонақтар ғимаратқа еніп, өнерлі жастардың арнауын тыңдады. Ішкі үлкен зал, кітапхана бөлмелері мен үйірме залдарын түгел аралап, көрді. “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы аясында республикалық қазынадан бөлінген қаражаттан өткен жылдың наурыз айында басталған ауылдық клуб пайдалануға беріліп отыр. Аталған мәдениет ошағын мердігер “НИК-Тараз” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Тек жастардың ғана емес, үлкендердің де бас қосуына лайықты, жалпы ауыл тұрғындарының рухани өсу ордасына айналуға тиіс жаңа клуб ауыл халқына қызмет ететін болады.
* * * Индустриялық-инновациялық жобалардың үлкен қалаларда ғана емес, аудан орталықтары мен елдімекендерде де іске асуы – шағын және орта бизнестің өсіп-өркендеп келе жатқандығын көрсетеді. Соның бір дәлелі күні кеше Диқан ауылдық округіндегі «Ескермес» кірпіш шығару өндірістік зауытының іске қосылуы. Жаңа зауыттың ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, сөз сөйледі.
 -Отандық өнімдердің сапасы мен өнімділігін арттыру бағытында ауданда біраз жұмыстар атқарылуда. Аудан негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. Соған қарамастан мұнда өндіріс орындары біртіндеп іске қосылып келеді. Өткен айда Үлгілі ауылында шыны шыңдайтын зауыт пайдалануға берілген. Енді міне «Ескермес» кірпіш шығару өндірістік зауыты іске қосылғалы отыр. Бұл зауыттың ерекшелігі – өндіріс толық автоматтандырылған. Жаңа технологиялар өндіріс тиімділігін арттырып, өнім сапасын сапалы деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Ендігі жерде аудан халқы өзімізде шығарылған кірпішті пайдаланып, отандық өнімді қолдайтын болады. Кәсіпкер Берік Жүсіпов өз қаражатынан 1,0 миллиард теңге, инвесторлар тарапынан 1,5 миллиард теңге құйылған өндіріс орнында жылына 36 миллион дана кірпіш өндіріледі деп күтілуде. Маусым кезінде 10-15 адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпкердің алдағы жұмысына сәттілік тілейміз, - деді аймақ басшысы. Бұдан кейін облыс әкімі Е.Қарашөкеев, Диқан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Ойықбаев, кәсіпкер Б.Жүсіпов зауытты іске қосуға байланысты тетікті басқан бетте үлкен зауыт іске қосылып, гүрілдеген дауыс даланы жаңғыртты. Ауыл апалары жағалай шашу шашып, қуаныштарын білдірді.
 Аймақ басшысы бастаған қонақтар іске қосылған зауыттың жұмыс процесімен танысты. Жергілікті материалдар лезде піспеген кірпішке айналып, зауытты айналып шығу барысында күйдіріліп, автомашинаға артылып жатты. Міне мұның барлығы зауыт жұмысының автоматтандырылғанын көрсетіп отыр. Бір күнде ауданымызда өткен екі шараға да аудан әкімі Олжас Баққараев бастаған аудан басшылары, қоғамдық ұйым жетекшілері, ауыл, аудан тұрғындары қатысты.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |