|
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Олжас Баққараевтың төрағалығымен аппараттық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысқа аудандық мәслихаттың төрағасы Б.Ақбаев, аудан әкімінің орынбасары Р.Қасымов, аудан әкімі аппаратының басшысы А.Құрманов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары қатысты. Онда алдымен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Көпбосын Нұрдинов «2025 жылғы көктемгі мерзімде әскерге шақыру жұмыстарының қорытындысы туралы» слайдты пайдалана отырып баяндады. -Аудан әкімдігінің 2025 жылғы 19 наурыздағы №80 қаулысына сәйкес аудан аумағында наурыз-маусым айлары аралығында ер азаматтары мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары
жүргізілді. Бұл жұмыстарға ауыл және ауылдық округ әкімі аппаратындағы әскери есеп жүргізуші мамандар мен медициналық комиссия көп еңбек сіңірді. Көктемгі әскерге шақыру науқанына облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінен 148 азаматты әскер қатарына жолдауға тапсырыс түсті. Аудан бойынша тапсырыс артығымен орындалып, 151 азамат жолданды. Жекелеген округтер арасында Қостөбе, Бурыл, Мырзатай ауылдық округтері өз жоспарларынан 3-6 азаматты артығымен жіберсе, керісінше Сарыкемер, Ботамойнақ, Түймекент ауылдық округтері 2-5 аралығында азаматтарды жоспарларынан кем жіберді, - деді Көпбосын Кеңесбекұлы. -Аудан бойынша жоспардың орындалғаны дұрыс. Алайда өз жоспарларын орындай алмағандарды артығымен орындағандар жауып отыр. Алдағы әскерге шақыру науқандары кезінде әрбір ауылдық округ өз жоспарларын орындауы керек. Тамыз айында басталатын жастарды күзгі әскерге шақыру науқанына осы бастан дайындық жасалуы тиіс, - деді аудан әкімі Олжас Елебекұлы. «Аудандағы жайылым жер мәселесі туралы» аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Тұрсынбек баяндады. Ол өз баяндамасында аудандағы жалпы жер көлемі 446 385 гектарды құрап отырса, оның 204 994 гектары ауыл шаруашылығы, 2 396 гектары өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және өзге мақсатқа арналған жерлер, 221 640 гектары орман жер қоры, 2 267 гектары су қорының жері болса, 31 325 гектары босалқы жерлер екенін атап өтті. Соның ішінде 99 931 гектар жер шаруашылықтарға тиесілі жайылымдық, 35 739 гектары елдімекен жайылымы, 3616 гектары босалқы жайылым жер екені айтылып, бұл слайд арқылы көрсетілді. Баяндамашы аудандығы төрт түлік мал туралы айта келіп, оларға жайылымдық жердің жетіспейтінін атап өтті. Аудан бойынша 250 180 гектар жайылым жер жетіспейді. Алайда орман қоры жерінен берілген жайылымды ескергеннің өзінде әліде 58 587 гектар жер жетпей отыр. Жайылымдық жердің жетіспеуі барлық ауылдық округтерге тән. Сондықтанда баяндамашы бұл тығырықтан шығу үшін ауданымыздағы 21 190 гектарға егілген масақты дәнді дақылдар жиналған жерлерді уақытша пайдалану үшін шаруа қожалығы басшыларымен меморандум жасасуға кеңес берді. Аудан әкімі ауыл, ауылдық округ әкімдеріне өздеріне тиесілі жерлерді тиімді пайдалану, жеке иеліктегі малдарды ауылда қажетіне қарай екшеп ұстау керектігін тапсырды. Көп ұстаған малдың ауыл тазалығына кері әсерін тигізетінінде атап өтті. Отырыста биылғы жылдың екінші жартыжылдығына баспасөзге жазылу мәселесі де қаралды. Аудан әкімі өздеріне тапсырылған газеттерді жаздыруда кемшіліктерге жол берген ауыл, ауылдық округ әкімдеріне газет-журналға жазылуды дұрыс ұйымдастыру қажеттігін ескертті.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |