|
Биыл Астананың еліміздің бас қаласына айналғанына да біраз жылдар болыпты. Осы жылдар ішінде Астана ел ішіндегі түрлі қоғамдық күштер мен мүдделерді тоғыстырып, мемлекеттің ішкі ресурстарын ортақ мақсатқа жұмылдыра білді. Ұлтты ұйыстырып, оның сана-сезімін көтерді, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуін, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында экономикалық міндеттерді мойнына алды. Осы жылдар ішінде қала келбеті адам танымастай өзгеріп, еліміздің мақтанышына, әлемдегі ең көрікті қалалардың біріне айналды. Жас қаламыздағы көрнекті орындар, көркем құрылыс нысандары кез келген қонақты таңқалдырмай қоймасы анық. Астана күні жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде мерекелік іс-шаралармен, халықаралық форумдар мен мәдени-көпшілік жобалармен
аталып өтіледі. - Елордамыз жылдан-жылға сәніне сән, сәулетіне сәулет қосып келеді. Бұл біздің әрқайсымыз үшін айрықша күн деп есептеймін. Отбасыммен Астанаға алғаш барған кезімізде көркіне көзіміз тоймады. Астана – табиғаты керемет, зәулім-зәулім ғимараттар, көшелері өте таза екен. Астана қаласының қызық және көрікті жерлері өте көп. Айта кетейін, Бәйтерек – қаланың символы болса, Хан Шатыр – үлкен жабық сауда орталығы, Әзірет Сұлтан мешіті - Орталық Азиядағы үлкен мешіттердің бірі. Ал Есіл өзенінің жағалауы – қала мен өзен көрінісін тамашалайтын серуенге таптырмас орын. Солардың барлығын аралап көрген біз таңданысымызды жасыра алмадық. Көркіне көзің тоймайтын Астанамызды осылай аз уақыттың ішінде жылдам қарқынмен көркейіп кеткеніне таң қалдық. Ару қала – Астанада тұрып жатқаныма міне, 3 жылдай уақыт болыпты, - дейді Түймекент ауылынан Астанаға қоныс аударған Аружан Қуандықова. Астана күні – жалпыхалықтық мереке. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын, елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін паш етсе, күннен күнге ажарланған Астана – мақтанышымыз. Олай болса, айшықты мереке Астана күні құтты болсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш, бейбітшілік салтанат құрсын.
Мадина ЕРКІНҚЫЗЫ. |