|

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқу залында белгілі жазушы-драматург, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Елен Әлімжанның 80 жылдығына арналған “Ұлт рухының шырақшысы” атты шара өтті. Кеш шымылдығы «Қазақ руханиятының жанашыры» атты виртуалды кітап көрмесімен ашылып, онда жазушының әдеби мұрасына шолу жасалды. Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов көрнекті қаламгер, жазушы-драматург Елен Әлімжанның әдебиет пен журналистикаға сіңірген қомақты еңбегіне тоқталды. Қазақтың белгілі тұлғалары жайлы зерттеулері мен ұлттық тіл мен мәдениетті, салт-дәстүрді ұлықтайтын мақалаларының құндылығына басымдық берді. Қалың қауымға таныс туындылары мен драматургия саласына
қосқан сүбелі үлесін атап өтіп, алдағы уақытта да оқырмандар құнды туындылар күтетіндігін жеткізді. Қаламгерге мықты денсаулық, шығармашылық шабыт тілей отырып, аудан әкімінің арнайы Құттықтау хатын табыстады.
 Бұдан әрі әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әншісі Марлен Көпешовтың орындауында «Қайран Баукем», «Тағзым ұлы Абайға Жидебайда» әндері шырқалды. Қаламы қарымды қаламгер Елен Абдуатұлы әдебиеттің қоғамда алатын орны, ұлттық құндылықтарды сақтау қажеттігі, әдебиеттің жастарға берер тағылымы мол екенін айтып, жас буынды кітап оқуға шақырды. Жергілікті ақын Жанатбек Тұрғынбай, ақынның сыныптасы Шалбай Ибраймов оқушы кезінен кітап оқуға құштар болғанын, ерен еңбегінің арқасында драматургияда, проза мен публицистикада өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын жеткізді. Кітапханашылар өлең оқып, жазушының туындыларын дәріптеді. Қаламгердің 80 жылдығына арналған шара жезтаңдай әнші Алмахан Исабековтың орындауындағы «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Айдар АЛДАБЕРГЕНОВ. |
|
Обновлено 08.07.2025 11:20 |