|
Домбыра-қазақ халқының ежелгі әрі ұлттық музыка аспабы. Ол екі ішекті, көбінесе ағаштан жасалатын, шертпелі аспаптардың қатарына жатады. Домбырада күйлер мен әндер орындалады, ол арқылы қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі, елдік мұраты мен рухани байлығы жеткізіледі. Елімізде шілденің бірінші жексенбісі-Ұлттық домбыра күні ретінде аталып өтіледі. Осыған орай, Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінде "Домбыра - қазақтың асыл қазынасы" тақырыбында Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, елімізге танымал жыршы-термеші, айтыскер ақын, ұлағатты ұстаз жерлесіміз Ертай Тазабековпен кездесу
ұйымдастырылды. Кездесу барысында Е.Тазабеков қазақтың қасиетті аспабы - домбыра жайлы сөз қозғап, оның құдіретін түсіндірді. Өнерге келу жолын, ән әлеміндегі жетістіктерін айтып берді. -Домбыра-қазақтың қасиетті аспабы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Әр қазақтың төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың қадір-қасиетін жас ұрпақ санасына сіңіріп өсіру-борышымыз. Қоңыр домбыраның күмбірлеген үні бәрімізге рух беретіндігін, оның шанағынан төгілген әсем әуен мен тәтті күйдің құдіретін сезініп өскен ұрпақ туған жеріміз бен еліміздің қасиетін қадірлей біледі деп ойлаймын,-деді күйші. Көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, белгілі ақын Мұхтар Шахановтың "Неге менің атымды Мұхтар қойған?" толғауын орындады. Кенен Әзірбаев атындағы саз мектебінің оқушылары Дамир Русланов пен Сәбит Ерсұлтан күйден шашу шашты.
Жамал Абдрахманова, аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы. |