|
Осыдан екі жыл бұрын аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназиясының 9-сыныбын бітірген түлектердің мектеп бітіру салтанатына қатысқан едім. Сонда көптеген оқушылар арасында ерекшеленіп тұрған Бегім Абибулла ерекше көрінген еді. Ол мектептің үздік оқушысы екенін сынып жетекшісі Айжан Садықовадан естіп, білдік. Бірінші сыныптан бастап осы мектепте үздік оқып келе жатқан Бегім Жасұланқызы сол жолы «Қызыл аттестатқа» ие болғанда оған жақсы тілек айтушылар көп болып, құшағы гүлге толған. Олардың арасында менде болдым. «Көп тілеуі – көл» деген содан бері екі жыл өте шықса, Бегім 10-сыныпты да үздік бітірді. Ал шешуші 11-сыныпты Тараз қаласындағы 125 high school мектебінде оқып, өзінің үздік оқушы екендігін тағыда дәлелдеді. Нәтижесінде көптің қолы жетпейтін «Алтын белгіге» ие болды. Сондай-ақ Ұлттық Бірыңғай Тестке жатпай-тұрмай дайындалудың арқасында
негізгі пәндері бойынша ең жоғары 140 балдан 132 балл жинап, құқық пәні бойынша үздік нәтиже көрсетті. Менторы Аружан Ұранқызы, құқық негіздері пәні мұғалімі Ернұр Ерланұлы, дүниежүзі тарихы пәні мұғалімі Еркін Мұратұлы екенінде айта кеткен орынды. -Біздің қуанышымызда шек жоқ. ҰБТ-дан 132 балл жинау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оның үстіне өзі қалаған мамандығына қатысты пәндерден жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Немеремнің жетістігі ауданымыз, өзі оқыған мектептіңде қуанышы. Ол негізгі білімді №1 мектеп-гимназиясынан алды. Сондықтанда аталған гимназияның директоры Гүлпаш Жаманова басқаратын мектеп ұстаздарына айтар алғысымыз шексіз, - дейді Бегімнің атасы, ауданымызға танымал адвокат Абибулла Сәулебаев. Бегім жастайынан атасына тартып, құқық қорғау саласында еңбек етуді өзіне мақсат етіп қойған екен. Енді ол Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетке құжаттарын тапсырғалы отыр. Үздік оқушы, аудан мақтанышына айналған Бегім Абибулланың қалаған мамандығы бойынша оқуға түсіп, келешекте еліміздің алдыңғы қатарлы заңгері болуын тілейміз.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |
|
Обновлено 08.07.2025 11:11 |