Онлайн газет



Қариясы бар елдің - қазынасы бар

А.Жазылбеков,
зейнеткер.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында қазақстандықтар алдына «Мәңгілік Ел» міндетін қойды. Осы ұлт алдындағы ұлы мұратқа жетуде ақсақалдардың атқарар рөлі аса маңызды.
Қазақ қашанда ата билігін ұстанып, ұлттың ұйтқысы ақсақалдар деп білген. Соның арқасында қазақтарда Кеңес үкіметіне дейін жетімдер үйі, қарттар ордасы болмаған.
Ежелде қиядағы ақсақал ханның бір ауыз жарлығы үшін қол жиып, соғыстағыларды азық – түлікпен қамтыған. Қоғамдағы сананы ақсақалдар қалыптастырып, өз ортасының ырысы, ой бөлісер қазынасы болған. Қазақ қоғамындағы жастар ар-ождан туы - ауыл ақсақалы деп білген.
Қоғамда ақсақалдар тентегін түзеп, жетімін іздеп, жесірін жылатпаған.  Сонымен қатар, қазыналы қариялар балиғат жасына толған салт бойынша бойдақтарды бір-біріне қосып, некелерін қиған. Сондай игілікті көрген сол кездің жастары балаларының есімін ауыл ақсақалының рұқсатымен ғана қойған.
Бұрындары көпті көрген қариялар өкпелескен жастарды қабырғадан басып, шариғат үкімімен  қайта шегелеп, бір-біріне қосқан. Қоғамдағы қайғыдан қайысқан екі әлсіз - жесір мен жетімдерге осы асыл ақсақалдар қамқор болған. Батырға бағдар, балаларға ата, аналарға ая, жалалыға сая, жалғыздарға пана абыздар қоғамға жат, зиян әкелер әрекеттерді дәл айтып, дабыл қағушы болған. Ал, ең бастысы ертеде ақсақалдар ауылдың қазанды бір үйіне жиналып, қарлығаштың ұясындай дөңгеленген шеңбер бойына отырып дастан, жыр, толғау, шежіре, аңыздар айтып, ұрпағын білім мен біліктілікке тәрбиелеген. Ақсақалдың асыл сөзін әрбір бала өз жүрегінің алтын сандығына салып, өмірлік бағдар етіп сақтаған. Осылайша үлкенге қарап үлгі алған ұрпақ сауатты болып өскен.
Ал, бүгінгі жағдай қалай? Бүгінде некелескен әрбір жас отбасының төртіншісі ажырасады. Қариялар үйі қайғылы, жетімдер үйі жылаған бала үнімен азалы. Өз жақынын масқаралайтын тас бауырлар қалыптасты. Оның басты себебі қоғамда ақыл айтар ақсақалдардың азайып, керісінше керітартпа қарттардың көбейіп бара жатқаны. Тіпті, көбісінің шежірешілдік және шариғаттық ілімі саяз десек қателеспейміз.
Дана халқымыз “Ел болам десең, бесігіңді түзе” деп бекерден-бекер айтпаған.  Осы ретте аға буын, дария көңіл аталарымызға үлкен жауапкершіліктер жүктелері анық. Олай болса, Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық ұлы идеясын сәтті жүзеге асыруда біріге, бірлесе іс жасау керек деп санаймын. Ақсақалдарымыз  бар істе үлгі-өнеге танытса, оған қарап кейінгі ұрпақ та бой түзейді.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1604
mod_vvisit_counterКеше2035
mod_vvisit_counterОсы аптада3639
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда43829
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2251215

Серіктестер