
Өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде аудан әкімі Олжас Баққараев алдын ала жасалған кестеге сәйкес Ботамойнақ ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Байзақ ауылындағы клубта өткен кездесуді аудан әкімі кіріспе сөзбен ашып, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге қысқаша тоқталды. Аудан әкімі Олжас Баққараев 2023 жылға қарағанда өткен жылы ауданда ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Әсіресе ауыл шаруашылығы, тұрғын үй, ауданға инвестиция тартуға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға екпін берді. Бұл ретте аталған округте 11 жоба жүзеге асқанын, ал биылғы жылы 6 жоба
жоспарланып отырылғаны айтылды. Биылғы жылы мұнда көшелерді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды. Атқарылған жұмыстардың санына ғана емес сапасына да басымдық беру керектігін баса айтты. Ауылдық округ әкімі Ғазиз Абаханов слайдты пайдалана отырып округте атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. -Үш елді мекеннен тұратын округтегі 1 262 аулада 7 153 халық тұрады. Елді мекендердің барлығы газбен, ауыз сумен қамтылған. Ауылдардағы 26 көшенің 16-на түнгі жарық орнатылған. Үшбұлақ стансасындағы ауыз су құбырлары ескіріп, жөндеуді қажет етеді. Округтердегі жер көлемі 17 696,48 гектар болса, егіс алқабының көлемі 13 838,5 гектар. Оның суармалысы – 4 497,2, тәлімдік жері – 2 659, шабындық – 5,1, жайылым – 9 306 гектарды құрайды. Округте 340 шаруа қожалығы, 257 жеке кәсіпкер тіркелген. Биылғы жылы күздік бидай – 400, арпа – 700, жүгері – 60, картоп – 60, қант қызылшасы – 45, көкөніс – 80, жоңышқа – 249 гектарға егілді. 1 164 гектар ескі жоңышқа бар. Округте 93 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары болса, биыл тағы құны 61 миллион 700 мың теңге тұратын 8 техникаға тапсырыс берілді. Оның төртеуі алынды. Округте мал басы өткен жылмен салыстырғанда барлық түліктен артты. Жеке кәсіпкер М.Тлеулиев 50 миллион теңгеге сауда кешенін соғып, бүгінде 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұдан басқа тағы 5 жоба алдағы шілде, тамыз айларында іске асып, 15 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде, - деген округ әкімі Ғазиз Тілеубайұлы округтегі «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауылдардағы қоғамдық орындарды абаттандыру, «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстардыда атап өтті. Бұдан кейін кездесу сұрақ-жауап тәртібіне көшті.
 -Округте 7 мыңнан аса халық тіркелсе, әліде тіркелмей отырғандарды қоссақ 8 мыңға жуық адам бар. Демек, ауылымызда халық саны өсіп келеді. Ауылымыз аудан, қала іргесінде болғандықтан сырттан көшіп келушілерде аз емес. Сондықтанда менің айтайын дегенім Байзақ ауылындағы мектеп біріншіден ескі, екіншіден тарлық етуде. Ауылға жаңа мектеп салынса дұрыс болар еді. Бүгінде округте 600-ден аса адам тұрғын үй соғу үшін жер кезегінде тұр. Бұған көшіп келушілерді қосамыз. Енді осылардың өтінішін орындау үшін Үшбұлақ стансасынан үй салуға жер берілсе деймін. Жалпы округтегі жағдай жақсы. Ең бастысы газ келіп тұр, ауыз су бар, жол салынып жатыр, мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория жұмыс істеп тұр. Спорт кешені, шағын футбол алаңшалары соғылған. Міне осындай жағдай жасап отырған аудан басшыларына алғыс айтамыз, - деді округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Бекбауов. Ауыл тұрғындары Әмірбек Бозғұлов, Мұрат Асқаров, Сүлеймен Ахметов, Әбдірасыл Ақылов, Әкпар Жолдасовтар ауылдағы халықтың жақсы жағдайы, елдің ауызбірлігі, шаруалар мен кәсіпкерлер, мекеме қызметкерлерінің игілікті істерін айта келіп, бірнеше ұсыныс жасады. Солардың бірі – ауылдағы халықтың өсуіне байланысты округ орталығынан жаңадан мәдениет үйі соғылса, құрылысы тоқтап қалған атшабардың жұмысы жалғасса, онда балаларды атқа мінгізіп, емдейтін болса деді. Халық қауіпсіздігі үшін ауыл орталығындағы ит асырау орнын сыртқа көшіру, Ботамойнақ пен Байзақ ауылы ортасына жаяу жүргінші жолы салынса, кәсіпкерлерге қолдау жасалса деген ұсыныстарын айтты. Аудан басшысы Олжас Елебекұлы айтылған ұсыныстарды мұқият тыңдап, олардың әрқайсысына жеке-жеке жауап берді. Оның ішіндегі ең өзекті болып отырғаны мектеп жанындағы ит асырау орнын сыртқа көшіру болып отыр. Аудан басшысы бұл мәселемен айналысып жатқандарын, оны көшіру үшін тиісті орындарға хат жіберілгенін атап өтті. Ал қалған сұраныстардың ешқайсысы назардан тыс қалмай, заң аясында шешуге жұмыс жасалатынын ескертті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Асылжан Құрманов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қыдыралы Оралов, тиісті бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |