Мемлекеттік қызмет-қоғам мүдделеріне адалдық танытуға және халықтың бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етіп, қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған қызмет арқылы мемлекеттік органдардың міндеттері мен функциялары жүзеге асырылады. Оны жүзеге асырушы-мемлекеттік қызметкерлер. Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті-халыққа адал қызмет ету. Әрбір қызметші осы қағиданы ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда әділ болулары қажет. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы керек. Себебі, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Яғни, ұлт мәртебесін
көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу-жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерліктің қабілетін көрсетеді. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу адамнан оны саналы тұрғыдан сезінуді, шын ынта-жігерін, ең алдымен-ниет тазалығын талап етеді. Ел игілігі үшін адал қызмет ететін қызметші нағыз тұлға бола алады. Оған тұлғалық болмысын жетілдіру үшін өз-өзіне есеп беру және өзін-өзі тану мәдениетін дамыту маңызды. Бұл жауапкершілікті арттыруға негіз болып, жақсы жаққа өзгеруіне жол ашады. Есеп алу айна тәрізді: өзіне сырт көзбен қарап көруге мүмкіндік тудырып, қателіктермен жұмыс істеуге итермелейді. Ол өзінің кәсіби білімімен пайда келтірумен ғана шектелмей, сонымен қатар адамшылдық тұрғыдан басқалар бой түзейтін үлгіге айнала білуі керек. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында азаматтардың қажеттіліктерін танып, олардың үніне құлақ асуы қажет. Қабылданатын шешімнің заңдылық, объективтілік ережелеріне және мемлекет мүдделеріне сәйкес келуін ескерген жөн. Бұл салада жұмыс істеу үшін қызметкер тек теориялық біліммен шектеліп қалмай, үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруы керек. Кәсіби біліктілікті арттыру, мемлекеттік басқарудың заманауи әдістерін меңгеру-бүгінгі күннің талабы. Цифрлық трансформация дәуірінде мемлекеттік қызметкер IT-технологияларды, цифрлық жүйелерді, электрондық үкімет платформаларын еркін игеруі тиіс. Себебі, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы да осыған тікелей байланысты. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлық пен күрес те басты назарда. Бұл дегеніміз-халықтың сенімін арттырудың басты шарттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын баса айтып келеді. Әр қызметкердің жұмыс бағытын нақтылап, халықпен тығыз байланыста болуға, ашық жұмыс істеуге үндейді. Мемлекеттік қызмет мәдени институт ретінде-бұл мемлекеттің қызмет жүйесінің даму деңгейі. Онда мемлекеттік қызметшілердің құзіреттілігі, кәсібилігі, моральдық қағидаттары осы деңгейді іске асыруға, оның азаматтардың нақты өміріне тиімді әсер етуіне жағдай жасауы қажет.
Асылжан ҚҰРМАНОВ, Байзақ ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілі. |