Қазақ тілі- ата-бабамыздан қалған асыл аманат. Ол- ұлттың жаны, рухани темірқазығы. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар жүйелілікті талап етеді. Бүгінгі қоғамда қазақ тілінің қолдану аясы кеңейіп келеді дегенмен, шын мәнінде мемлекеттік тілдің аясында көптеген мәселе бар. Әсіресе, ресми мекемелерде, бизнес саласында, денсаулық сақтау мен технологияда қазақ тілі өз орнын толық ала алмай отыр. Көп жағдайда орыс тілі немесе шетел тілдері бірінші кезекке шығып кетеді. Бұл нені білдіреді? Бұл-бізде ана тілімізге деген нақты қажеттіліктің, шынайы сұраныстың толық қалыптаспағанын
көрсетеді. Тілді дамыту үшін заң ғана емес, жүректегі ықылас керек. Тек заңнамалық құжаттарға сүйеніп, қазақ тілін төрге шығара алмаймыз. Ол үшін әр азамат ең алдымен өзінен бастауы қажет. Жастар қазақ тілін білмей, өзге тілде ойлап, өзге тілде сөйлейтін болса, болашақта ұлттық ерекшелігімізден айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Қазақ тілін мектепте ғана емес, отбасында, қоғамда, күнделікті өмірде қолдану-бұл ұлттық қауіпсіздікпен тең мәселе. Ана тілін ұмыту-тамырдан ажырау. Бүгінде әлеуметтік желі-жастардың негізгі ақпарат көзі. Ендеше, қазақ тіліндегі қызықты, сапалы контент көбейсе жастардың да тілге деген қызығушылығы артады. Ана тілінде сөйлеу - нағыз зиялылық пен мәдениеттіліктің белгісі екенін жастар санасына сіңіруіміз қажет. Соңғы жылдары “YouTube” платформасында қазақ тілінде сапалы контент ұсынатын жас блогерлер мен подкастерлердің саны артты. Бұл-тілді заман ағымына сай жаңғырта отырып, насихаттаудың жарқын үлгісі. Жоғары оқу орындары да қазақ тілінде сапалы білім беріп, ғылыми еңбектер мен мақалаларды көбейтсе, ғылым мен білім саласында да қазақ тілінің мәртебесі биіктей түседі. Қазақ тілін күнделікті тұрмыстағы басты тілге айналдыру – ұлттың тірі қалуының кепілі. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру-бұл ұран емес, бұл ұрпақ алдындағы қасиетті борыш. Тіліміз-ұлтымыздың айнасы. Оны сақтау, дамыту-елдік міндет. Тілге деген құрмет-өзіңе деген құрмет. Ендеше, қазақ тілін төрге шығару- әрбір саналы азаматтың парызы. Тілді құрметтеу-тарихты құрметтеу, болашақты ойлау. Сондықтан өз тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге үлесімізді қоса білейік. “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген қанатты сөзді өмірлік қағидаға айналдырайық.
Эльанора ҚАЛМАХАН, М. Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті. |