
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында ауданымызда ауқымды жұмыстар жүргізілуде. “Таза қала”, “Таза аймақ”, “Таза жағалау” сынды экологиялық шаралардың нәтижесінде тұрғындар тазалықты сақтау, тәртіп пен экологиялық идеялар айналасына біріккендігін көруге болады. Ауданымыздағы 17 ауылдық округтерде өткізіліп жатқан тазалық жұмыстары жемісін беруде. Тазалықты сақтау, қоршаған ортаның байлығын молайту, Табиғат-Анаға жанашырлықпен қарау- ортақ міндет болып табылады. Осы тұрғыда Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Мәдімар ауылында тындырылған тірліктер көңіл қуантады. Ауылдың көркі – тазалығында. Жол жиегінде жайқалған аршалар, арамшөптен ада көше, тіпті аула алдындағы ұқыптылық – бәрі бір
көзқарастың, бір жауапкершіліктің нәтижесі. Бұл – Мәдімар ауылының бүгінгі келбеті. Бірақ осы тазалық пен тәртіптің артында елеусіз еңбек пен маңдай тер тұрғанын біреу білсе, біреу білмейді. Мәдімар – шағын ғана ауыл. Бірақ тазалығы – үлкен қалаларға үлгі боларлық. Қоқыс көрінбейді, көшенің шеті арамшөпке толы емес, ауылдың кіреберісі жасыл желекпен көмкерілген. Мұның бәрі – жайдан-жай емес. Оның артында күн сайын қолына күрек пен сыпырғы алып, жерге еңкейіп еңбек етіп жүрген адамдар бар. «Тазалық – тазалаған жерде емес, тазалықты сақтаған жерде» деген екен халқымыз. Ауыл тазалығын ешкім сырттан келіп жасап бермейтіндігін жақсы түсінген мәдімарлықтар ауыл тазалығы өзгеге емес, ең алдымен өздеріне қажет екенін естен шығармайды. Көктем және күз мезгілдеріндегі қоғамдық тазалықты сақтау жөніндегі екі айлық аясында сенбіліктерге біркісідей шығып,туған өлкенің көркеюіне үлестерін қосып жатады. Ауыл тазалығына жауапты маман Ардақ Советбекұлының айтуынша, Мәдімарда лас жер жоқ. Бұл-мақтаныш емес, нақты іс пен жүйелі жұмыстың нәтижесі. Жұмыспен қамту орталығы арқылы ақылы қоғамдық негізде 22 әйел жұмысқа алынған. Бүкіл ауылдың тазалығы солардың иығында деседе болады. Арамшөп жұлу, қоқыс жинау, көше бойын сыпыру – бәрі де солардың күнделікті міндеті. Осы міндетті мінсіз атқарып жүрген қоғамдық жұмысшылар Сандуғаш Молдабаева, Бақыткүл Қапысова, Майхан Оспанова, Майра Абдыхалықова, Надира Амирқұлова, Қарлығаш Ибраймова, Пернекүл Шолпанқұлова, Айгүл Даулетбаева, Айгерім Сағынбековалардың еңбектері зор.
 Ауыл халқы үшін бұл еңбек көрінбеуі мүмкін, бірақ нәтижесі – ауылдың бүгінгі көрінісінен-ақ байқалады. Осы жүйелі тазалық жұмысының арқасында Мәдімар ауылы 2018 жылы “Таза ауыл” облыстық байқауында бірінші орынды жеңіп алған. Сондай-ақ, аудандық деңгейдегі “Таза ауыл”, “Таза көше”, “Таза аула” байқауларында Мәдімар көшесі бірінші орынды иеленген. Тұрғындардың өзі де тазалық пен тәртіпке жауапкершілікпен қарайды. Мәселен, Ә. Қолдасов көшесі, №111 үйдің тұрғыны Сұлтан Әскербекұлы “Таза аула” байқауында бас жүлдені жеңіп алған екен. Тазалықты сақтау ғана емес, табиғатты көркейту де назардан тыс қалмаған. Бүгінде ауыл көшелерінің басына 280 түп арша (можжевельник), ал кіреберіс жол бойына 2000 түп қаратал егілген. Алдағы онжылдықтарда тал-дарақтардың ауылдың көркіне айрықша ажар беретіндігі анық. Ауыл тазалығын сақтауға сүбелі үлес қосып жүрген жандардың бірі – Алтынай Манибаева. Ол 2014 жылдан бері жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы ауылда жұмыс жасап келеді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Алтынай бұл жұмыстың ауырлығынан емес, маңыздылығына екпін салды. -Ауылдың таза болуы – тек бізге жүктелген міндет емес. Әр тұрғын өз ауласын таза ұстауға міндетті. Біз тек көшені сыпырып, шөп жұлып қоймаймыз - айналамызға үлгі болуға тырысамыз. Жұмысым өзіме ұнайды, өйткені ауылдың көркеюіне аз да болса үлес қосып жүргенімді білемін. Егер әркім өзінің ауласын күтіп отырса, бүкіл ауылдың көркі де, рухы да жоғары болады,-дейді ол. «Тазалық кімге керек?» деген сұрақты мәдімарлықтарға қойғанымызда: ”Тазалық – бәрімізге керек, ал оны қамтамасыз етіп жүргендер-өз арамыздағы еңбекқор адамдар”деді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауында “Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму-еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізде де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды” деп атап көрсеткен еді. Ал “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы да қоғамның тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгерту, табиғатты аялау, тұрғындарға қоршаған ортаны қорғау және оны ластамау мәдениетін қалыптастыруға айрықша ықпал етуде. «Ауылына қарап азаматын таны» дегендей, жергілікті жердің таза да жинақы, көрікті болуына ауыл тұрғындарының жауапты екендіктерін істерінен байқадық. Олай болса, табиғатты қорғау, қоршаған ортамен үйлесімді қарым-қатынас жасау, ресурстарды үнемді пайдалана білу, таза табиғат- ұрпаққа аманат екендігін естен шығармайық.
Әсел Жолдасбай, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 1-курс студенті. |