
Дәрігерлік – аса жауапты мамандық. Осы кәсіптің нағыз маманы болған Орынкүл Берікбаеваны ауылдастары құрмет тұтады.Өйткені ол 38 жылдан аса уақыт ауыл тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтап қалу жолында өзінің білімін, күш-жігерін жұмсаған. Ол Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген. 1974 жылы Қарақастек ауылындағы орта мектепті бітірген соң келесі жылы Талғар медицина училищесіне «Фельдшер» мамандығына оқуға түседі. Оқуды бітірген жылы Байзақ ауданына қарасты Тегістік ауылының азаматы Нұрлан Беркібаевқа тұрмысқа шығады. - Оқуды бітірген жылы Тегістік ауылындағы шағын ауруханада еңбек жолымды бастадым. Алғашқы жұмыс күнім әлі есімде. Науқасты қабылдаған сәттегі
толқу, жауапкершілік пен сенім – оны сөзбен айтып жеткізу қиын, – деп бастады әңгімесін Орынкүл апай. - “Дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды болу керек”,- деген екен Гиппократ. Ақ халатты абзал жан болу үлкен жауапкершілікті, білімді, әрдайым ізденісті талап етеді. Фельдшер ғана емес, екпе салатын медбикенің жұмысын да уақытпен санаспай атқардым. Ауылда дәрігер тапшы кезде түнгі кезекшіліктерге де қалып, шұғыл жағдайда қолымнан келгенше көмек көрсетіп, талай жанның өміріне араша болдым. Ол жылдары дәрі-дәрмек те аз, техника да жетіспейтін. Бірақ адам жанына араша болуға деген жауапкершілік бәрінен жоғары тұрды. Мен үшін әрбір алғыс – ең үлкен марапат саналатын. Қазір зейнетке шығып, Құдай қосқан қосағыммен 1 ұл, 3 қыздан тараған немерелерімнің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отырмыз. Келінім де – аға медбике. Өзім қызмет еткен мекемеде бүгінде келінім еңбек етіп жүр. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы шығар, сірә,-деп сөзін түйіндеді ардагер апай. Медицина саласының дамуына үлес қосқаны үшін Орынкүл Саменқызы басшылық тарапынан көптеген Алғыс хаттар, Мақтау қағаздарымен марапатталған. 2014 жылы зейнетке шыққанымен, ауылда дәрігер жетіспегендіктен тағы да екі жыл еңбек етіпті. Ауылдастарының ыстық ықыласы мен шынайы құрметіне бөленген апайды келе жатқан төл мерекесімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасының бақытын, ұрпақтарының қызығын көре беруіне тілектеспіз.
Мерей Қуаныш, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті. |