
Ауданымыздағы ең өзекті деген мәселелердің бірі – тұрғын үй мәселесі. “Үйі жоқтың – күйі жоқ» демекші, басында баспанасы жоқ отбасының жағдайы қиын екені белгілі. Міне мұны жете түсінген аудан басшылары жыл сайын жаңа үйлер соғып, кезектеріне қарай отбасыларды үйлі етуде. Өткен жылы Сарыкемер ауылынан 5 қабатты, әрқайсысы 60 пәтерлі төрт үйді пайдалануға берсе, биыл осындай екі үй соғып, 120 отбасыға қоныс тойын тойлатты. Әрине мұнымен тұрғын үйге деген сұраныс шешімін тапқан жоқ. Бүгінгі күнге дейін әртүрлі деңгейдегі барлығы 3 313 азамат үй кезегінде тұр. Сондықтанда ауданда үй салу жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Соның бір дәлелі биылғы жылдың наурыз айының соңғы күндері аудан орталығындағы халық арасында “Қыналы қар” аталып кеткен аймақтан екі отбасылы
20 үйдің құрылысы басталған еді. Бұл құрылысты Жамбыл Сматов басшылық ететін “Ғимарат Тараз” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. К.Орынқұлов көшесі ІІ бұрылыстағы 2,5 гектар алқапқа салынып жатқан үйлер 40 отбасыға арналған. Аталған үйлерді сатып алуға республикалық бюджет есебінен 549024,0 мың теңге қарастырылған. Ауыл шетіндегі егістік болып жататын жерде бес-бестен төрт қатар етіп соғылып жатқан үйлер алыстан мен мұндалайды. Үйдің сыртқы безендірілуі мен кескін-келбеті ерекше көз тартарлық. Үйлер салынып жатқан шағын екі көшеге бағаналар орнатылып, шағал тастар төселіп жатыр екен. Сондай-ақ әрбір үйдің сырты “еурозабормен” қоршалып жатқанының куәсі болдық. Құрылыс басында осындағы жұмыстарға жауапты маман Қуаныш Игенбаевқа жолығып, жұмыс барысы жайлы сұраған едік. -Өздеріңіз көріп тұрғандай екі пәтерлі 20 үй соғылып, пайдалануға берілуге дайын деседе болады. Бір пәтер 3 бөлмелі болса, екіншісі 2 бөлмелі. Пәтерлерге газ, су, жарық кіргізіліп қойылды. Екі-үш күнде газ плиталары орнатылады. Ендігі жұмыс маңайды абаттандыру болып отыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай жол жөнделіп, үй маңайы қоршалып жатыр. Амандық болса осы айдың аяғына қарай аталған үйлер пайдалануға берілетін болады, - деді Қуаныш. Қуанышпен бірге ең шеткі үйге кіріп, аралап, көріп шықтық. Өте жақсы соғылған. Үйді жылытатын пеш, ас бөлмесі, жуынатын бөлмеге дейін дайындалып қойылған, кең де жарық. Үйдің сырты “еурозабормен” қоршалып жатқанымен бірге әр отбасыға үй іргесінен бақша егуге тиісті жерде бөлініп берілетіні құптарлық іс екен. Біз құрылыс басында болғанда үлкен көліктер көшеге шағал тастар тасып жатса, бір грейдер оны лезде тегістеп жатқанының куәсі болдық. Үйлерді соғып жатқан мекеме басшылары үй соғатын құрылысшыларды өздерімен әкелген. Олар уақытпен санаспай еңбек етудің арқасында бар болғаны екі айдың ішінде 20 екі отбасылы үйді тұрғызып, пайдалануға бергелі отыр. Ал олардың айтуына қарағанда үйлердің ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстарына аудан жастары тартылған. Сантехник, электриктер өз ауданымыздың азаматтары. Шағал тастарды аудан карьерлерінен алып жатса, қажетті техникаларда еңбек етіп жатқандар Сарыкемер ауылының тұрғындары. Жұмыстың өз мезгілінде сапалы соғылуына құрылысқа жауапты маман Асқар Жетпісбаевтың да қосып отырған үлесі мол. Ол әрбір атқарылған құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуіне қатты көңіл бөледі. Сондай-ақ аудан әкімдігінің құрылыс бөлімі, ауылдық округ әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс жасауда. “Келісіп пішкен тон, келте болмайды” демекші, мұндай жұмыс ертеңгі үй алушылардың көңілінен шығады деген ойдамыз. Иә, құрылысшылардың сөзіне сенсек аталған үйлер осы айдың аяғына қарай пайдалануға беріледі. Бірнеше жылдан бері үй кезегінде тұрғандарға бұл айдың соңғы күндеріде келіп қалар. Ендеше ауданымызда тағы да 40 отбасы қуанышқа кенелетін күнде алыс емес.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |