Темірбек ауылдық округіне қарасты Шахан ауылында үлгілі, көпке өнеге боларлық жас отбасылар көптеп тұрады. Солардың бірі - Елубаевтар әулеті. Ауылдастары ерекше ілтипатпен қарайтын Кенжебаев Нұржігіт пен Әбітаева Айдана бүгінде жеті бала тәрбиелеп отырған жас отбасы. Тоғыз жаннан тұратын бұл отбасының әр күні берекеге, шаттыққа, мейірімге толы. Бұдан 13 жыл бұрын шаңырақ көтерген жұп, яғни Нұржігіт пен Айдана көпбалалы отбасында өскен. Айдана – жеті ағайындының ортаншысы болса, Нұржігіт - сегіз баланың бірі. Сондықтан болар, бұл жанұяда балаға деген махаббат ерекше, ата-аналық жауапкершілік терең. «Көптің ортасында өскен баланың мінезі де, ниеті де кең болады», – дейді Айдана. Бүгінде осы өмірлік тәжірибені
өз шаңырақтарына сіңіріп келеді. Қазіргі таңда отбасының төрт баласы мектеп қабырғасында оқып жатса, үшеуі балабақшаға барып жүр. Тұңғышы Елнұр – ата-анасының сенімді тірегі, іні-қарындастарының қамқор ағасы. Елнұрдың бойында өнерге деген құштарлық ерекше. Ол “Dala daryny” республикалық өнер сайысында бас жүлдені, “2024 жыл - Талантты” атты үлкен өнер жобасының грант-финалына жолдаманы жеңіп алып, 40% жеңілдікке ие болды. Бұдан бөлек те бірнеше байқауларға қатысып, түрлі марапаттар мен сыйлықтарды иеленген Елнұрдың жетістігін ата-анасы мақтан тұтады. Отағасы Нұржігіт жол жөндеу саласында жұмыс жасайды. Жұмысының қиындығына қарамастан ол отбасына, бала тәрбиесіне де уақыт табуға тырысады. Жанұяның жүрегі, ақыл мен мейірімнің иесі – Айдана Әбітаева 1993 жылы Жуалы ауданы, Күреңбел ауылында дүниеге келген. Ауылдағы орта мектептің 9-сыныбын бітірісімен 2009 жылы “Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне” түсіп, “Бастауыш сынып мұғалімі” мамандығы бойынша білім алып шыққан. Жас кезінен-ақ бала тәрбиесіне, ұстаздық жолға қызығушылығы басым болған ол 2011 жылы өмірлік серігі Нұржігітпен танысып, көп ұзамай Шахан ауылына келін болып түскен екен. “Алтын алқа” иегері Айдана тәрбиелі келін, өз ісінің білікті маманы. Ауылдағы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс жасайтын ол ұстамды мінезімен, балаларға деген ерекше мейірімімен, еңбекқорлығымен әріптестерінің құрметіне бөленіп жүр. «Бала-үйдің ырысы, елдің болашағы». Отбасында мейірім мен түсіністік салтанат құрған Елубаевтар отбасында тәрбиеленіп жатқан ұл-қыздар еңбекқор, білімге құштар, өнерлі де мейірімді. Мұндай отбасылармен қалай мақтансақ та жарасады.
Мерей Қуаныш, М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті. |