Қазақ халқының ұлт ретінде сақталып, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан бірегей ерекшелігі - оның бай салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Соның ішінде «тарту» ұғымы – үлкен маңызға ие. Тарту сыйы дегеніміз – бір адам екінші адамға құрмет, алғыс немесе қуанышпен беретін сыйлығы. Бұл сыйдың өз ерекшелігі, өз орны бар. Қазақ халқында тарту сыйы әртүрлі жағдайларға байланысты беріледі. Мысалы, қонаққа барғанда, құдалықта, той-думанда, сүндет тойда, келін түсіргенде немесе бала дүниеге келгенде тарту жасау – әдеп пен инабаттың белгісі. Мұндай тартулар көбіне жақсылықтың жаршысы, қарым-қатынастың күшейтушісі болып
саналады. Ең басты тарту сыйларының бірі – «көрімдік». Жаңа туған сәбиге, келінге алғаш рет көрген кезде немесе жаңа сатып алынған затты көргенде «көрімдігі» беріледі. Бұл – қуанышқа ортақтасудың, ниеттестіктің белгісі. Сондай-ақ құдаларға берілетін кәделік тартулар да маңызды. Мысалы, құдаларға арнап арнайы кит дайындап, әрқайсысына лайықты сыйлық ұсынылады. Бұл сыйлар тек заттық емес, рухани мәнге де толы. Тарту сыйының тағы бір түрі – бас тарту. Бұл көбінесе құрметті адамға арнап дайындалған сыйлы ас, яғни қойдың басы. Бас тарту-үлкенге құрмет, төрге шығару, абырой беру дегенді білдіреді. Бас ұсыну, оның әр бөлігін ретімен бөліп беру де – өзіндік тәрбие мен мән-мағынасы бар дәстүр. Бұл жөнінде аталарымыз айтқан ғибратты сөзін оқырман назарына ұсынып отырмыз. Бас ұстаған адам алдымен оң жақ езуін кесіп алып, осы үйдің ырысы басқа жаққа кетпесін деп табақтың ернеуіне қояды. Екінші езуін өзі жейді. Құлағын кесіп, құйма құлақ болсын деп осы үйдегі ең кішкентай балаға беріледі. Екінші құлағын кеспейтіні, айтылған сөз бір құлағынан кіріп, екіншісінен шығып кетпесін дегені. Қадірлі дәмге пышақты бір тигізіп алып, көршісіне ұзату дұрыс емес. Өзі турап, осындағы адамдардың бәріне ауыз тигізуі тиіс. Әрқайсысы жекелеп жесе, басымыз қосылмай қала ма деп қауіп қылған. Басымыз түгел болсын, берекеміз бұзылмасын деген ырым. Шүйде етін дастархандағы елге тіреу болып жүрген ең беделді адамға, тілін шешен адамға, таңдайын өнерпаз жанға, не болмаса, бұрымды қызға ұсынған. Бір-біріне алакөз болып қалмасын деп екі көзін бір ғана адамның жегені де дұрыс. Басты сүйекті түгел мүжімей, бір бөлігін алып қалған дұрыс. Оны кейін қонақтар кеткен соң үй иесі мал-жаным аман болсын деп өзі жейді. Бүгінгі күнде де тарту сыйы өз маңызын жоғалтқан жоқ. Тек түрі мен формасы сәл өзгерген болуы мүмкін. Бұрынғыдай тек мал немесе киім емес, қазір бағалы заттар, қолөнер бұйымдары, естелікке арналған дүниелер жиі тарту етіледі. Бірақ ең бастысы – сыйдың құны емес, көңілдің шынайылығы, ниеттің тазалығы. Қорыта айтқанда, тарту сыйы – қазақ халқының мейман достығы мен кісілігін көрсететін, адамдар арасындағы сыйластық пен ықыласты арттыратын дәстүр. Бұл дәстүрді сақтау – өткен мен бүгінді байланыстырып, келер ұрпаққа өнеге қалдырудың бір жолы.
Жәмиля Айдар, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті. |