Қазіргі кезде жастардың көзқарасы өзгеріп келеді. Осы күні өздерін қызықтырған кітапты оқитындар да көбейе бастаған. Шынында да, олардың арасында интернетке тәуелділікті жою үшін кітапқа деген қызығушылықты арттыру маңызды. Қазір қоғам арасында «жастар кітап оқудан қалды» деген пікірді үлкен буын өкілдері жиі айтып жүр. Бірақ бұл жастардың бәрі кітап оқымайды деген сөз емес. Өйткені кітапты жаны сүйетін, қолында болмаса интернеттен іздеп оқитын, жас толқын қатары күн сайын артып келеді. -Әдеби шығармаларға қатты қызығам. Белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романын оқи отырып, соғыс жылдары әкесінен айырылудың тауқыметінің қандай екенін көрген, соғыстың қиындығын, анасының қалай қиналғанын суреттеген Шерхан атамыздың осы шығармасы маған өте қатты әсер етті. Бұдан бөлек Жүсіпбек Аймауытовтың
«Ақбілек» романындағы Ақбілектің тағдыры сол кездегі қазақ қыздарының тағдырынан хабар береді.Әсіресе жасөспірімдер арасында белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», кәсіпкерлік құпиясынан сыр шертетін Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» сияқты кітаптары үлкен сұранысқа ие болып отыр. Өткен ғасырдағы қазақ қыздарының тағдырын сол қалпында бере білген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Спандияр Көбеевтің «Қалың мал», Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романын оқи отырып, теңсіздіктің қасіреті ауыр екендігін ұғынасың. Қазір сатылымдағы кітаптардың ең арзанының өзі 2 мың теңгеден бастау алады. Бірақ қызықты, сапалы кітап аламын деген оқырман үшін біраз ақшаның қажеті болатыны сөзсіз. Алайда білімге құйған қаражаттың босқа кетпейтіндігі айдан анық. Менің алғашқы оқыған кітабым – орыс халқының белгілі ақыны Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасы. Одан кейін Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Дулат Исабековтің «Қарғын», американдық жазушы Халит Хусеинидің «Батпырауық қуған бала» туындысын оқуға кеңес берер едім. Шетелдік жазушылардың қазақ тіліне аударылған кітаптарын да оқудың маңызы зор. Мысалы, Джек Лондонның «Мартин Иден» атты шығармасынан да үлкен сабақ алуға болады. Жастардың ой-санасын жетілдіру, тіл байлығын арттыру, өмірлік көзқарасы мен мәдениетін қалыптастыруда кітаптың алатын орны үлкен. Мәдениетті адам болу үшін рухани байлық кітаппен дос болу қажет деп ойлаймын. “Адам өзі қандай болса, жан-жағына сондай адамдар жиналады” деген сөз бар. Менің айналамдағы адамдардың 80 пайызы – кітап оқитын адамдар. Олармен апта сайын оқыған кітаптарды талқылап тұрамыз. Өзім сондай ортада болғаныма қуанамын, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің студенті Әсем Асылбек. Кітаппен дос бола білген замандастарымыз қаншама десеңізші. Өмірдегі айнымас досың, сырласың, сабырлы досың ол - кітап. Осы ретте облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған “Әулиеата - кітап оқитын өңір” жобасының іске асырылып, нәтиже беріп жатқаны қуантады. “Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге”- деп Абай атамыз айтқандай, әлеуметтік желіге телміре бермей, кітаппен дос болып, рухани азық алуға ұмтылайық дегім келеді.
Қарлығаш ХАЛИЛУЛАЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті. |