
Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін ХХ «Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылығы фестивалі биыл өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Байқауға еліміздің әр өңірінен 6 мыңнан астам бала “хореография”, “вокал”, “аспапта ойнау” және “әнді ым-ишаратпен орындау” номинациялары бойынша қатысты. Фестивальға қатысқан ауданымыздағы Абай атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Інжу Тілеужан «Хореография» номинациясы бойынша І-орынды жеңіп алды. Мерейтойлық фестивальдің Гран-при жүлдесі де онлайн дауыс берудің қорытындысы бойынша Інжу Тілеужанға бұйырды. Өнерлі жасқа 100 мың
отандасымыз дауыс берген. Айтулы білім бәйгесінде топ жарып, көзге түскен Гран-при иегерін аудан әкімі Олжас Баққараев аудан әкімдігінде арнайы қабылдап, жеткен жетістігімен құттықтады. -Інжу, сенің бұл жетістігің бізді қуантып отыр. Ең бастысы денсаулығың мықты болсын. Алдағы уақыттарда да осындай фестиваль, байқаулардан жоғары нәтижеге жете бер. Сен өз өнеріңмен ауданымыздың абыройын асқақтаттың. Саған зор денсаулық тілеймін, өнерің өркендей берсін, - деген аудан басшысы оған аудан әкімінің Алғыс хаты мен арнайы сыйлықты табыс етті. Оқушылардың жоғары жетістіктерге жетуі жолында кәсіби біліктілігі жоғары, жанашыр ұстаздардың еңбегі мол. Бала бойындағы өнерді ашып, оларға сенім сыйлап, үлкен сахнаға жетелеу нағыз мықты ұстаздардың қолынан келеді. Сондай талантты да, өнерлі оқушымызды тәрбиелеген ұстазы Роза Саржановаға да аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Кездесуге қатысқан аталған мектептің директоры Жанатбек Тұрғынбаев пен әлеуметтік педагог Роза Саржанова да Інжуді құттықтап, осындай қабылдау ұйымдастырып отырған аудан басшыларына алғыс айтып, Інжуге деген қамқорлық жасала беретінін жеткізді. Қабылдауға аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ерлан Сейдеханов пен Інжудің анасы Гүлназ Жұмасаева да қатысты.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |
Обновлено 09.06.2025 10:50 |