Бисмиллаһир рахманир рахим! Көптен күткен Құрбан айт мерекесі де келіп жетті. Жер бетін мекен еткен барша мұсылмандардың ұлық мерекесінде Алла разылығы үшін мал шалынып, қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Құрбан-араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаһқа жақындай түсу. Құрбандық шалу – тек мал бауыздау емес. Онда адамның ішкі ниеті шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы басқаларға жанашырлығы, пендені пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сынға түседі. Алла тағала Құран Кәрімнің «Кәусар» сүресінің 3-аятында: «Намаз оқы және құрбан шал» деп құрбан шалу бұйрық келген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге
жақындамасын!», - деп бұйырған. Құрбан айт-ұлық мереке. Бұл күндері мұсылман қауымы Алла разылығы үшін құрбан шалып, сонау Ибраһим пайғамбардан бастау алатын ұлық ғибадатты жасайды. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Алла үшін күндердің ішіндегі ең абзалы-Құрбан айттың бірінші және екінші күні» - деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла тағаланың разылығына бөленуге негіз болатын ең маңызды амалдың жасалатындығында. Алла елшісі (с.ғ.с.). «Алла үшін (құрбандық ретінде қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және (құрбан) қиямет күні алдынан шығады», - десе, тағы бірде: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге танбай тұрып Алла тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңызды шалыңдар»,- деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін нақтылап айтқан. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп таратуға болады. Бір бөлігі-туған-туысқа, екінші бөлігі-кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі-өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей мұқтаждарға таратуға да болады. Төрт түлік малдан тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етілсе, сиыр мен түйені бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан айт мерекесі күні ерте оянып, ғұсыл құйынып, дәрет алып, таза, жаңа киім киіп, жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу-уәжіп. Намаздан кейін мал сойылып таратылады. Көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айтта бір-бірін кешірген жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, мұқтаждарға қол ұшын беріп, шамалары келсе көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сый-сыяпат жасап, Алланың разылығына бөленудің өзі үлкен құрмет екендігін түсінген абзал. Ал, құрбандық малы Құрбан айт намазынан кейінгі үш күн ішінде сойылады. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мерекенің басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кімде кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде кім бұдан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес», – деген. Ауданымызда құрбандық шалу алаңы Сарыкемер ауылы, Үшбұлақ өндірістік кооперативі (Сарыкемер-Түймекент автожолы бойында) арнайы белгіленген. Құрбандық шалған кезде тазалықты сақтаудың маңызы зор екенін естеріңізге саламыз. Алла тағала бұл күндері шалған құрбандықтарыңызды қабыл етсін. Атқарған әрбір ізгі амал-әрекеттеріңізге сауаптан жазғай! Құрбан айт құтты болсын! Ескертпе: Құрбан айт намазы 6 маусым күні таңғы сағат 6.00-де «Байзақ баба» мешітінде оқылады.
Қанат Жұмағұл, аудандық “Байзақ баба” мешітінің бас имамы. |