
Әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет істері басқармасының бас маманы Гүлназ Смағұлова аудан жастарымен кездесті. Кездесуге ауданымыздағы 35 жасқа дейінгі, жоғары білімді жастар қатысты. Президенттік жастар кадр резервіне 1 маусымнан басталған іріктеуге арналған кездесуді аудан әкімі аппаратының басшысы Асылжан Құрманов ашып, алдымен кадр резервіне байланысты
жастарға қысқаша мағлұмат берді. Одан кейін Гүлназ Шыңғысқызы Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеудің басталуы, биылғы іріктеудің ерекшелігі мен кезеңдері туралы жастарға жан-жақты айтып, түсіндірді. Елімізде 2019 жылдан бастау алған Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу тәжірибесі жастар арасында жоғары танымалдыққа ие болғанын атап өтіп, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа кадрлар мен талантты жастарды тарту маңыздылығына тоқталды. Ал биылғы жылғы іріктеу 1 маусымнан бастау алып отыр. Ал бұл жастардың жоғары лауазымға орналасуларына мол мүмкіндік туғызады. Сондықтанда мұндай мүмкіндікті пайдаланған дұрыс.
 Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді, 5 жыл жұмыс өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Іріктеу маусым -қазан айларында бірнеше кезеңнен тұрады. Оның қорытындысы бойынша 50 кандидат іріктелетін болады. Резервке қабылданғандар 3 жыл ішінде конкурстық іріктеуден өтпей тікелей түрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін. Қатысуға өтінімді pkrezerv.gov.kz сайтында 1-30 маусым аралығында беруге болады. Сайтқа тіркелу үшін жоғары білім туралы диплом, еңбек қызметін растайтын құжат, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгергенін растайтын әрі жарамды QAZAQ RESMI TEST немесе KAZTEST сертификаты көшірмелерін жүктейді. Тіркелу кезінде қатысушылар: 1. Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; 2. Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; 3. Сыртқы саясат және инвестициялар; 4. Экономикалық және қаржылық саясат; 5. Цифрландыру; 6. Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам- тәрізді салалық бағыттардың бірін таңдайтынын, құжат тапсыру, сертификат алу, іріктеу кезеңіне байланысты басқада бірнеше мәселелерге тоқталды. Ұлттық комиссияның шешімі қазан айының соңғы күндері шығарылатыны да айтылды. Гүлназ Шыңғысқызы кадр резервіне қатысамын деушілерге өздерінің жұмыс орындарынан көмек көрсетілуі қажет екені туралы да айтып өтті. -Жастардың осы жобаға қатысамын дегендерінің тіркелуіне аудан әкімдігі тарапынан көмек беріледі. Ауылдық жерде тұратындар болса жұмыстарынан сұрап алып, аудан орталығында құжаттарын дайындап, өткізуге ешқандай кедергілер болмайды,- деді Асылжан Тұрсыналыұлы. Кездесуде Пушкин атындағы орта мектебі директорының орынбасары Бектілеу Исмайлов тіркеуге байланысты туындап отырған мәселелерге орай сұрақ қойып, оған жауап алды.
Сундетулла ӘБІЛОВ. |
Обновлено 09.06.2025 10:47 |