Онлайн газет



ӘЗІМБЕК РУХЫ АСҚАҚТАДЫ

Айтыс-қазақ әдебиетінің алдаспан жанры саналады. Сондықтан  халықтың айрықша құрметтейтін өнерінің бірі осы- айтыс. Ақындардың онда тек қана өткір сөздері мен сазды әуендері ғана емес, терең біліктілігі де бағаланады. Осы бір қасиетті өнерді жанына серік еткендердің бірі- жерлесіміз, марқұм Әзімбек Жанқұлиев  болатын.

Г.Ермұратова,
“Ауыл жаңалығы”.

Өткен аптаның жұмасы күні  аудан орталығындағы

әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде аудан әкімдігі мен облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағат басқармасының ұйытқы болуымен “Алты Алашқа танылған ақын еді.. “атты ІІІ дәстүрлі айтыс өтіп, атағы  елімізге танымал саңлақ ақындар, атап айтқанда  Оңтүстік Қазақстаннан Әселхан Қалыбекова, Бөрібай Оразымбетов, қарағандылық Қуаныш Мақсұтұлы, шығысқазақстандық Абаш Кәкенов,  Қордай ауданынан Күмісай  Сәрсенбаева, байзақтық Алтынкүл Қасымбекова, сарысулық Алик  Бекмұсаев пен таластық Ербол  Қамбатыров,  тараздық Есет Досалы, Нұрлыбек Құрманов секілді ақындар қатысып, жыр сайысына түсті.
Сөз сайысына арналған іс-шараның алдында айтулы ақындарды  Мәдениет үйінің алдында тікесінен тік тұрып айтыс жанкүйерлері айрықша құрметпен қарсы алды, биші қыздар гүл шоқтарын табыс етті.  Жезтаңдай әнші А. Исабаев ақын-сазгер Қ. Нарбатырдың  “Байзақ жері” әнін әуелете шырқап,  қонақтар мен көпшіліктің мерейін үстем етіп тастады.
Мәдениет үйіне  жиналған жырсүйер қауым алдымен ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған  кітап және сурет көрмені,   содан кейін оның өмірі мен шығармашылығынан сыр  шертетін деректі фильмді  тамашалады.
Айтыс шымылдығын  аудан әкімі М. Шүкеев ашты. Аудан басшысы айтыс өнерінің адамзат өмірінде алатын орнына тоқталды. 1984 жылдан бастап аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық ақындар айтысына қатысқан Әзімбек Көпенұлы өмірінің соңына дейін осы өнер сайысының бел ортасында жүргендігін,  дара талантымен халық құрметін еншілеп,  жүйріктер сайыстарында айыркөмей айрықша ақын екендігін дәлелдегенін тілге тиек етті. Шалқар шабыт аясында өрілетін терең теңеу, орда бұзар ой-толғам, ажарлы да ақаусыз әуенге толы  айтыс  өнерінде өшпес қолтаңбасын қалдырған,  Ауғанстан соғысының ардагері, айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевті еске алуға арналған «Алты Алашқа танылған ақын еді» атты облыстық ақындар айтысына қатысушыларға сәт-сапар тіледі. Бұдан соң облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дүйсен Бықыбаев  ақынын аялап, құрметтеген елдің  мәртебесі биік болатындығын,  ел еркесі  Әзімбектің айтыс өнеріне қалдырған ізі туралы айтып өтті. Облыстық “Ақ жол” газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы Әзімбектің қайталанбас  дара тұлға екендігін,   тірі кезінде онымен жиі кездескендігін,  өнер туралы әңгіме шертіп, жолдас болғандығын, өр  азаматтың қайталанбас таланты жайлы  әлі талай дүниелер жазылатындығын айта келе,  Ә. Жанқұлиев атындағы “Жырмен өткен көп күні” атты жас ақындардың облыстық жабық жыр мүшәйрасының   жүлдегерлерінің қорытындысымен таныстырып, жеңімпаздардың есімін жариялады.
Әділқазылар алқасының шешімімен бас жүлде ақын Хамит Есаманның қанжығасына байланды. Жанғазы  Ахметов-бірінші, Мәулен Жаппасбай-екінші, Арайлы Жақсылық-үшінші орын тұғырына  көтерілді. Табиғат Абаилдаев, Нұржан Қадыралы, Наурызбек Саршаев ынталандыру сыйлықтарына ие  болды. Белгілі ақын Айтмұханбет Исақ    Әзімбекке арнаған  толғауымен жиналғандардың жанарына жас ұялатты.
Сонымен сахна төріне шыққан  алғашқы жұп айтыс өнерінің майталманы  атанған Әселхан  Қалыбекова мен қарағандылық Абаш Кәкеновтың сөз сайысы шаршы алаңның шырайын келтірді.Екінші жұпта айтысқан қарағандылық  Қуаныш  Мақсұтұлы мен    қордайлық Күмісай Сәрсенбаевалардың  да сөз сайысы  тартымды өтті. “Тентек ақын” атанған Қуаныш өз сөзінде Әзімбектің кіндік қаны тамған  мекеніне, басына барып тағзым еткендігін,  туған ауылы мен  білім алған мектебіне  ардақты азаматтың есімін берсе де жарасады деген назын айтып салды.Халықтың мол ықыласына бөленген қос ақынның ізін жалғап сахнаға сарысулық Алик Бекмұсаев пен  таластық Ербол Қамбатыров, содан кейін шыққан тараздық Есет  Досалы мен  Нұрлыбек Құрмановтің сөз сайыстары   да қалың қауымның  көңіліне жаққанын айту ләзім. Айтысқа түйін қойған Алтынкүл Қасымбекова мен Оңтүстік Қазақстаннан арнайы келген Бөрібай Оразымбетов болды. Шырайлы  шумақтарымен көрермендерді “разы еткен” Алтынкүл қарсыласы   Бөрібай Оразымбетовтің арынын басып, қамшы салдырмас жүйрік екендігін   танытты. Сөз өнерін жоғары қоятын талғампаз тыңдарман суырыпсалма ақындардың өнеріне  риза болып, ыстық ықыластарын қол шапалақтары және гүл шоқтарын ұсыну арқылы  жеткізіп отырды.
Тыңдармандарға рухани азық сыйлаған айтыста  Әзімбектің қайын енесі Күлән апа  арда ұлын ардақтаған Байзақ жұртына, аудан, облыс басшыларына алғысын айтса, аяулы ақынның зайыбы Бақыт Жұмабекқызы өнер иесін ұлықтаған барша қауымға ризашылығын  білдіріп, сияпатын табыстады.
Ақиық ақынның  әруағын асқақтатқан өнер сайысы қазылардың қатысуынсыз, әрі балдық жүйесіз  өткендіктен барлық айтыскерлерге  аудан әкімі М. Шүкеев  марапат көрсетіп, иықтарына камзол, орамал, шапан жауып,   Алғыс хатпен бірге ақшалай  сыйлықтарды табыс етті.
Азуын айға білеген суырыпсалма айтыс  ақындары  ел еркесі- Әзімбектің әншілігін, суырып салмалығын өлеңмен өрнектеді,  жазба ақындар кестелі  жырларын  төгілтіп оқыды, жергілікті әншілер  әсем әннен шашу шашты. Дүбірлі додаға демеушілік еткен азаматтарға алғыс айтылды.

 

Обновлено 11.06.2014 17:00
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін31
mod_vvisit_counterКеше884
mod_vvisit_counterОсы аптада9429
mod_vvisit_counterӨткен аптада11524
mod_vvisit_counterОсы айда39032
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2246418

Серіктестер