Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешесіне қарап бой түзейді. Балаға сапалы білім, саналы тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, қолдаушы-ана және қоғам. Еліміздің болашағы-ертеңгі тәрбиелі де бәсекеге қабілетті ұрпақ екені шындық. Сол тәртіпті, тәрбиелі ұрпақ өсіру-баршаға ортақ. Белгілі педагогтардың бала тәрбиесін құрсақта жатқанда бастаған дұрыс деген пікірлерінің жаны бар секілді. “Отан-отбасынан басталады”. Отбасындағы қарым-қатынас, үйлесімділік пен тыныштық балаға айрықша әсер етеді. Әкесінің анасына деген құрметі, анасының әкесіне деген ықыласы, отбасындағы мейірім мен сүйіспеншілікте баланың тұлға болып қалыптасуына
ықпал ететіндігі айдан анық. Бала-көздің нұры. Кез келген ата-ана өз баласының болашағы жарқын болғанын қалайды және де сол үшін қолынан келгенін аянып қалмайды. Бұл жерде ата-аналар перзентінің бойына отбасы құндылықтарын сіңіру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, “обал”, “сауап”, “жаман болады” деген сөздердің мән-маңызын іс жүзінде көрсете білуі де өте маңызды. «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»,-деп қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай айтқандай, егер отбасында ұлттық тәрбие болмаса, балалардың ұлттық тұлға болып қалыптасуы сондай теріс тәрбиеге лайықтанып қалыптасатындығын уақыттың өзі көрсетіп отыр. -“Түбірді тану, отбасылық дәстүрді қадірлеу, халқымыздың өзін-өзі тануында қай уақытта да ерекше орын алған. Ал бүгінгі таңда ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр. Мемлекет пен қоғамның міндеті - отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақты жан-жақты дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау. Ана мен баланы қорғау және қолдау-біздің саясатымыздың басты басымдықтарының бірі,- деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Тәуелсіз елімізде ана мен баланы қорғау, отбасы институтын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ең бастысы-елімізде “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы жыл сайын өткізіліп, онда үлгілі, өнегелі отбасылар дәріптеліп, жас отбасыларға үлгі ретінде насихатталуда. Балалар-өз ата-анасының айнасы. Ата-ана баласын бақытты еткісі келсе де, ол өмірді ата-анасынан көргенімен бағалайды. Отбасындағы берік қарым-қатынас тұлғаның жан-жақты тұрғыдан қалыптасуына, мынау жаһандану заманында көзқарасының беріктігін қамтамасыз етеді. Еліміздің болашақ ұрпақтарын тәрбиелеуде анаға жүктелген міндеттің ауқымды болуы сондықтан. Адам ұрпағымен мың жасайды. Ұрпағының Отаны мен туған жеріне адал қызмет жасайтын, ұлттық құндылықтарын қастер тұтатын, өз халқының өткеніне сыйластықпен қарайтын, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын ұстанатын азамат болып өскендігін барлық ата-ана армандайды. Сол үшін перзентіне барлық жақсысын беріп, білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып шығуы үшін уақытпен санаспай еңбек етеді. Ал ата-ананың үмітін ақтап, жақсы Адам болу-әрбір жасқа тікелей байланысты дер едім. Қазіргі кезде жас ұрпақты ата-ана емес, сандық технология тәрбиелеуде. Кез келген жастағы баланың қолында гаджет. Олар смартфоннан не көріп, не қабылдап жатқанын кейбір ата-аналар бйхабар, қадағаламайды. Мұның соңы жақсылыққа апармайтындығы анық. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілу керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», - деп әл-Фараби бабамыз айтқандай, әрбір ата-ана өсіріп отырған ұл-қызының қателікке ұрынбай, өмірден орнын тауып, жақсы азамат болып өсуі үшін тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырса нұр үстіне нұр болар еді.
Эльанора Қалмахан, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті. |