Онлайн газет



ЖАНЫ ЖАЙСАҢ, КӨҢІЛІ ДАРХАН ЖАН ЕДІ

Қала түбіндегі Сарыкемер ауылында тұратын Байзақ ауданы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры, сырлас досым Сайлаубек Наурызбаевпен кездескен сайын, уақыт тығыздығына қарамай, кейде көсіле әңгіме шертіп, біраздан бері кеудемізге жиналған ой-пікірімізді бөлісетініміз бар еді. Бірде, көгілдір көктемнің шуақты күндерінің бірінде, ол маған жұмысқа соқты. Аман-саулықтан кейін, көктемнің биыл кешеуілдеп жатқанын, көп іске қолбайлау болып тұрғанын айта келе, ол  сөзді  тың бір арнаға бұрды:
- Сонау ертеректе, яғни 1835 жылы орыстың ұлы ақын-жазушысы Александр Сергеевич Пушкин Еділ-Жайық бойын еркін шарлап, біздің еліміздің Орал өңірінде болғаны тарихтан белгілі. Қазақтың қиыр-шеті жоқ жазық кең даласына сүйсіне қарап тұрып ақкөңіл ақын: «Әр қазаққа қырда бір түп ағаш отырғызу міндет етілсе, жапанда орман жайқалар еді-ау!» деп тәтті қиялға берілген екен. Сол дуалы ауыздан шыққан сөз, одан бері жүздеген жылдар өтсе де өз күшін, өзектілігін әлі жойған жоқ. Қазақтың дархан, жазық даласын кезіп жүріп мен Пушкиннің әлгі айтқан сөзін мезгіл-мезгіл еске аламын. Әсіресе табиғаты әсем тау бөктеріндегі өзен-жылғалар бойында орналасқан ауылдардың тұрғындары жылына бір тал ексе бүкіл сол аймақты көкжелекке бөлеп, мәуелі баққа, жасыл дарақты жұмаққа айналдыру тым қиын-да шаруа емес-ау. Тек құнт керек, халықты іске жұмылдыра білетін іскер  азамат керек деп ойлаймын. Ойлап қарасақ, соңғы жылдары осы бір іске мойын бұрмай, өз дәрежесінде көңіл бөлінбей, қамқорлық азайып бара жатқандай. Несін жасырамыз, көктем сайын «шуылдап жүріп», мыңдаған теңгенің қаржысына алынған пәленбай түп тал-дарақты жерге қадаймыз. Бірақ оның басым көпшілігі уақыт келе күтімсіз, қараусыз қалып, жаз келе мүлдем қурап, қадама ағашқа айналады. Тіпті өткен жылы облыс орталығы Тараз қаласына ту сонау мұхиттың арғы бетіндегі Жапониядан алынып келіп, отырғызылған ерекше сәнді гүлімен әлемге әйгілі сакура (шие) ағашы көшетінің көпшілігі күннің ыстығына төтеп бере алмай, ылғалдың кемдігінен қурап-семіп қалды. Күтімсіздіктен қурап тұрған сол мыңдап саналатын ағаштарды көріп көңілім жабырқап, жүрегім ауырады. Сол ағаштарға, көшеттерге бөлінген мол қаржының пәтуасыз желге ұшып, бекерден-бекер рәсуа болып жатқаны жаныма батады. Қазақта «Судың да сұрауы бар» демей ме. Неге онда жыл сайын қайталанып жатқан осы іске біз көз жұма қарап, енжарлығымызды, құнтсыздығымызды білдіреміз?, - деп еді Сайлаубек Есенбекұлы ойын тереңнен толғап.
Мен де әлгі сөзден кейін сәл болса да ой  құшағына беріліп, туған жерін, оның табиғатын жанындай  сүйетін азаматтың жүрекжарды толғанысын ұққандай болдым. Шынында да, біз өз өлкеміздің табиғатын аялап, қадірлеп, оны көркейтуге қолда бар мүмкіншілікті толық пайдаланып жүрміз бе? Қайдам, бұл жайында менде күмән мол. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, табиғаттың байлығын қадірлей алмай, керісінше соңғы кезде оған залал келтіруіміз басымдау болып бара жатқаны мазалайды.
Соңғы кезде Сайлаубек досым табиғатты қорғау, оны қолдау проблемалары жайлы әңгімені көп айтып, тіпті ол үшін бәйек болып, «ішкен асын жерге қоярдай» шыр-пыр болып, күйіп-пісіп жүргенін жиі сезетін едім. Мүмкін ол өзінің атқарып жүрген қызметіне байланысты болар, әлде оның адам да табиғаттың бір перзенті деп ұққаннан шығар деп топшалайтынмын. Әйтеуір туған жердің табиғаты, оның кербез де әсем көркі мен сұлулығы жайлы ол ұзақ-сонар әңгіме айтып, әсерлене толғанудан жалықпайтын.
Осыдан бірер жыл бұрын, мамыр айының ортасында, досым телефон шалып:
- Сағындық бауырым, ертең жексенбі екенін білесің. Қолыңыз бос болса біздің ауылға, Талас өзенінің сағасындағы туған жерім Шаханға барып, емін-еркін таза ауамен тыныстап, аяулы атамекеніме аунап-қунап, қымыз ішіп, қуырдақ жеп қайтайық, - деп ұсыныс жасады.
- Ұсынысыңыз орынды-ақ. Әйтпесе мына қалада жүріп, күнделікті күйбең тіршілікпен кейде жаз бен көктемнің қалай өте шыққанын да сезінбей қаламыз. Оның үстіне Шахан ауылы қаладан тым қашық та емес, барсақ барып қайтайық, - деп келісім бердім.
...Тас жолды жағалай өскен қалың шалғын шөп, даланың жайқалған лала гүлдері, әсіресе бүкіл өңірді қызыл көрпеге орап тастаған қызғалдақтар көз жауын алып, жүрегіңді жиі-жиі қақтырып, көңіліңді толқыта түседі.
- Мен-мына даланың төл перзентімін. Бүкіл балғын балалық шағым, саналы өмірім, бар еңбек жолым, тіпті жеңістерім мен жеңілістерім осы өңірмен тығыз байланысты. Қазақтың «Туған жерге туыңды тік» деген қағидасын өміріне жалау етіп алған азаматтың бірімін десем де болады. Құдайға шүкір, одан жамандық көрмедім, өстім, ержеттім, еліме қызмет еттім, еңбегім еленіп көптің сый-құрметіне, замандас-құрдастарымның абыройына бөлендім. Қай жерде жүрсем де туған ауылым Чапаев совхозының құрамындағы қәзіргі Шахан ауылын естен шығарған емеспін. Бұл ауыл мен үшін қадірлі, киелі, жүрегіме ыстық мекен. Өйткені, осы жерде менің ата-бабаларым, әке-шешем мәңгілік тыныштық құшағында жатыр. Уақыт тауып, балаларым мен немерелерімді анда-санда болса да ертіп келіп, бабаларға құран-дұға оқытып, көзкөрген қариялардың батасын алып тұрамын. Әркім өзінің туған ауылын, атамекенін, ататегін, ағайын-жұртын ұмытпау керек. Бұл - менің санама сына болып қағылған өмірлік қағидам, - деп толғана, іште толқыған мөлдір сезімін сыртқа шығарып, жібектей қоңыр самал ескен, жасыл көктің жұпар иісі аңқыған далаға сүйсіне қарап еді.
Туған ауылын осыншама сүйетін, ардақтайтын, құрметтейтін әлемде екі азамат болса, соның бірі осы Сайлаубек досым шығар деп ойлаймын. Расында да, ол туған ауылы, оның адамдары туралы әңгіме шертсе жүрегі елжірей, ерекше жылы сезімге бөленіп, сағыныштың сарынына түсіп, беріле айтар еді.
- Әкем өмірден ертерек озып, тұрмыс-тіршілік тауқыметі, өмірдің салмағы, жас шиттей бала-шағаны асырап, аяғына тұрғызу ісі марқұм Күлзапіран шешеме ауыр болды, тіпті төзгісіз кездер де болғанын жасырмаймын. Содан да болар мен тез есейдім, жасымнан қызу еңбекке, қара жұмысқа араластым. Орта мектепті тәмамдап, екі жыл жұмысшы болып істеп, қатарымнан қалмай талпынып жүріп Алматыдағы Ауылшаруашылық институтына түстім. Оны 1974 жылы бітіріп, ғалым-агроном мамандығын алдым. Содан кейін туған жерге оралып қатардағы агроном, колхоз басшысы, аудандық ауылшаруашылық басқармасы бастығының бірінші орынбасары, бірнеше совхоздың  директоры қызметін абыроймен атқардым. Ауылдық, аудандық мәслихаттарға депутат болып та бірнеше рет сайландым. Мемлекет жағынан марапаттаулардан да құр қол емеспін. Оған шүкіршілік етемін. Менің білгір маман, білікті басшы болып қалыптасуыма жақын ағайыным, көп жылдар Чапаев совхозын басқарған, Байзақ өңіріне аты белгілі, абыройлы азамат Жоспар Назарымбетов ағам ерекше еңбек сіңірді. Ол кісі өмірден көргені мен түйгені көп, еңбекке әбден төселген, көпшілікке айтар салиқалы ойы бар, парасаты мол, адамгершілік қасиеттері жоғары, білгір басшы, шебер ұйымдастырушы бола білді. Мен сол ағама өмірімнің соңына дейін қарыздармын. Ағаның маған деген қамқорлық іс-әрекеттері еш есімнен кетпейді, - деп Сайлаубек өткен өмір жолынан хабардар етті. 
- Сәке, мектепте оқып жүргенде «Балалар студиясына» қатысып, бірнеше спектакльде басты рөлдерде шебер ойнағаныңыз жайлы құрбыларыңыз әлі күнге дейін аңыз қылып айтып жүреді. Егер агроном болмағаныңызда, жақсы, белгілі актер-артист болып кетер едіңіз-ау. Оған сіздің қабілетіңіз жететініне күмәніміз жоқ. Сол «артистік өміріңіз» жайлы аздап болса да мәлімет бере кетсеңіз жөн болар еді, - деп мен оны тағы бір тың әңгімеге тарттым.
- Әне, осы сендердің білмейтін пәлелерің жоқ. Оны қайдан, кімнен, қашан естіп жүрсің? – деп ол жымиып,  менің жүзіме күле қарап, өзіме қарсы сұрақ қойдыда әңгімесін бастап кетті.
- Ол уақытта халық өнерге көп көңіл бөлетін. Көптеген аудандар мен ауылдарда қоғамдық халық театрлары жұмыс істеді. Тіпті ауыл түгілі, мектептерде де театрлар пайда болды. Сол кездегі мектеп директорының қолдауымен мектебімізде «Балалар студиясы» ашылды. Талапкерлер мол болды. Кішкентайымнан өнерді сүйіп өстім, қолым жұмыстан қалт еткенде домбыра шертіп, «әу» деп ән салатын өнерімнің әлі де бар екенін өзің көріп жүрсің. Әлгі студияда оқушылар күшімен бірнеше спектакль қойып, ауыл мен аудан халқына тамашалаттық. Менің есімде қалғаны Мұхаметқали Хасеновтың «Махаббат неге оянбады?» деген драмасы. Онда мен басты кейіпкердің рөлін сәтті сомдадым білем, көпке дейін көпшілік аузынан тастамай, жыр қылып айтып жүрді. Мақтанғаным емес, студенттік шақта қоғамдық жұмыстарға белсене араластым, соның арқасында жастар арасында беделіміз де жаман болған жоқ. Оған тәуба, – деп ол сөзін түйіндеді. 
- Ия, сөйтіп.., солай.., кезінде артистік жолға түскеніңізде, бүгіндері барлығымыздың мақтанышымыз, жерлесіміз Асанәлі Әшімов ағамыздай болмасаңыз да Тұңғышбай Жаманқұлов сияқты кино мен театрдың шебер актеры болып, көптің көз алдында, елдің қолпаштауына ие болып, «жалыңыз күдірейіп» жүрер едіңіз. Оған өкінбейсіз бе?
- Балалық албырт шақта көңіл асау тайдай тулап, ауыздығын қарш-қарш шайнап тұрған арғымақтай  өрге сүйреп тұратыны белгілі ғой. Ол кезде ғарышкер де болғың келеді, ұшқыш та болғың келеді, генерал да, ғалым да болғың келеді. Бірақ менің жүрегім агрономдық  мамандығын қалады. Оған еш өкінбеймін. «Жер» деген құдіретті  дүниені сүю, оны түрлендіру, гүлдендіру, жасыл-желекке айналдыру баға жетпейтін, ештеңемен бағаланбайтын керемет таңғажайып шаруа. Сол ізгілікті іске атсалысып жүргенімді мен әрқашан мақтаныш етемін. Біле білсек, Табиғат – біздің анамыз. Табиғат көркі жақсарған сайын, адамдардың көңілі тасып, мерейлері өсіп, мейірім-шапағаты еселене түседі. Сондықтан, табиғатты аялап, оған құрметпен, мейірімділікпен қарауымыз керек, - дейді Сайлаубек Наурызбаев ағынан жарылып.
- Мына сексеуілдерді өз қолымызбен осыдан 4-5 жыл бұрын еккен болатынбыз. Басқа ағаштарға қарағанда сексеуіл баяу өседі, әрі ерекше күтімді қажет етеді. Алақанымызбен су тасығандай болып мәпелеп жүріп өсірдік. Қазір, міне, көріп тұрсыздар, қатайып, бойлары көтеріліп, көз қуанышына айнала бастады.  Енді тағы 5-6 жылдан кейін келсеңіздер бұл өңір танымастай өзгереді. Тек, Алла тілсіз жау өрттен сақтасын. Орман мен даланың жауы - өрт. Содан аман болайық, - дейді Сәкең алақанымен жас сәбиді  аялағандай сексеуілдің жасыл шырпысын сипап.
...Қараңғылық қоюлана адамдардың қамқорлығы арқасында сексеуілі мен жыңғылы, мәуелі жидесі мен қоңыраулы шеңгелі жарыса өскен, қалың бидайығы мен өлеңі үп еткен желге теңіздей толқыған, көп сырын ішіне бұққан құмды өлкеден аттандық. Табиғат-Ана келбеті адамдардың қамқорлығы арқасында ажарлана түскендей. Кешкі еркін де ерке самал тынысымызды кеңейте түсіп, қиялымызды қанаттандырғандай болады. Әркім өз ой құшағында келеді. Мен тағы да Сәкеңнің манадан бері айтқан сан қырлы әңгімелерін, салиқалы пікірлерін ой елегінен өткізіп, үнсіз түсініп, іштей саралап келемін. Сайлаубек болса мына қоршаған табиғаттың әсем де сұлу көрінісіне мейірлене қарап, жанары от шашып, жүздері нұрланып, тамаша, аса бір рахат күйде келеді. Не туралы ойлады екен сол сәтте? Кім білсін? Оның көбіне осылай ой үстінде жүретіні бар.
Сәкең мақтарлық, мақтанарлық тұлға болатын. Оның біліктілігі, өмірдің тыныс-тіршілігіне көзқарасы, адами биік қасиеті, туыстары мен достарға деген елжіреген ақкөңілдігі, бауырмалдығы мен кішіпейілділігі, үлкендерге деген ілтипаты мен ізеттілігі, кімге болмасын жақсылық жасауға  ұмтылып тұратын ашық пейілі, жүрегінің тазалығы, ерекше қайырымдылығы мен жомарттығы, жағымды ізгі істердің басында жүретін ұйымдастырушылық қабілеті кімді болмасын тәнті ететін. Оның бойынан әрқашан жақсылықтың нұры, адамгершіліктің мейірлі шуағы, кісіліктің шапағатты сәулесі таралып тұрғандай болатын. Ол қашанда өмірде сырбаз, дегдар мінезінен айныған емес. Ылғи сөзі мен ісі бір жерден шығатын асыл қасиетімен елдің аузында, көптің көңілінде жүрген белді, беделді, жаны жайсаң, пейілі дархан азамат еді.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қағидаға сай, уақыттың қиындығы мен тығыздығына қарамай ол өмірінің соңғы жылдарын ертеректе тұрғызылған бабалары Байзақ датқа кесенесінің тозып, күйреп тұрғанын көріп, оны қалпына келтіріп, жөндеуге (реставрациялауға) көп еңбек сіңіріп, оның төңірегін көгеріштендіруге, көркемдеуге өзінің барынша үлесін қосты, ел батасын алды. Ол өзінің ерекше ұйымдастыру қабілеті арқасында ел арасында, өз ортасының белсенді қайраткер азаматы болып, көптеген игілікті істердің басы-қасында жүрді. Қоғамдық жұмыстардан да шет қалмады. Сондықтан оны ел сыйлап, жерлестері «Байзақ ауданының Құрметті азаматы» атағын беріп, бірнеше рет аудан мәжілісінің депутаты етіп сайлады. «Елге, туған жерге қызмет етуді Сайлаубектен үйрену керек», деген сөздерді көпшілік арасынан аз естімедік.
Сайлаубектің отбасы да өзге замандастарына үлгі-өнеге болды. Аяулы жары Жұпар Ордабайқызы ерінің алаңсыз қызмет істеуіне қолынан келгенше жағдай жасап, үнемі отбасының берекесін сақтап отырды. Үйлеріне бас сұққан кісіге дастархан жайып, шай бермей шығармайтын еді. «Тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай» мәпелеп өсірген ұл-қыздары Гүлнәр (өкінішке қарай, 2020 жылы әкесінің артынан ол да о дүниеге аттанып кетті), Уалихан, Шыңғыс әке мен ана мерейін тасытып, жоғары білім алып, бұл күндері үйлі-баранды болып, жүрек қалауымен өмірден өз орындарын тапқан сүйкімді ұрпақ. Отбасын қуанышқа бөлеп, жүрек жылулығын молайтып, мәртебесін өсіріп бірімен-бірі жарыса, көк құрақтай желкілдеп немерелері өсіп келеді.
Мен Сайлаубек Есенбекұлы сияқты туған жерін, оның табиғатын шексіз сүйген, елін ерекше құрметтейтін, әрдайым халықтың қамын ойлап, мағыналы ғұмыр кешіп, бүгінгі күннің биігінен көрініп жүрген абзал да атпал досым бар болғанына мақтанатын едім...
Өкініштісі, Сайлаубек досым 2020 жылы әлемді үрейлендіріп, тажал оғын сеуіп, елді жайпап келген «короновирус-19» вирустық инфекцияға  шалдығып, 2021 жылы кенеттен көз жұмды. Рухы пейіштің төрінде болғыр Сайлаубек досым Тараз қаласы маңындағы Тектұрмас бейітінде өзінен бұрынырақ  өмірден өткен жұбайы Жұпармен қатар жатыр. Ата-анасының өмірін саналы ұлдары мен немерелері жалғастыруда. Егер кенеттен келген ажал болмағанда Сайлаубек досым бүгіндері мерейлі 75 жылдығын тойлап жатар еді. Әттең, дүние, оған оны жазбады. Сол өкінішті.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы.

Обновлено 09.06.2025 10:42
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1489
mod_vvisit_counterКеше1627
mod_vvisit_counterОсы аптада3116
mod_vvisit_counterӨткен аптада10551
mod_vvisit_counterОсы айда26687
mod_vvisit_counterӨткен айда44721
mod_vvisit_counterБәрі2909558

Серіктестер