Онлайн газет



АДАЛ ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН АБЫРОЙ

Мектеп - тек білім ордасы ғана емес, сонымен қатар мейірім мен тазалықтың мекені. Сол тазалық пен жайлылықтың артында күнделікті көзге көрінбейтін, бірақ аса жауапты еңбек жатыр.  Мәдімар ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте еден жуушы болып еңбек ететін  Ғалия Құрманова өз кәсібін мінсіз атқаратын жан.
Ғалия Бейсеналықызы 1982 жылдың 26 қазанында ауданымыздағы Мәдімар ауылында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы төрт перзентінің күтімімен үйде отырған ол 2017 жылы “Жұмыспен қамту” бағдарламасы арқылы аталмыш мектепке жұмысқа орналасқан. Сол уақыттан бері ол мектептің тазалығына сүбелі үлес қосып келеді.
Күнделікті жұмысы – мектеп бөлмелерін таза ұстау, оқушыларға қолайлы жағдай туғызу. Бұл – бір қарағанда қарапайым жұмыс көрінгенімен, үлкен жауапкершілікті қажет ететін шаруа. Ғалия апайдың өз ісіне үлкен сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен қарайтындығына куә болдық. “Балаларды көрген кезде қуанып, жүрегіме бір жылылық ұялайды”, – дейді ол. Жұмысынан ләззат алатынын да, қиындықтар да болып тұратындығын да жасырмады.
- Өмірлік ұстанымым – адалдық пен шыншылдық. Қай жерде жүрсем де, шындықты жақтаймын,  әділ болуға тырысамын, жұмысымды мінсіз атқаруға күш саламын, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Оқушылардан қарапайым еңбек адамы туралы пікірлерін білуді жөн санадық.
-Ғалия апай үнемі күлімдеп жүреді. Бізге әрқашан жылы сөзін айтады. Кейде қолымыздан ұялы телефон түсіп кетсе де, «абай болыңдар, балам» деп қамқорлық танытып жатқаны. Ол кісіге құрметіміз ерекше,-деді 11-сынып оқушысы Балауса  Жолдасбай.
- Мектепте тазалық пен жайлылық бар болса, соның бәрі Ғалия апай секілді техникалық қызметкерлердің ерен еңбегі деп білеміз. Кейде оқушылар қоқыс тастап кетсе де, қабағын бір шытпай, жинап жатқанын көріп, ұялып қаламыз. Әрдайым оқушыларға айналаны ластамауға, тазалықты сақтау керектігін түсіндіріп жүрген еңбекқорлығына тәнті боламыз,- дейді 10-сынып оқушысы Аяулым Әбдіхалық.
«...Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі»,- деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, адал еңбегінің арқасында түрлі марапаттарға ие болған Ғалия Құрманованың еңбекқорлығы, өз ісіне берілгендігін көпшілікке үлгі етуді жөн санадық.

Әсел Жолдасбай,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 1-курс студенті.

Обновлено 09.06.2025 10:43
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1518
mod_vvisit_counterКеше1627
mod_vvisit_counterОсы аптада3145
mod_vvisit_counterӨткен аптада10551
mod_vvisit_counterОсы айда26716
mod_vvisit_counterӨткен айда44721
mod_vvisit_counterБәрі2909587

Серіктестер