Онлайн газет



КІТАП - САРҚЫЛМАЙТЫН БАЙЛЫҚ

Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы адамның өмір сүру салтына түбегейлі өзгеріс әкеліп отырғаны жасырын емес. Бұл өзгерістер әсіресе жастардың дүниетанымына, білім алуға деген көзқарасына, сондай-ақ кітаппен байланысына тікелей әсер етуде. Кітапты көп оқу -ол  адамның ой-өрісін кеңейтіп, білімін жетілдіреді, сөздік қорын көбейтіп, сөйлеу мәнерін дамытады.
Қазіргі таңда жастардың кітап оқуға деген ынтасының төмен болуына басты себеп – әлеуметтік желілердің ықпалы. “TikTok”, “Instagram” сынды платформалар уақыттың басым бөлігін алып, кітап оқудан алыстатып отырғаны  баршаға аян. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз...»,-дей отырып, кітапханаларды заман талабына сай жаңғыртып, кітап оқу мәдениет қалыптастырудың маңызын, кітапханалар мен кітаптың қоғамдағы орнын тағы да ерекше атап өткенін жақсы білеміз.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен   2025 жыл-“Кітап оқу жылы” деп белгіленіп, осының аясында “Әулиета-кітап оқитын өңір” атты жоба қолға алынды.
Осы  жоба  шеңберінде Байзақ  ауданына қарасты барлық ауылдық округтердегі кітапханаларда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, кітапқа деген қызығушылықты оятуға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Мәселен, Ынтымақ ауылдық кітапханасының  кітапханашысы Ақтолқын  Татыбекованың айтуынша, жыл өткен сайын оқырман саны артып келеді екен.
-Кітапхана – ауылдағы жалғыз мәдени орын. Оқырмандардың негізгі бөлігін 7–11 жас аралығындағы мектеп оқушылары құрайды. Олар ертегі және балалар әдебиетін қызыға оқиды. Соңғы уақытта кітапханаға жоғары сынып оқушылары, ардагер ұстаздар мен зейнеткерлер де жиі келетін болды. Тұрақты оқырмандарымыз Есберген Жұматаев, Назипа Айқожаева және Мағжан Ханатты айрықша атап өткім келеді,-деді Ақтолқын Қыстаубайқызы.
Кітапқа деген ынтаны қалай оятамыз? Сарапшылар бұл бағытта жүйелі әрі кешенді жұмыс қажет екенін алға тартады. Ең алдымен, жастарға арналған заманауи, мазмұны тартымды әдебиеттер тізімі жаңартылып, электронды және аудиокітаптарға қолжетімділік артса, жастардың кітапқа бет бұру ықтималдылығы да артады. Мектептер мен ЖОО-да кітап оқу марафондары, әдеби пікірталас клубтары, авторлармен кездесулер ұйымдастыру да – нәтижелі қадамдардың бірі. Бұған қоса, ата-аналар мен мұғалімдер кітапқа деген сүйіспеншілікті өз үлгісімен сіңіруі қажет.
Кітап – адамзаттың рухани байлығы. Оқырмансыз қоғам – ойсыз қоғам. Сондықтан жас буынды кітаппен табыстыру- ортақ міндетіміз. Ақпарат тасқыны мен виртуалды өмірдің арасында адаспай, кітапқа қайта оралсақ – еліміздің рухани келешегі де жарқын болмақ.

Әсел Жолдасбай,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 1-курс студенті.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1542
mod_vvisit_counterКеше1627
mod_vvisit_counterОсы аптада3169
mod_vvisit_counterӨткен аптада10551
mod_vvisit_counterОсы айда26740
mod_vvisit_counterӨткен айда44721
mod_vvisit_counterБәрі2909611

Серіктестер