Онлайн газет



ТЕРЕҢ БІЛІМ - ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

Аудан әкімі Олжас Баққараев аудан орталығындағы №7 орта мектепте Халықаралық балаларды қорғау күнін өткізу алгоритміне орай «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздарымен кездесті.
Кездесуге аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев қатысты. Кездесуді №1 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Данияр Баймахан жүргізіп отырды.
Аудан мектептерінен жиналған 6-11-сыныптар арасындағы 20 дарынды оқушы алдымен аудан әкімімен бірге Қазақстан Республикасының Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Қазақстан балалары» онкүндігі аясында еліміздің жас азаматтарына жасаған Үндеуін теледидардан көріп, тыңдады. Онда оқу-ағарту министрі оқушылар үшін жайлы орта қалыптастыру-сапалы білім мен саналы тәрбие беру елімізде маңызды міндет болатынын алға тартты.
- Құрметті оқушылар, Сіздер әртүрлі деңгейдегі халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстар, байқаулардың жүлдегері ретінде ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрсіздер. Алда сабақтарыңды жақсы оқып, тәрбиелі азамат болып өсе беріңдер. Алдағы халықаралық балаларды қорғау күні мерекелеріңіз құтты болсын, - деді аудан басшысы Олжас Елебекұлы.
- Мен республикалық Мұқағали Мақатаев атындағы байқаудың екінші, ал «Махамбет оқулары» республикалық байқауының үшінші орын иегерімін. Жақында ғана Атырау қаласынан жүлдемен оралдым. Аталған байқауларға байланысты оқып, жаттаған 30-ға жуық өлеңдерім жүрегімде жатталып қалды. Ал мені осындай байқауларға дайындаған ұстаздарыма, бізге сенім артып отырған аудан басшысы ретінде сізге алғысымды айтамын. Біз сіздердің сенімдеріңізді ақтаймыз, - деді №1 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Ұлпан Сүндет.
Қабылдауға қатысып отырған дарынды оқушылар атынан сөз алған ағылшын пәні бойынша облыстық олимпиаданың жүлдегері, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Даниал Ахмедов уақыт тауып, арнайы келіп кездесіп отырған, аудан әкіміне алғысын білдірді.
- Ұлпанның жақында ғана Атыраудан жүлделі орынмен оралғанын естіген едік. Ал Даниалдың ағылшын тілін жетік білгені қуантады. Тек ағылшын ғана емес бірнеше тілді меңгерген жөн. Ертең шет елдерде оқысандар оның көп көмегі болады. Шет тілін көп білген сайын ондай мамандарға сұраныста артады, - деді аудан әкімі.
Кезек сұрақ-жауапқа көшті. №1, Ғани Мұратбаев атындағы гимназиясы, Бурыл, Көктал орта мектептерінің оқушылары Айғаным Абибулла, Жанасыл Ізбасқан, Балауса Абылай, Катерина Бондарь, Батырхан Боранбек, Нұрай     Дәулет, тағы басқада оқушылар аудан басшысына «Ұстаным дегенді қалай түсінесіз?», «Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?», «Қоғамды ғылымсыз басқару мүмкін бе?», «Мамандық таңдауға қалай қарайсыз?», «Бүгінгі қызметіңіздегі мақсатыңыз қандай?», «Спорттың қай түрін ұнатасыз?», «Жастардың бойында қандай қасиеттер болғанын қалайсыз?, «Өз өміріңіздегі ерекше есте қалған қорқынышты сәттерді білсек?, тағы басқада сұрақтар қойылды.
Аудан басшысы өзіне қойылған сұрақтарға рет-ретімен жауап берді.


- Әр оқушының өз ұстанымы болуы керек. Әркім өз армандарына жету үшін көп ізденуі қажет, ақпаратты мол алғаны жөн. Біздің уақытымызда ақпарат алу үшін үлкен кітапханаларда кітап, газет ақтарып, ұзақ отыратынбыз. Ал қазір интернет, компьютер, әлеуметтік желіден барлығын тауып алуға болады. Ақпарат жинау өте жеңіл.
- Мемлекеттік қызметте болғаннан соң бос уақыт көп бола бермейді. Болған кезде отбасында болып, кітап, газет оқып, балалардың сабақтарын қадағалап, тәрбиесіне мән береміз.
- Қоғамды ғылымсыз басқару мүмкін емес. Бұрын ұялы телефон болмаса, қазір бар. Ғылым даму үшін өздерің секілді білімді жастар көп болуы керек. Сонда ғана білім қарыштап дамитын болады.
- Адам екі нәрседен қателесуге болмайды. Соның бірі – мамандық таңдау. Өзің ұнатпаған мамандықта қызмет етіп, жоғары жетістікке жету қиын. Сондықтанда өз қалауыңмен таңдаған мамандық жеңіске жеткізіп, абыройға  бөлейді.
- Мен қай жерде қызмет етсем де жоғары көрсеткішке жетіп, халықтың көңілінен шықсам, үлкендердің алғысын алсам деймін. Осында келгенде де игілікті істер атқаруды алдыма мақсат етіп қойдым. Ауданға қаржы тарту, кәсіпорындар ашып, халыққа жұмыс тауып беру. Ең бастысы халықтың жағдайын, әл-ауқатын көтеру. Ауылдардағы әлеуметтік мәселелер үнемі назарымда. Міне мына жаңа мектеп былтыр салынса, биыл Сарыбарақ, Аққия ауылдарында да жаңа мектептер салынуда. Мұндай игілікті істер алда да жалғасын таба беретін болады.
- Менде бала болғанмын. Спорт-денсаулық кепілі. Ал өзім футболды жақсы көремін. Жас кезімізде ойнадық та. Испанияның «Барселона» командасындағы Ламин Ямаль қазір әлемдегі ең жас әрі танымал ойыншы болып жүр. Сендерде спортты жандарыңа серік етіңдер.
- Бүгінде балаға көп тиым салынып тасталды. Ал бұл олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуларына кері әсерін тигізуде. Әлеуметтік желініңде кері әсері тиіп отыр. Оған көп еліктемей, газет, кітап оқығандарың дұрыс. Ата-анаға көмектесу, сабақты жақсы оқып, тәрбиелі болып өсіңдер.
- Ерекше қорқынышты есте қалған сәт дегенде алғаш оқуға түскенім есіме түсіп отыр. Тараздағы «Дарын» мектебін бітірген соң Алматыда емтихан тапсырып, Ресейдің Санкт-Петербург қаласында оқуға тура келді. Қазақстанның шекарасынан поезбен өтіп бара жатқанымда ғана «мен қайда барамын» деген қорқыныш болғаны рас. Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларын көргенде қорқыныш бір сәтке сейілді. 15 қабатты жатақхананың 7 қабатына орналасуға барғанда да бойымды үрей билегені бар. Ал мұның барлығы өткінші болып өте шықты.
Оқушылар өздерінің қойған сұрақтарына толыққанды жауап алған соң аудан әкіміне алғыстарын білдірді.
Сұрақ-жауаптан соң аудан әкімі Олжас Баққараев дарынды оқушыларға алдағы уақытта да білім саласында жоғары жетістікке жете берулеріне, мемлекеттік емтихандарын ойдағыдай тапсырып, Ұлттық бірыңғай тесттен жоғары нәтиже көрсетулеріне тілек білдірді. Білім сайысында жоғары жетістіктерге жетіп жүрген дарынды оқушылардың еңбегін бағалай отырып, оларға аудан әкімінің Алғыс хаты мен әкім қолтаңбасы қойылған арнайы кітапты табыс етті, естелік ретінде суретке түсті.

Сүндетулла ӘБІЛОВ.

Обновлено 30.05.2025 12:30
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1569
mod_vvisit_counterКеше1627
mod_vvisit_counterОсы аптада3196
mod_vvisit_counterӨткен аптада10551
mod_vvisit_counterОсы айда26767
mod_vvisit_counterӨткен айда44721
mod_vvisit_counterБәрі2909638

Серіктестер