Онлайн газет



ЫСЫРАПШЫЛДЫҚПЕН КҮРЕС - УАҚЫТ ТАЛАБЫ

“Діни және дәстүрлі рәсімдердегі ысырапшылдықтың қалай алдын аламыз?  Жас ұрпаққа  қандай үлгі көрсетіп, артымызға не қалдырамыз?  Ысырапшылдық пен мақтангершілікке қашан тосқауыл қойылатын болады?
Міне осы мәселелер аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен алқалы жиында сөз  болды.
“Діни және дәстүрлі рәсімдердегі ысырапшылдықтың алдын алу” тақырыбында өткен жиынды модератор, аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов жүргізіп отырды.
Қоғамның ең бір өзекті мәселесін қозғаған жиынды Рүстем Қалмұхамбетұлы кіріспе сөзбен  ашты.
-Жеке бас пен қоғамға ауыр кесірін тигізіп отырған ысырапшылдық - қоғамға кері әсер ететін зиянды әдет. Бұл дегеніміз қолда бар  игілікті шектен тыс шашу, мақтан ретінде көрсету деген сөз. Егер адам қолында барын игілікті іске, қоғам қажеттілігіне, отбасына жұмсаса онда ысырапқа жатпайды. Осыған қатысты «Жақсылық жасауда ысырап жоқ, ал ысырапта ешқандай  жақсылық жоқ» деген бір қанатты сөз қалған екен.
Соңғы кездері діни рәсімдер: марқұмды жерлеу, бейсенбілік,  қырқы мен асын беру,  “Бесік той”, “Тұсау кесер”, “Сүндет той”,  “Тілашар” сынды дәстүрлі рәсімдерді мейрамханаларда жасау бәсекеге айналды.  Отбасылар бір-бірінен қалыспау үшін несие алып, қарыз қамытын киіп жүргендер қатары өсіп келеді.
Ысырапшылдық пен шектен тыс тұтынушылық  ешкімге жақсылық әпермейді. Сондықтан  ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтай отырып, ысырапқа жол бермеу, әр нәрсенің қадірін білу, артық шығын жасамаудың  уақыты келді. Міне осы мәселелерді  көпшілікке  түсіндіру үшін үгіт-насихат жұмыстарын күшейту қажет,-дей келе жиналғандарды еркін пікір алмасуға шақырды.
Ауданның бас имамы Қанат Жұмағұл биылғы жылдың мамыр айында Астана қаласында өткен имамдар форумы аясында “Құдайы аста ысырапқа жол бермеу” атты құжат қабылданғандығын,  аталған бастаманың мақсаты-еліміздегі діни дәстүр мен ұлттық құндылықтарды үйлестіре отырып, қарапайымдылықты насихаттау, қазіргі қоғамда жиі байқалатын ысырап пен әлеуметтік бәсекелестіктің алдын алуға бағытталғандығын атап өтті. Құжатта құдайы ас беру рәсімін шариғат талаптары мен қазақ халқының дәстүрімен үйлестіріп өткізу, артық шығынға жол бермеу, ысырапшылдықты болдырмау секілді қағидалар нақтыланғандығын айтты. Ол сонымен қатар  қаралы үйде шариғатта жоқ амалдар (шеге қағу, бидай шашу) жасауға тыйым салынатындығын, мәйіт шыққан үйде үш күн қазан көтермеу,  бейіт басында шәй, ақша, жыртыс тараптау, ҚМДБ  мақұлданған  құдайы ас мәзірінің бекітілген тәртібі мен мәзірін сақтау, садақа асты қарапайым етіп өткізу, “жалған намысқа тырысып, дастарханды аста төк жасамау” турасында терең мағыналы баяндама жасады.


Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров  дін мен дәстүр егіз екендігін, діни рәсімдерді орындау кезінде ысырапқа көп орын берілетіндігін, бұның кез келген отбасына тигізетін зияны аз еместігін, діни рәсімдерде  ҚМДБ бекіткен ас мәзірін қатаң сақтау керектігін, ысырапшылдықпен бірлесе отырып, күресуге шақырды. Имамдармен қатар әрқайсымызға жүктелген міндеттің ауқымдылығын да айтып өтті.
Базарбай ауылының имамы Ербол Кумбаев өз сөзінде ауылдағы ардагерлермен қоян-қолтық жұмыс жасауының нәтижесінде дүкендерде арақ-шарап сатылмайтындығын, діни рәсімдерді орындау кезінде ысырапқа жол берілмейтіндігін, аталған нәтижеге тұрғындармен жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында қол жеткендігін атап өтті.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев  діни  және ұлттық рәсімдерде біраз өзгерістерге ұшырағандығын, дегенмен ысыраптың алдын алу үшін “мінез танытатын уақыт” келгендігін  айтты.
Жиынды қорыта келе Р.Қасымов ұлттық рәсімдердің астарында үлкен тәрбие жатқандығын, діни және дәстүрлі рәсімдерді орындау кезінде шектен тыс ысырапқа жол бермеу,  “Бесікке салу”, “Қыз ұзату” сынды рәсімдерді отбасында өткерудің маңыздылығына салмақ салды. “Халал” деп өткізіліп жатқан тойларда жасырын ішімдіктер қойылатындығын, жас ұрпаққа қандай үлгі көрсетіп жатқанымыз туралы, маскүнемдіктің салдарынан қылмыс түрлерінің өсіп отырғандығын, облысқа қарасты кейбір аудандарда “Ішімдіксіз ауыл” бірнешеу екендігін, ал ауданымызға қарасты 40 елді мекеннің ішінде  бір ғана - Базарбай ауылы ғана осындай “Ішімдіксіз ауыл” атанып отырғаны барлығымызға сын болып табылатындығын жеткізді.
- Елді мекендердегі дүкен иелерімен сөйлесіп,  олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізейік. Өсіп келе жатқан жастарымыз теріс әдеттен, жаман кеселден, жаман пиғылдан аулақ болуы керек. Осындай жиындарды барлық елді мекендерде өткізіп, ысырапқа жол бермеудің өзектілігін түсіндіргеніміз орынды болады,-деді аудан әкімінің орынбасары.
Жиын соңында ауданның бас имамы Қанат Жұмағұл күн тәртібіндегі мәселеге қатысты қабылданған Үндеумен таныстырды.
Айтулы жиынға Байзақ ауданының имамдары мен дін қызметкерлері,  аудандық ардагерлер кеңесінің ақсақалдары, мәслихат депутаттары, аудандық аналар кеңесінің мүшелері, ауыл, ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ аудан орталығында орналасқан мейрамхана иелері мен аудан асабалары қатысты.

Гүлшахар Әбдіқұлова.

Обновлено 30.05.2025 12:24
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1518
mod_vvisit_counterКеше1627
mod_vvisit_counterОсы аптада3145
mod_vvisit_counterӨткен аптада10551
mod_vvisit_counterОсы айда26716
mod_vvisit_counterӨткен айда44721
mod_vvisit_counterБәрі2909587

Серіктестер