
Жыл сайын 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде әлемнің көптеген елдерінде кеңінен аталып өтеді. Бұл күн – тек балалардың шат-шадыман қуанышы ғана емес, қоғамның олардың болашағына, тәрбиесіне, біліміне деген жауапкершілігін еске салатын маңызды мереке. Кеше Мәдімар ауылындағы “Балдәурен” бөбекжай-бақшасында Балалар күніне арналған мерекелік шара өтті. «Әр бала-жарық жұлдыз” атты тақырыпта өткен шарада бақша меңгерушісі Айман Құрманова сөз сөйлеп, ересектер тобының тәрбиеленушілерін Халықаралық балалар күні мерекесімен құттықтап, мектепте жақсы білім алып, тәрбиелі болуларына
тілектестігін білдірді. Бұдан соң аталған топтың балалары тақпақтар айтып, әуелетіп ән салды, дөңгелене биледі. Ата-аналар атынан сөз алған Күләш Ауғанбаева ұл-қыздарын өз перзенттеріндей көріп, тәрбиелеген тәрбиешілерге алғыстарын айтты. Өз кезегінде тәрбиешілер Гүлдана Зада мен Айнұр Нұрлыбаева балақайларға ақ жол тілеп, мектепке қимастықпен шығарып салды. Қазіргі таңда бөбекжай-бақшада 2 топ, яғни ересек және кіші топтары жұмыс жасайды. Ересек топта 28 бала тәрбиеленіп жатыр, олардың 18-і биыл бөбекжаймен қоштасып, мектеп табалдырығына қадам басқалы отыр. Ал кіші топта 20 бала бар. Балалардың тәрбиесімен айналысатын әдіскер, тәрбиешілері Нұрбала Тулегенова, Айнұр Нұрлыбаева, Қарлығаш Бегалиева, Гүлдана Зада, Нұрбала Мұқан, дене тәрбиесінің жетекшісі Ғани Жақсығұлов, психолог Данымша Мақұлбековалардың еңбегі зор. Жақсы өнерімен танылған балабақша тәрбиеленушілері Көркем Даңғыл, Айару Төлен, Дамина Наржан, Томирис Алтынбек, Алинұр Сырғабайларды атап өтуге болады. Жалпы мекемеде 24 қызметкер жұмыс істейді, қалғаны-техникалық және көмекші қызметкерлер.
Нұрлыбек Абзал, М.Х.Дулати атындағы университетінің студенті. |