
Өткен аптада әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен жыл сайын кеңес жанындағы Билер кеңесінің ұйымдастыруымен дәстүрлі өтіп келе жатқан «Батаменен ел көгерер» атты батагөй ақсақалдардың аудандық байқауы өтті. Байқау басталысымен алдымен оған қатысушы 13 округтен келген 15 қария таныстырылып, сахнадан орын алды. Осы жерде Сарыкемер және Ботамойнақ ауылдық округтерінен екіден ардагер қатысып, бақтарын сынады. Байқауға қатысушылардың ең жасы 66 жастағы Суханбаев ауылдық округінен қатысқан Ғазиз Акипбаев болса, ең үлкені 82 жастағы Көптерек ауылдық округінен келген қария
Мизам Мәделиев болды. Байқауды облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов пен аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов құттықтау сөздерімен ашты. Онда бата беру дәстүрін дәріптеу арқылы кейінгі ұрпақты үлкенді құрметтей білуге, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу, сөз өнерінің құдіретін жете білуді мақсат етіп отырғаны айтылды. Өздерінің ақ батасымен әр шаңырақты жақсылыққа, қуанышқа бөлейтін байқауға қатысушы қарияларға сәттілік тіледі. Байқау өзін-өзі таныстыру, сұрақтарға жауап беру, мақал-мәтелдер айту, бата беру тәрізді төрт аталым бойынша өтті. Алдын ала қарияларға жасырын түрде кезек саны белгіленген. Олар сол бойынша алдымен өздерін таныстырып шықты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров басқарған әділқазылар әрбір қарияның өзін таныстыруы, киімі, сахнада өзін-өзі ұстауын, сұрақтарға берілген жауаптарын назардан тыс қалдырмады. Алғашқы таныстырудан бастап-ақ Диқан ауылдық округінен келген Ерназар Монтыбаев өзгелерге қарағанда өзін ерекше танытты. Бұдан кейінгі ұяшықтан таңдап алған сұрақтары бойынша тұрмыс, салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап беру, мақал-мәтелдерді жалғастыру бойынша Диқан, Мырзатай, Түймекент, Ботамойнақ, Сарыкемер ауылдық округтерінен келген қариялар қойылған сұрақтарға дәл жауап беріп, мақал-мәтелдерді дұрыс жалғастыра түсіп, өз ұпайларын еселей түсті. Шешуші бата беру дәстүрі оңайға түспеді. Мұнда да әркім өздеріне ұяшықтан қойылған батаны беруі тиіс болды. Алайда кейбір қарияларымыз өздеріне тиісті батаны беріп жатса, енді бірі бата беруде ауытқып кетіп жатты. Дегенмен, ас қайыруға, жас жұбайларға, жол сапарға, шілдехана, тұсау кесуге, қыз ұзатуға байланысты баталарды жақсы беріп жатқан қарияларымызда болды. Бата беру сайысында Түймекент, Көптерек, Темірбек, Диқан ауылдық округтерінен қатысқан қариялар өздеріне тиісті батаны дұрыс беріп, көрермендердің көңілінен шықты. Байқау қорытындысында Диқан ауылдық округінен қатысқан Ерназар Монтыбаев жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Ал мырзатайлық Әуезхан Байгелов екінші орынды иеленсе, түймекенттік Ертай Тазабеков үшінші орынды қанағат тұтты. «Қазыналы қария» номинациясын көптеректік 82 жасар Мизам Мәделиев иеленсе, «Жүрек төрінен шыққан бата» аталымына ботамойнақтық Телмағанбет Қайнашев лайық деп табылды. Байқау жеңімпаздарына О.Есіркепов пен Р.Қасымов аудан әкімінің дипломы мен бағалы сыйлықтарды, сондай-ақ басқа да байқау қатысушыларына аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |