
Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «IQ JASTAR» интеллектуалды ойынының финал және премьер-лига кезеңі өз мәресіне жетті. 16 команданың қатысуымен өткен тартысты ойын 6 бөлімнен құралды. Әр бөлім жеті сұрақтан келсе, әр сұрақты ойлануға 30 секунд уақыт берілді. Сайысқа қатысушылар «Қара, оқы, тыңда», «Медиа әлемі», «Спорт әлемі», «Қара жәшік», «Қазақстан», «Х» тақырыбы бойынша өзара кім мықтыны анықтады. Аса тартысты да қызықты сәттерге толы сайыс қорытындысы бойынша финалдық кезеңде бірінші орынға «SQ интеллект» командасы
шықты. Ал, «3+2» командасы жүлделі екінші орынға ие болса, «Өзіміз» командасына үшінші орын бұйырды. Премьер-лига қорытындысы бойынша “Media Group” командасы жүлделі бірінші орынмен марапатталды. Жеңімпаз командаларға кубок, диплом және ақшалай сертификаттарды аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадина Сейтқазина табыстады. “Бегей” сауда орталығының демеушілігімен ынталандыру мақсатында “Dream team”, “Абланов жастары” және “Номад” командаларына ақшалай сертификаттар табыс етілді. Кез келген мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік гүлденуі мен қауіпсіздігі халықтың білімі мен интеллектілік ресурстарымен тікелей байланысты. Интеллектуалды ұлт болу тар шеңбердегі ұғым емес, оның түпкі мақсатында ұлттық негіз, ұлттық рух, ұлттық болмыс жатыр.
 Сандық технология дәуірі қоғам дамуының жаңа талаптары мен міндеттерін алға тартып отыр. Ғылыми-техникалық жетістіктердің көз ілеспес жылдам дамуы қоғамдық сананы түбегейлі өзгертіп қана қоймай, жаңа құндылықтардың пайда болуына негіз болды. Міне, сондықтан бәсекелестік бәйгесіне ілесу үшін интеллектуалды әлеуетті арттырудың маңызы зор. Айтулы іс-шараның негізгі мақсаты - интеллектуалды ортаны қалыптастыру, түрлі мекеме қызметкерлері, жастар және аудан тұрғындары арасында білімге құштарлықты арттыру, бос уақытты тиімді пайдалану, командада жұмыс жасау арқылы мәселені талқылау қабілетін дамыту, яғни, елімізде зияткер буын өкілдерін қалыптастыруға үлес қосу болып табылады.
Нұртас УАЛИЕВ, аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-і ұйымдастыру, бақылау және жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы. |