Онлайн газет



ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ АЛҒАШҚЫ ТҮЛЕКТЕРІ ҰЯДАН ҰШТЫ

Өткен аптаның сенбісі күні еліміздің барлық мектептеріндегідей аудан орталығындағы №7 орта мектебінде де «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында салтанатты жиын өтті. Жиын өткен мектеп ауласы әсем безендіріліп, ертемен мұнда кеуделерін қуаныш кернеген мектеп бітіруші түлектер мен шоқ-шоқ гүл ұстаған ата-аналар, қонақтар жиналды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облысымызда алғашқы болып соғылған мектептегі «Сыңғырла, күміс қоңырау!» салтанатты кешіне жиналғандардың қарасы көп болды.
Биылғы оқу жылын мектептегі даярлық сыныбын қоса есептегенде 731 оқушы аяқтаса, олардың 91-і үздік атанып отыр. Ал аталған мектептің тұңғыш түлектері 14 болса, олардың ішіндегі Ғайни Қайрат мектепті үздік, 12 оқушы екпінді аяқтады. Ал 9-сыныпты аяқтаған 51 оқушының

3-і мектепті үздік бітірді.
Алаңға алдымен білікті ұстаз, педагог-сарапшы Дамира Қонарбаева жетекшілік ететін 11 «А»-сыныптың 14 оқушысы ұстаздарымен бірге салтанатты жағдайда шықты. Олар жыл бойы мектеп намысын абыроймен қорғап, білім, өнер және спорт салаларында жоғары жетістіктерге жеткен мақтаулы түлектер. Содан соң 5-10-сынып аралығындағы мектепті үздік бітіріп, кеуделеріне «Оқу үздігі – 2025» ленталарын таққан «Үздіктер шеруін» шараға қатысушылар ұзақ қол шапалақтаумен қарсы алды.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнімен басталды.
Кеште мектеп оқушылары мен ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен алдымен аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев құттықтады.
-Ауданымыздағы 42 білім беру мекемесінде 2024-2025 оқу жылын 22 429 оқушы аяқтаса, оларға 2 637 педагогтар сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етті. Оқу жылын 43 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісімен, ал 61 оқушы үздік аттестатқа үміткер ретінде ұсынылып отыр.

 


Президентіміздің бастамасымен салынған бұл мектептен 14 түлек өмірге қанат қаққалы отыр. Мектептің 25 оқушысы жыл ішінде әртүрлі деңгейдегі жарыс, байқау, олимпиадалардан жүлделі орындар алып, ауданымыздың абыройын асқақтатты. Енді алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсетіп, өздеріңіз қалаған жоғарғы оқу орнының студенті атануларыңызға тілектеспін. Келешектерің кемел, болашақтарың нұрлы болсын! – деді Нұрболат Серікұлы.
-Кеше ғана мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған бүлдіршіндеріміз енді міне үлкен өмірге жолдама алғалы отыр. Баршаңызды осы айтулы күн-мектеп бітіру мерекесімен құттықтаймын!
Мектеп сіздерге білім ғана беріп қойған жоқ, адамгершілік пен достық, табандылық пен еңбексүйгіштік сияқты асыл қасиеттерге де баулыды. Осы құндылықтарды жүректеріңнің төрінде сақтап, қайда жүрсеңіздер де еліміздің жарқын болашағына өз үлестеріңізді қосады деп сенемін.
Сіздерге ақ жол тілей отырып, оқыған мектептеріңізді, дәріс берген ұстаздарыңызды ұмытпай, үмітімізді ақтаңыздар,-деді мектеп директоры Гүлмира Есентаева.
Бұдан кейін 11-сыныптың жетекшісі Дамира Қонарбаева ата-аналарын  қуаныштарымен құттықтап, шәкірттеріне сәттілік тіледі. Ал ата-аналар атынан сөз алған үздік оқушының әжесі Айгерім Сейтова балаларына жақсы білім беріп, тәрбиелеген ұстаздар қауымына алғысын айтып, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Мектеп түлегі Ернұр Сабыр мен Зарина Орынбасар өздеріне сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздарына алғыс айтып, олардың сенімдерін ақтайтындықтарын жеткізді.
Іс-шара барысында мектеп оқушылары Перизат Юлдаш, Индира Базарбай, Балнұр Өсер, Мадина Аман, Шапағат Әбілқасымдар «Ұстазым», «Қош бол, енді мектебім», «Ұстазым менің», «Түлектер», «Соңғы қоңырау» әндерін әуелете шырқаса, 3-сыныптың оқушылары «Гүлдер» биін дөңгелете биледі.
Кезек соңғы қоңырау соғу құрметіне де келіп жетті. Соңғы қоңырауды аудандық, облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары, 11-сыныптың алдыңғы қатарлы оқушылары Ғайни Қайрат пен Жанболат Давлетов бірінші сыныптың 4 үздік оқушысымен бірге соқты. Бұл қоңырау 11 жыл бойы 20 мыңнан аса соғылған қоңырауға қарағанда үні ерекше, түлектердің жүрегін тебіренткен, аяулы мектеп пен түлектерді қимай қоштастырған, олардың есінде ұзақ сақталатын соңғы қоңырау еді.
Мектеп бітіруші түлектер «Қош бол, мектебім» әнін қосыла орындап, өздерінің алтын ұяларымен қимай қоштасып тұрғанда төбелерінен төгілген алуан түрлі шарларда оларды қимағандай жақсы әсер қалдырды.

Сүндетулла ӘБІЛОВ.

Обновлено 27.05.2025 12:15
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1473
mod_vvisit_counterКеше1627
mod_vvisit_counterОсы аптада3100
mod_vvisit_counterӨткен аптада10551
mod_vvisit_counterОсы айда26671
mod_vvisit_counterӨткен айда44721
mod_vvisit_counterБәрі2909542

Серіктестер