Ақиқат! Не ол? Шындық па? Шындық болса шындықты қалай ұғамыз? Шындық дегеніміз мәңгі болу емес пе? Ал мәңгілік кімге жарасады, тек қана Аллаға. Ақиқат бізде, ақиқат осында деп әркім бұл ұғымды белгілі бір топқа, белгілі бір мекенге, белгілі бір адамның білім деңгейіне сілтейтін болса, онда ақиқаттар мағынаға ауысқаны немесе мазақ түрге айналғаны. Ақиқатты көбінесе бір жақты әрі шектеулі жүйемен түсіндіру нағыз білімсіздіктің төменгі сатысы деп түсінемін. Өйткені ақиқат, адамзаттың адамгершілік құндылықтарын сақтайтын әрі реттейтін бүкіл өмірдің жол кестесі. Мұсылмандарға Ислам дінінің жетегіндегі «мустақим» жолы берілген. Міне нақ осы жол тікелей ақиқатқа жеткізбек. Алланың құзырына апармақ. Ақиқат ішіндегі мәңгілік сыры осында болса керек. Егер шынайы мұсылман ақиқатты білгісі келсе, біріншіден өзін танысын. Әлемге қарасын, ойлансын, зерттесін және білімді өз жауапкершілігіне сай
жетік меңгеруге тырыссын. Құранда былай бұйырған: «Шексіз көк пен жердің жаратылуында, түннің және күндіздің өзгеруінде әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар. Олар тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр халде) Алланы еске алады. Сондай-ақ олар көк пен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың, сен пәксің, бізді от азабынан сақта!». (“Әли Имран” сүресі, 190-191-аят) Бұл аятта бізге беретін негізгі мәселе-ойлану мен ақылын қолдану арқылы әрдайым Алланы еске алу. Сонымен қатар ілімге талпыну. Бір мұсылман ойлану арқылы алдымен өз болмысына мән-мағына береді. Мен кіммін, не үшін осындамын, қайда барамын деген сұрақтар төңірегінде ойланудың маңызы зор. Содан ислам ғылымы негізінде өз білімін жетілдіреді. Әсіресе осы заманда ислам ғылымымен шұғылданып бүкіл адамзаттың өмірін қамтыған ислам дінін біртұтас түсіндіру, өзінің борышы екенін түсіну керек. Ислам дінінің кереметтілігі сонша төрт мәзхабтың ортаға шығуыда тегін емес. Бүкіл әлемге жіберілген ислам діні осы төрт мәзхабтың жүйелі жолы арқылы адамзатқа жол сілтеу болды. Әр елдің жағдайлары, шарттары, және салт-дәстүрі исламмен үндестіріліп шеге қаққандай орнықты. Міне Пайғамбардың әрбір сөзінде, әрбір іс-қимылында жатқан хикметтер өз орнын тапты десек қателеспеспіз. Осы хикметтерді жүйелі түрде реттеген төрт мәзхаб бүкіл адамзаттың өмір тіршілігіне енгізіп «мустақим» жолымен «ақиқат» есігін көрсетті емес пе? Енді Орта Азияға қарайық. Осы топырақтарға сіңген, орныққан мәзхаб ӘбуХанифаның жолы. Сонымен қатар сопылық жолында ұмытпауымыз керек. Сопылық жолындағы төрт деңгейлі жол адамзаттың өмірін қамти отырып, адамгершілік шыңына жетелейтін жол. Нағыз ақиқатқа апарар жол осы. Ол деңгейлер: шариғат, тариқат, мағрифат және ақиқат. Осыны мына бір мысалмен түсіндіріп көрейік. Ислам дінінің бастапқысы шариғат яғни исламның негізгі ілімдер тармағы. Мұны 1-ші сыныптан 11-ші сыныпқа дейін оқитын мектеп ілімімен салыстыра кетсек. Яғни, мұсылман бастапқыда ислам дінінің шарттарын, ережелерін, ерекшеліктерін және қағидаларын жалпы ілім негізінде үйренеді. Кейін екінші деңгейде ұстанған жолымен өзін мамандыққа дайындайды. Бұл университетке түсіп, бір мамандықты таңдағандай. Ілімін тереңдету мақсатымен үшінші деңгейдегі мағрифат болса, заттың перде арқасын көре білу. Бұған докторлық кезеңі деп айтсақ қателеспеспіз. Адамның рухани бойындағы соңғы шыңы ақиқат. Адамгершілік қасиеттермен толыққан кәміл адам. Ендігісі білу емес тек шындықты көру мәртебесі. Бұл да осы дүниедегі профессор, академик дәрежелері. Яғни мұсылманның фәнәфилләһ болуы. Жалғанның ғайып болуы шындықтың көрінуі. Осы салыстырмалы мысалды, түсінікті болсын деген оймен жазып отырмыз. Әр нәрсенің бір сатысы болғандай адамгершіліктің де бір сатысы бар. Сол саты арқылы өзінің қайрат-жігерімен, ілімімен адамгершілік шыңына жетуге ұмтылу керек. Мұсылман діни ілімдерді жартылай біле сала ақиқат мұнда, ақиқат осында деп толыққанды ойламай, ер-тоқымсыз атын ала шауып, діннің бір жағын уағыздаумен бастаса әрине дін мен білімсіздіктің нәтижесінде ортаға шыққан таассуб (көрсоқыр сенушілік) үрдісі пайда болар еді. Мен: «Ақылын қолданған мұсылман басқан топырағына қарап, халқына қарап кейін өзінің реттілігімен бұл дүниедегі біліммен рухани ілімдерді жетілдіре отырып Ислам дінін бір тұтастай түсіндірумен ақиқатқа апаратын «мустақим» жолын көрсете білуі ең абзалы» дер едім. Түйіндей келе қазіргі таңда мұсылманның міндеті-біріншіден өзін тану. Екіншіден ислам дінінің ғылым жүйесімен шұғылдану. Үшіншіден ұстанған мәзхабтың жолымен дінді тұтастай түсіндіру. Төртіншіден сопылық жолындағы төрт деңгейлі рухани ілімдер дариясына сүңгу және өзін «кәміл адам» қатарына бейімдеу. Міне осылардың негізінде біз мұсылмандар ақиқат есігін ашып, нағыз таухид ұғымын түсінген болар едік.
Алмас Құлымбетов, гуманитарлық ғылымдар магистрі, тарихшы, дінтанушы. |