Сапасы бұзылған тағамдарды пайдалану әлі де болса кездесуде. Азық-түлікке ауру тудыратын микробтар түсуі салдарынан адам тамақтан уланады. Тамақтан улану - ауру адамнан сау адамға жұқпайтын, белгілі микроорганизмдердің тірі қоздырғыштары немесе олардың тіршілік өнімдерімен (токсиндері) зарарланған асты тұтынумен байланысты ағзаның әлсіз не айқын улану белгілерімен өтетін ауру. Тамақтан улануды қалай анықтауға болады? - 6-24 сағат ішінде кенеттен басталады; - Санитариялық кемшіліктер жіберілген тағамдық мекемеде әзірленген не таратылған тағаммен
аурудың айқын байланысының болуы; - «Күмәнді азықты» қолданудан алып тастағанда, аурудың таралуы тоқтатылады; - Жанұямен бірігіп не жеке асты тұтынған топ адамдардың бір мезгілде жаппай ауыруы; - Ауру адамнан сау адамға тұрмыстық қатынастарда жұқпауы; - Көп жағдайда улануға балалар мен жасы ұлғайған кісілер сезімтал болып келеді, оларда ауыр ағыммен өтеді; - Микроорганизмдер көбеюінен тамақтың сыртқы түрі, дәмі өзгермейді; Тамақтан уланудың белгілері: құсу, лоқсу, іш аймағының ауыруы, іштің өтуі (ботулизм кезінде іштің қатуы байқалуы мүмкін), дене қызуының көтерілуі, әлсіздік. Тамақтан улануға себепші факторлар: - Микробтармен тұқымданған дайын өнімдер, ет, балық тағамдарын қайта термиялық өңдеусіз пайдалану; -Жарамдылық мерзімі өткен дайын тағамдар мен тез бұзылатын өнімдерді қолдану; - Ас дайындауда жеткіліксіз жылумен өңдеу және дұрыс салқындатпау; - Дайын астың сақтау температурасын қадағаламау; - Ас даярлайтын адамның/қызметкердің қолдарында іріңді жаралар мен жарақаттың болуы; - Ыдыс, құрал-жабдықтардың тазартылуында санитариялық-дезинфекциялық тәртіптің сақталмауы; - Азық-түлікті сақтау және тасымалдау ережесінің бұзылуы; - Тағам дайындайтын адамның/қызметкердің бактерия тасымалдаушы болуы; Тамақтан улану кезінде не істеу керек? - Егер жоғарыда клиникалық белгілер болса дәрігерге барыңыз немесе жедел жәрдем шақырыңыз; - Азық-түлікті сатып алу кезінде азық-түліктің жарамдылық мерзімін тексеріп, мерзімі өткен өнімді алмау.
Роза Пірімқұлова, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары. |