
Өткен аптаның жұмасында аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов ашып, жүргізіп отырды. Алқалы жиында ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев Қазақстан Республикасы Конституциясының, БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, оның маңызы мен міндеті, адам мен азаматтың 40 іргелі құқықтары оларды қорғау және іске асыру тетіктері, сондай-ақ Конституцияда адам және азаматтарға кепілдік берілген құқықтар, «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңның негізгі ережелері
туралы жан-жақты айтып өтті. Сонымен қатар Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілінің функционалдық міндеттері мен атқарылған жұмыстарына тоқталды. -2024 жылдың қорытындысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың Жамбыл облысы бойынша өкілдігімен 211 арыз-шағым қаралды. 2025 жылдың 1 тоқсанында өкілдіктің қарауына барлығы 34 өтініш келіп түсті, оның 27-іне тиісті түсіндірмелер беріліп, 7 қанағаттандырылды.
 Құқықтық ағарту бағытында Өкілмен 62 іс-шара өткізіліп, 4 мақала жарияланып, телеарнада және радиода 3 сұхбат берілді. Өкілмен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында 15 ұсыным енгізіліп, оны бұзған лауазым иелеріне қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді жүзеге асыру туралы 2 өтінішхат жолданды,-деді Еркін Тілешұлы. Бұдан бөлек Еркін Қуанышев облысымыздағы жастар мен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алудың маңыздылығы, ұрпақ алдындағы ата-ананың жауапкершілігі жөніндегі ойымен бөлісті. Әрмен қарай «Медиация институтын ілгерілетудегі ҮЕҰ мен қоғамдық ұйымдардың рөлі» жөнінде Жамбыл облысының ҚХА медиаторы, облыс әкімдігі білім басқармасы жанындағы білім беру ұйымдарының медиаторлар кеңесінің төрайымы Ғайни Көшекбаева баяндады. Баяндамашы медиацияның қоғамдағы рөліне және білім ошақтарындағы медиация кабинеттерінің жұмысына басымдық берді. Жиын соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, жауаптар берілді. Кездесуден соң Еркін Тілешұлы азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау жүргізді. * * * Осындай кездесулер Түймекент және Суханбаев ауылдық округтерінде де өтті.
Өз тілшіміз. |
Обновлено 30.04.2025 11:45 |