
Кешегі Кеңес Одағы кезінде еңбекшілердің ынтымақтастығы күні ретінде аталып өтетін 1-мамыр мерекесі алдымен еңбекшілердің ынтымақ күні, ал ел Тәуелсіздігін алғаннан кейін жаңа мазмұнға ие болып, Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде аталып келеді. Сол ынтымақ пен бірліктің жарқын көрінісі – осыдан 30 жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы болды. Ассамблея еліміздегі тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Соның бір дәлелі
елімізде бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың айқын көрінісі болса керек. Қазақстанда тұратын 130-дан аса ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, Отанымыздың өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлестерін мақтанышпен айтуға болады. Ауданымызда басқа ұлт өкілдері көп шоғырланған 3-4 ауыл болса, солардың бірі – аудан іргесіндегі Қостөбе ауылы. Бұл ауылдағы негізінен түрік ұлты өкілдерінің ауданға келіп қоныстанғандарына жарты ғасырдан астам уақыт болды. Олар бұл уақытта ауданға үйреніп қана қоймай, бүгінде қазақтарға қыз беріп, олардан қыз алып құда-құдандалы болып кетті деуге болады. Аталған ауылдағы Аслан Зулуфовтың әулеті өсіп-өнген жандар. Аслан мен әйелі Мехбуле 1944 жылы қуғын-сүргін кезінде Грузияның Батуми қаласынан Шымкент қаласына көшіп келген екен. Ал араға 20 жыл салып, Қостөбе ауылына келіп тұрақтаған олар бүгінде өмірден өтіп кетті. Ал қара шаңырақтағы ұлы Қадыр мен келіні Құдрет екеуі осындағы бауырларына бас-көз болып, әулетті бір шаңырақ астында ұйыстырып отыр. Қадыр Асланұлы 1952 жылы Шымкент қаласында өмірге келген. 1964-1967 жылдары Н.Крупская атындағы орта мектепте оқып, білім алған. Алғашқы еңбек жолын 1969 жылы слесарь болып бастаған Қадыр 1970-1990 жылдар аралығында бірнеше мекемеде жүргізуші болып еңбек етті. Ал 1990 жылдан бері Қостөбе ауылынан арнайы жер алып, егін шаруашылығымен айналысуда. -Біздің Қостөбе ауылына көшіп келгенімізге 60 жылдан аса уақыт болды. Мұндағы халық бізді алғашқы күннен бастап-ақ жылы шыраймен қарсы алған еді. Енді міне ауылдағы барлық ұлт өкілдері бірге туғандай өсіп-өніп жатырмыз. Менің көршілерім де, достарымда қазақтар. Алғашқы күннен-ақ қазақ тілін үйреніп, осындағы әрбір өтіп жататын іс-шаралардың ортасынан табыламыз, - дейді Қадыр Асланұлы. Басқа туған-туысқандарын айтпағанда Аслан мен Құдреттің өзі екі мәрте қазақтарға қыз беріп, қыз алып, құйрық-бауыр жеген көрінеді. Ал қазақтың тілі ғана емес, басқада салт-дәстүрлерін айтып, көрсеткенде кейбір апаларымыздан артық білетіні байқалады. Қадыр - сауатты, адамгершілігі жоғары азамат. Сондықтанда оған ауыл халқы үлкен сенім артып, ауылдың қауымдастық кеңесінің құрамына ұсынған. Ал ол мұнда ауылдағы өзекті деген мәселелердің шешілуіне өзінің үлесін қосып келеді. Қадыр мен Құдрет қашанда үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсетіп отырған ауылдағы үлгілі отбасылардың бірі. Көршілерінің арасында сыйлы, үлкен беделге ие жандар. Олар еңбек ете жүріп, төрт бала тәрбиелеп, өсірді. Балалары да мәдениетті, ұқыпты, үлкенге көмектесіп, кішілерге қамқорлық жасап отырады. Бүгінде 73 жасқа жетіп отырған Қадыр қария 4 баласынан 20 немере сүйіп отырған бақытты жандар. Немерелерінің алды отау құрып үлгерді. Оларда ардақты әке, қадірлі ана тәрбиесінен шет қалған емес. - “Ырыс алды - ынтымақ” демекші, мен бұл қағиданы ұстанамын. Сондықтанда ынтымақты елді ешкім ала алмайды. Демек, өзім секілді Қазақстан жерінде тұрып жатқан азаматтарға айтарым әрдайым тату болайық. Бүгінгі мереке күні елімізде бейбітшілік, ынтымақ, молшылық пен бақыт тілеймін. Бірлігі мен меймандостығы әлемге танылған еліміздің жемісті де, жеңісті жолдары жалғаса берсін, - дейді Қадыр Асланұлы.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |