Бүгінде ұмытылып тарих қойнауында жатқан хандар мен болыстардың, би мен шешендердің өмір жолдарымен дуалы сөздерін, жырау мен жыршылардың, әнші мен күйшілердің әсем әндері мен күйлерін, батыр мен балуандардың баға жетпес ерліктерін зерттеп-зерделеп халыққа жеткізудің рухани маңызы зор. Осындай күрмеуі қиын, жүгі зіл батпан салмақты және ұлттық ар-намыс сипаты бар іске талғамы терең, білімді, қажымас қайрат иесі, яғни азаматтың азаматы ғана бара алатыны белгілі. Сондай азаматтың бірі және бірегейі ауданымыздағы Сарыбарақ ауылының тумасы Қошан Зарлиев десек қателеспейміз. Қошан Мұстафаұлы 1956 жылы Сарыбарақ ауылында дүниеге келіп, он жылдық мектепті бітіргесін Алматы қаласындағы ауыл шаруашылық институтының жеміс-жидек факультетіне оқуға түседі. Оқу орнынан кейін Алматы облысында шаруашылық бригадирі, агроном, бас маман болып
қызмет етеді. Бала күнінде ақсақалдардың айтатын арғы-бергі тарих, қисса-дастандардан үзінділер, би-шешендердің сөздерін тыңдап, жадында сақтап өскен Қошанның бар зейіні басқа жаққа бұратын да тұратын. Бұдан соң Қошан ауыл шаруашылық жұмысын тастап, ҚР Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясында бөлім бастығы, ал 1999-2001 жылдар аралығында "Қазақтелефильм", "Жаңа ғасыр" студиясында деректі және көркемсуретті фильмдердің продюсері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәрбие бөлімінде бөлім бастығы, журналистика факультеті деканының тәрбие жөніндегі орынбасары, аға оқытушы болып қызметтер атқарады. Ол өзінің Құдай берген қабілетінің арқасында термешілік-жыршылық, әншілік өнерін шыңдап облыстық, республикалық байқауларда бірнеше рет жүлдегер атанады. Оның 1980-90 жылдар аралығында орындаған әндері қазақ радиосының алтын қорында сақталған. Қошан - қазақтың ру-тайпаларын көптомдықтарға жинақтап, жүйелеп жазуды жүзеге асырып жатқан "Алаш" тарихи - зерттеу орталығын құруға белсенді атсалысқан азамат. Осы уақытқа дейін көптомдықтың 25 томы жарыққа шығыпты. Қошанның қазақ киноөнері саласында да өзіндік қолтаңбасы бар. Ол "Жамбылдың жастық шағы" фильміндегі Сарбас ақынның, "Бауыржан Момышұлы" фильмінде Момыштың, "Күлпәш", "Көшпенділер", “Мұстафа Шоқай” көркем фильмдерінде сюжеттік мәні бар кейіпкерлерді сомдаған. Бұдан басқа оның ұлтымыздың тарихындағы жырау, жыршы, термешілердің орындаушылық өнеріне, билердің, шешендердің даналық қызметіне, батырларымыздың ерлігіне арналған "Інжу Маржан", "Терме", "Толғау" атты радиохабарлары халықтың көңілінен шығуда. Атақты ақын-жыраулар, билер, шешендер, батырлар, көркемөнер саласының шеберлері туралы Қошанның авторлығымен дайындалған, өзі жүргізуші болып эфирге берілген 500-ден аса радио очерктері қазақ радиосының алтын қорында сақталған. Оның қажырлы еңбектері еліміз тарапынан ескерусіз қалған емес. “Ақпарат саласының үздігі”, “Қазақ журналистикасының қайраткері”, “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”, “Еңбек ардагері” төсбелгілерінің иегері, Әнуарбек Байжанбаев, Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтардың лауреаты, “Құрмет” орденімен марапатталған. Осындай ерен еңбектің егесі Қошандай азаматтың туған жерінде елеусіз, ескерусіз қалмасын, жерлестері мақтан тұтып, мақтана айтып жүрсін деген ниетпен мамыр айының 7-ші жұлдызы күні күндізгі сағат 10:00-де Тегістік ауылының мәдениет үйінде кездесу ұйымдастырмақпыз. Келіп қазыналы азаматтың ғибратты әңгімесін естиміз дегендерге есігіміз ашық.
Аманғазы ХАЛЫҚОВ, Темірбек ауылдық округі билер кеңесінің төрағасы. Байзақ ауданының құрметті ардагері. |