
Кеше аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков алдын ала дайындалған кесте бойынша Ынтымақ ауылдық округіне қарасты Мәдімар ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Асылжан Құрманов, тиісті бөлім басшылары қатысты. Кездесуді кіріспен сөзбен ашқан Болат Мырзаханұлына ауыл тұрғындары ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды баспасөз беттері мен теледидардан оқып, естіп, көріп отырғандықтарын айтты. Сондықтанда кездесуді бірден сұрақ-жауап тәртібі бойынша өткізуді сұранды. Ауыл тұрғындары үлкен жолдан ауылға дейінгі жол жанынан жаяу жүргінші
жолын салуды, сондай-ақ ауылдағы газ құбырларын ретке келтіру мәселесін көтерді. -Ауыл тұрғындары өте орынды мәселелерді көтеріп отыр. Халықтың қауіпсіздігі үшін екі аралықтағы 1,2 шақырым жерге жаяу жүргінші жолын салу көптен бері көтеріліп келеді. Бұған дейінде бірнеше рет сұраныс жасалған. Ал газ мәселесіне келсек ауылдағы жаңадан соғылған үйлер мен көшіп кетіп, бос қалған үй газдарын ретке келтірген жөн. Сондай-ақ газ құбырларының жартысынан көбі сырланбаса, сырланғандарының сыры кете бастаған, - деді округ әкімі Мейірбек Ноғаев. -Ұлы Жеңістің 80 жылдығы жақындап келеді. Бұған дайындық ауылда жақсы дәрежеде жүргізілуде. «Азалы ана» ескерткіші бой көтерген алаң төсеніші жаңартылды. Басқада жұмыстар жасалуда. Алайда осы алаң маңайындағы бағаналарда жарық жоқ. Кейбір бағаналарды ауыстырып, жарық қойса, алаң түнемеге жарқырап тұрар еді, - деді ауыл тұрғыны Рысбек Қосыбаев. Сондай-ақ ауылдағы сиыр малын қолдан ұрықтандыру мәселесі де көтерілді. Халық сұранысын мұқият тыңдаған Болат Мырзаханұлы көтеріліп отырған мәселенің барлығы да орынды екендігін айтты. Бұл мәселелер аяқсыз қалмай хаттамаға жазылып, оның орындалуы бойынша тиісті мамандарға нақты тапсырмалар берілетінін жеткізді. Сондай-ақ ол Ынтымақ ауылы аудандағы ең үздік, таза да, көрікті ауылдардың бірі екендігін атап өтті. Ал бұған округ әкімі Мейірбек Ноғаевтың қосып келе жатқан еңбегі көп екендігін айтты. Алдағы мамыр айында өтетін округ әкімі сайлауына ұйымшылдықпен қатысып, әркім өз таңдауларын жасауы керектігіне тоқталды. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Дәулетов ауылдың тыныс-тіршілігінің жақсы екендігін айта келіп, алдағы сайланатын әкім ауылдағы жақсы істерді жалғастырады деген үмітте екенін білдірді. Кездесуден соң Болат Сағынбеков бірнеше азаматты өздерінің сұраныстары бойынша жеке қабылдады.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |
Обновлено 25.04.2025 11:28 |