
Ұлттық кітап оқу күніне орай, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің ұйытқы болуымен “Байзақ елі қаламгерлерінің қарымы» тақырыбында өткен шараны аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов құттықтау сөзбен ашты. -Елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, халықтың оқу белсенділігін арттыру мақсатында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық кітап күнін» белгілеу туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай 23 сәуір - «Ұлттық кітап күні» болып белгіленіп, биыл алғашқы рет тойланып отыр. Кітап - білімнің кілті, ақылдың шырағы, кітап оқыған озады» деген қанатты сөздер бар. Өмірдегі бар жетістіктер кітап оқумен
тығыз байланысты. Байзақ өңірі шығармашыл да талантты тұлғаларға толы. Мәселен, жазушы, көсемсөз шебері, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Жамбыл облысы және Байзақ ауданының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосынның туындылары әлі талай ұрпаққа рухани азық болатындығы ақиқат. 16 сәуірден бастап елімізде, соның ішінде ауданымызда рухани құндылықтарымызды насихаттау, кітап оқитын азаматтардың санын арттыру, кітаптың маңыздылығын кейінгі ұрпаққа дәріптейтін іс-шаралар көптеп өтуде. Мерекенің мақсаты – кітап оқу мəдениетін қалыптастыру, оқырманның оқу белсенділігін арттыру, кітапқа жəне кітап оқуға деген қызығушылықты ояту болып табылады. Барлықтарыңызды айтулы мерекемен құттықтаймын. Ауданымызда кітапқұмарлар қатары көп болсын,-деді Рүстем Қалмұхамбетұлы.
 Бұдан соң “Amanat” партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева аудан топырағынан шыққан әрбір ақын, жазушылар үлкен тұлға, ал кітапқа деген қызығушылық пен оқу мәдениетін нығайту, жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін оятудың өзектілігін тілге тиек етті. Ақындар Асан Әлмақашұлы сандық технология үстемдік алғанымен қағаз нұсқадағы кітаптарды оқу ерекше әсер сыйлайтындығын жеткізді. Перизат Оспанова жастарды кітаппен дос болуға шақыра отырып, “Әнді сүйем” атты өлеңін оқып берді. Жанатбек Тұрғынбаев кітап оқу арқылы адам рухани өсетіндігін атап өтті. Ұзақ жылдардан бері кітапты үзбей оқып келе жатқан 80 жастан асқан, сарыкемерлік Орынкүл Кенжебекова кітаптың құндылығы турасында ойымен бөлісіп, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Фаризаға» әнін әуелете шырқады. Бұдан кейін жүргізушілер ауданымыздан шыққан ақын-жазушылар Арғынбай Бекбосын, Жақсылық Сәтібеков, Асылхан Рахманов, Қайыпназар Шотбасов, Асан Әлмақашұлы, Қасқырбай Нарбатыр, Жанатбек Тұрғынбаев, Ғайни Әлімбекқызы, Нәзира Бердалы, Перизат Оспановалардың өміржолы мен туындылары туралы слайдты пайдалана отырып, ақпарат берді. Мектеп оқушылары Алина Өмірбай Арғынбай Бекбосынның “Тақ пен зындан”, Сымбат Лес Перизат Оспанованың “Қазақстан-гүл мекен”, Гүлім Түймебай Қасқырбай Нарбатырдың «Өмір-өзен», Ақбаян Ақтан Ғайни Әлімбекқызының «Өлең қайда, мен қайда?», Айзере Әбдіқали Жанатбек Тұрғынбаевтың «Шынар, дыбыс», Мағжан Қанат Асан Әлмақашұлының “Мақтаныш” және Перизат Оспанованың “Табиғат” жырларын мәнеріне келтіріп оқыды. Мерекелік кеш әнмен, жырмен әрленіп отырды. Перизат Оспанова гитарамен «Ғажап адам әкешім» атты әнін орындаса, ҚР-ның мәдениет қайраткері Алмахан Исабаев Қасқырбай Нарбатырдың «Сарыкемерім», аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің әншісі Марал Жанбаева «Налыма сен» атты әндерді тамылжыта орындады. Кітапхана қызметкерлері атақты жазушылардың кітаптарын қолдарына алып, кітап туралы ән шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов кітапқұмар әжей Орынкүл Кенжебековаға, тұрақты жас оқырмандар Жалғас Жылқыбай мен бурылдық Ақбаян Ақтанға баспадан шыққан жаңа кітаптарды табыстады. Сондай-ақ ауданымыздың кітапханасына келіп түскен жаңа кітаптарға библиографиялық шолу жасалынды. Аудандық орталықтандырылған кітапхананың тарихы, жергілікті қаламгерлердің кітаптарын басып шығару ісі мен кітапхананың бүгінгі кітап қоры туралы ақпараттар берілді. Шараға қатысқан мектеп оқушылары, жастар, №3 Байзақ колледжінің студенттері кітап оқуды насихаттайтын осындай шаралар көптеп өтсе деген ұсыныстарын айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Айрықша атап өтетін жайт, ғимарат алдында қаламгерлердің кітап инсталляциялары мен кітап көрмесі келушілерге ерекше әсер сыйлап, естелік үшін суретке түсіп жатты.
Өз тілшіміз. |