Онлайн газет



ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАНДАР

Биыл Ұлы Жеңіс мерекесін 80-ші рет тойлағалы отырмыз. Биік таулардың алыстаған сайын асқақтай беретіні сияқты Жеңіс күні бізден неғұрлым алыстап, тарих қойнауына енген сайын оның мән-мағынасы арта беретін болады.
Туған жері мен Отаны үшін, келешек ұрпақтың бақыты үшін қолына қару алып, майданға аттанған ерлердің бірі-Жаңбырбай Өміралиев еді.
1910 жылы ауданымызға қарасты Жаңатұрмыс ауылында туған ол жастайынан білімге құштар болады. Етінің тірлігінің арқасында білім алып, ауыл жастарының басын біріктіріп, арналы істерге жұмылдыра білген ол 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде майданға сұранып барады. Сталинград түбінде қиянкескі шайқасқа қатысып, ауыр жараланады. Омск, Томск қалаларында госпитальда емделе салысымен майдан даласына қайта жіберіледі. Пулеметші болып, талай жауды жер жастандырған ол туған жерге 1946 жылы оралады.
Соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жолында күн, түн демей еңбек етіп, егіс бригадирі, кейіннен су мұрабы міндетін ұзақ жылдар бойы атқарады. Еңбек майданында шыңдалған Жаңбырбай ағамыз 1967-1968 жылдары Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктер көрмесіне екі рет қатысып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Ұлы Отан соғысының 10, 20, 30, 40 жылдық, СССР-дің 60 жылдық медальдары, сондай-ақ, бірнеше Құрмет грамотасы, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған Жаңбырбай Өміралиев облыстық кеңестің депутаты болып сайланған.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ердің еңбегін қастерлеген ауылдастары Жаңатұрмыс ауылындағы орталық көшені Жаңбырбай Өміралиев есімімен атап, оның әруағына құрмет көрсетті.
Соғыс ардагерінің зайыбы Жұмакүл де тылда аянбай тер төгіп, Жеңісті жақындатуға үлес қосқандардың бірі. 1938 жылы Шымкент қаласындағы ауылдық кеңес қызметкерлерін дайындайтын бір жылдық арнаулы курсты бітіреді. 1941 жылы колхозшылар оны бірауыздан колхозға бастық етіп сайлап алады. Ауыл әйелдерінің ішінен шыққан өте сауатты, оқыған Жұмакүл 1943 жылы Жаңатұрмыс ауылдық кеңесінің бірінші төрайымы болып тағайындалады. Соғыстың алғашқы екі жылында ауылда қалған балалар мен әйелдер, қарттарды «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен еңбек етуге жұмылдыра білген ол соғыс жылдары елін жаудан қорғаудан қашып жүрген қашқындарды құрықтау тобындағы бес адамнан құрылған шағын топтың құрамында болған жалғыз әйел ретінде тарихта қалды. Көзсіз ерлігі үшін Жұмакүл ана арнайы медальмен наградталған. 1954 жылдан партия ұйымының хатшысы, кейіннен ферма меңгерушісі міндеттерін жемісті атқарған ол Қазақ ССР Советінің депутаты болып сайланған.
Ең қызығы, соғыс жылдарында Жұмакүл апаның бастамашылдығымен жаңатұрмыстықтар Мәншүк   Мәметова атындағы танк жасауға 25000 сом қаражат жинап, генерал-полковник Рыбалконың әскеріне жіберуін сұранып майданға хат жіберген. 1945 жылы 19 қаңтарда майданнан генерал-майор Липолиевтің атынан шаруашылық басшыларына олар жіберген қаражаттың жауға оқ болып атылғаны туралы хабар келген.
«Еңбек ардагері» және басқа да медальдармен сондай-ақ, Құрмет грамотасымен, бірнеше Алғыс хатпен марапатталған Жұмакүл Өміралиева зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардың көшбасында жүрді. Бірнеше жыл бойы халық қалаулысы болған абыз ана 1999 жылы өмірден қайтқанымен ел есінде нағыз еңбектің майталманы ретінде қалған еді.
Сол бір жылдар барған сайын алыстап барады. Майдан мен тылдың аты аңызға айналған ерлері арамызда болмағанымен олар жасаған ерлікті ешуақатта тот баспайтындығын уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Жылдар жылжып өтуде. Ұрпақ алмасуда. Алайда соғыс және еңбек ардагерлері Жаңбырбай ақсақал мен Жұмакүл апа өмірден өтсе де олардың елді қорғау, туған ауылын көркейту жолындағы еңбектері ел есінде сақталатын болады. Қос қарияның ұрпақтары бүгінде өсіп, өркен жайған. Жалғыз ұлы Нұрбай-зейнеткер,  келіні Бақыт-ұстаз. Немерелері Жанна мен Нұржан-Астана қаласында әскери қызметкерлер, Нұрханы-аудандық емханада рентгенолаборант. Жанерке- Шымкент қаласында онкологиялық ауруханада білікті дәрігер. Олардан тараған немерелер ашық аспан астында бақытты да алаңсыз ғұмыр кешуде. Осылайша асыл жандардың екінші өмірі жалғасын табуда.

Өз тілшіміз.

Обновлено 25.04.2025 11:24
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1203
mod_vvisit_counterКеше1566
mod_vvisit_counterОсы аптада2769
mod_vvisit_counterӨткен аптада10442
mod_vvisit_counterОсы айда19178
mod_vvisit_counterӨткен айда47003
mod_vvisit_counterБәрі2855753

Серіктестер