
Өткен аптада аудан әкімі Олжас Баққараевтың халықпен кезекті кездесуі шалғайдағы Кеңес ауылында жалғасты. Ауылдағы жаңадан пайдалануға берілген ауылдық клубта аудан әкімімен кездесуге келген халықтың қарасы көп болды. Кездесуді ашқан аудан басшысы Олжас Елебекұлы алдымен ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы айта келіп, халықтың келісіміне қарай кездесуді еркін форматта сұрақ-жауап ретінде өткізді. Ал бұл жазып алған цифрларды мүдірмей оқып шыққаннан көрі әкімге де, оны тыңдап отырған халыққа да
пайдалы еді. Кездесуде ауыл тұрғындары алдымен көпке ортақ ауылдағы ағын су, ауыз су және Шахан ауылына бұрылыстан Кеңес ауылы арасындағы автокөлік жолын жөндеуге байланысты өтініштерін айтты. Бұл мәселелерге аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары нақты жауаптар берді. Нақтырақ айтсақ, «Өтеміс» каналы арқылы ауылға егін суы келетін «Кеңес», «Тәжібай», «Құмбел» кіші каналдары келер жылы жөндеуден өткізілетіні, ал автокөлік жолы бойынша облыстық басқармаға ұсыныс жолданғаны айтылды. Ауыз суға байланысты жарық болмаған кезде ауыз судың тоқтап қалатындығына байланысты нақтылау жұмыстары жүргізілуі керектігі ескертілді. Жиында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін ұзақ жылдар басқарған Бекжасар Ермағанбетовке аудан әкімінің Алғыс хаты табысталып, құрмет көрсетілді. Алдағы уақытта бұл қызметті атқару ауыл ардагері Ғалымжан Ақбердиевке жүктелді. Жиын соңында ел ағасы Маратжан Юнусов аудан басшысына өзінің ағалық ізгі тілегін жеткізді. Халық тарапынан қойылған кейбір сұрақтар мен ұсыныстар зерделеніп, заң аясында шешімін табатыны айтылды. Ал кейбір өтініштерді шешуге байланысты ауыл әкіміне нақты тапсырмалар берілді. Кездесуден кейін аудан әкімі О.Баққараев бірнеше азаматты өздерінің жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Өз тілшіміз. Кеңес ауылы. |
Обновлено 22.04.2025 11:06 |