
Аудан әкімі Олжас Баққараевтың қатысуымен өткен аппараттық кеңесте өртке қауіпті кезеңге дайындық жайы және мамыр айында өтетін мерекелік іс-шаралардың барысы қаралды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Болат Амиралиев баяндама жасады. -17 ауылдық округтерде жеке құрамы 119 адамнан тұратын 17 ерікті өртке қарсы құрылымдар, сондай-ақ, Түймекент және Кеңес ауылдарында өрт бекеттері құрылған. Құрылған өрт бекеттері техникамен, жеке құраммен және құрал - жабдықтармен толық жабдықталған. Ауданда құрылған ерікті өртке қарсы құрылымдардың өртке қауіпті маусымға дайындығын Департамент тарапынан тексеріс жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер, атап айтқанда
ауылдық округтерде еріктілердің санының аздығы және арнайы өрт сөндіру киімдерінің жетіспеушілігі анықталды. Бұдан бөлек аудан аумағындағы 1532 өрт гидрантының 367-сі жаңартуды қажет етеді. Жыл басынан аудан аумағында 26 жану оқиғасы орын алды. Бұған жол берген 21 тұлға ҚР ӘҚБтК 410-бабына сәйкес «ескерту» түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 20 наурызында Диқан ауылдық округінде орналасқан «Алди и К» ЖШС қоқыс полигонында орын алған жану бойынша ҚР ӘҚБтК 336-бабына сәйкес 200 АЕК 786 мың 400 теңге айыппұл салынды,-дей келе өртке қауіпті кезеңнің қауіпсіз өтуіне, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Баяндамадан соң Олжас Елебекұлы жарамсыз өрт гидранттары кезең-кезеңімен жаңартылатындығын айтып, Төтенше жағдайлар бөлімі мен «Байзақ су» мекемесімен бірлесе отырып, жұмысқа жарамсыз, ең қауіпті өрт гидранттарын зерделеуді тапсырды. Түймекент пен Суханбаев ауылдық округ әкімдерінен баяндамада атап өтілген кемшіліктердің себебін сұрады. Ал екінші мәселе - “Мамыр айында өтетін мерекелік іс-шаралар туралы” аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадина Сейтқазинаның баяндамасы тыңдалды. Мадина Ерғалиқызы мамыр айындағы ең басты мерекелер-Қазақстан халқының бірлігі күні, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында 100-ден аса іс-шаралар жоспарланып отырғандығын, сондай-ақ, елдімекендердегі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған 19 ескерткішке жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесіне басымдық берді. Сондай-ақ “Жұмысшы мамандықтар жылына” орай жоспарланған шараларды да айтып өтті. Жиын соңында Бурыл және Суханбаев ауылдық округтерінің әкімдері Ерлан Әшірбеков пен Абдулмұрат Мәдібаев көктемгі тазалық жұмыстарына қатысты орын алған кемшіліктерді жою бағытындағы қолға алынған тірліктер, жергілікті салық түсімдерімен қатар округ бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Аудан әкімі О.Баққараев қос әкімнің есепті баяндамасында хаттамалық тапсырмалардың орындалуына зерделеу жұмыстарын жүргізуді аппарат басшысына жүктеді. Жиын қорытындысы бойынша аудан басшысы жауаптыларға күн тәртібіндегі мәселелерді назарға алып, орындау бойынша нақты жұмыстар тапсырды.
Өз тілшіміз. |
Обновлено 18.04.2025 11:31 |